Еңбек адамы

«Жұмысшы мамандықтары жылы»: Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде қандай жұмыстар атқарылуда?

Президенттің бастамасымен жарияланған "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің түлектеріне деген сұраныс айтарлықтай өсті, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұған дәлел, оқу орны еңбек нарығындағы әріптестігін кеңейтіп, кәсіпорындармен жасалған меморандумдар санын 125-ке жеткізген. Соның нәтижесінде 2024-2025 оқу жылында колледжді аяқтаған 848 түлектің 86 пайызы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған.

Сонымен қатар бүгінде колледж оқу бағдарламасына бизнестің сұранысына бейімделген, тәжірибеге негізделген білім беру жүйесін енгізуде. Бұл туралы оқу орнының директоры Асхат Картаков Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бүгінде колледжде 2 600-ге жуық студент 30-дан астам мамандық бойынша білім алуда. Олардың ішінде 1 500-ге жуығы жұмысшы мамандықтар бойынша оқып жүр. Ерекше атап өтерлігі – студенттердің басым бөлігі дуалды оқыту жүйесі негізінде дайындалады. Бұл жүйе теория мен практиканы тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді: оқу уақытының 40%-ы колледжде, ал 60%-ы нақты өндіріс орындарында өтеді.

Колледждің техникалық базасы да жыл сайын жаңартылып келеді. Заманауи зертханалар, өндірістік тренажерлар, интерактивті құрылғылар студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға сеп болып отыр. Робототехника, IT және автоматтандыру бағыттарында бірқатар заманауи құрылғылар жеткізілді. Бұл жастардың ғылыми-зерттеу мен инженерлік ойлау қабілетін дамытуға жол ашуда.

Сондай-ақ, колледж студенттері осындай заманауи техникалық базаның арқасында түрлі жарыстарға қатысып, жетістікке жетуде. Мәселен, WorldSkills чемпионатының аймақтық кезеңінде он тоғыз құзыреттілік бойынша жарыс өткен. Соның ішінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің он бір студенті алтын жүлдеге ие болған. Олардың тоғызы енді республикалық кезеңде облыс намысын қорғамақ.

Айта кету керек, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Жас маман» жобасына қатысып, еліміз бойынша іріктелген 180 үздік колледждің қатарына енген. Бұл мәртебе оқу орнының техникалық мүмкіндіктері мен білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.


Колледж тек республикалық қана емес, халықаралық серіктестік бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда оқу орны Қытайдың Сиань қаласындағы химиялық колледжімен меморандумға қол қойды. Бұл келісімнің негізінде қос дипломды білім беру жүйесі іске аспақ. Жоспарға сәйкес, студент үш жыл бойы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқып, соңғы оқу жылын Қытайда жалғастырады.

Қорытындылай келе, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі — заманауи білім беру, кәсіби тәжірибе мен халықаралық серіктестікті үйлестіре отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлайтын жетекші оқу орны. Елдегі жұмысшы кадрларға деген сұраныс артып отырған кезеңде мұндай колледждердің рөлі бұрынғыдан да маңызды.