Қасым-Жомарт Тоқаев иудаизм ұйымының өкілдерімен кездесті
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің бас ашкеназ раввині Кальман Бермен, бас сефард раввині Давид Йосефпен және Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы төрағасының орынбасары Малькольм Хонлайнмен кездесті.
Мемлекет басшысы меймандардың форумға қатысуы елдер арасындағы мәдени-рухани байланыстарды нығайтуға сеп болатынын атап өтті. Ол Қазақстан халқы түрлі діндерді ұстанатынын, олардың ішінде иудаизмнің орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ еврей ұйымдарының Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытуға қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев раввинат өкілдерінің адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттау жолындағы дінаралық диалогқа белсенді атсалысатынына сенім білдірді.