Жаңалықтар

Жамбыл облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесіне байланысты кеңес өткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген болатын, деп хабарлайды arainfo.kz сайты prokadry-ға сілтеме жасап

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл зерделеу тобы құрылып, өңірдегі барлық колледж студенттері мен жоғары сынып оқушыларынан сауалнама жүргізу басталды. Оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар жедел қабылданатын болады.

Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 523 мектептің 8-11 сыныптарында оқитын 73 мыңнан астам оқушы және 42 колледждің 28 мыңнан астам студенті сауалнамамен қамтылады. Сонымен бірге арнайы тәрбие сағаттары, балалармен жиналыстар, түсіндіру жұмыстары, ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылуда.

Зерделеу топтары өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіруге, тәрбие жұмыстарын күшейтуге бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыратын болады.

Топ жетекшілері ретінде Тараз қаласы және аудан әкімдері жауап береді.

Зерделеу топтарының құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым, психолог-педагогтар, қоғамдық кеңес пен ата-аналар комитетінің мүшелері енген.

Сонымен қатар облыс аумағында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүруін қадағалау бойынша рейдтік шаралары күшейтілуде.