Сәтжанов шәкірттері сенімді ақтады
Жексенбіден дүйсенбіге ауған түні 10 күн бойы спортсүйер қауымды көгілдір экранға телмірткен бокстан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында«World Boxing» әлемдік бокс ұйымының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеде 68 елден келген 554 былғары қолғап шебері жүлдеге таласты. Ал жаһандық додада еліміздің намысын 20 спортшымыз қорғаса, 8-і финалда өнер көрсетті. Ендеше Қазақстан құрамасы үшін табысты болған әлем біріншілігінің финалдық жекпе-жектеріне қысқаша шолу жасап өтсек...
Рингке бірінші болып Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай шықты. Лилла Селецки, Ханна Охота, Сабина Блбокулова сынды саңлақтарды жарыс жолынан шығарып, ақтық кезеңге алқынбай жеткен Назымның финалдағы қарсыласы үнді спортшысы Минакши Минакши болды. Сымдай тартылған Минакши де мықтылардың сойынан екен. Атағынан ат үркетін отандасымызға қарсы лайықты қарсылық көрсетіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Назым әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанағат тұтты.
50 келідегі Санжар Тәшкенбай финалдық бәсекеде Моңғолия спортшысы Алдархишиг Баттулгамен жұдырықтасты. 3 раунд бойы әбжіл қимылымен, көз ілеспес жылдамдығымен қарсыласын әбден әуреге салған Санжар айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп: 5:0.
Санжардың ізін ала шаршы алаңға көтерілген Махмұд Сабырхан да жеңісті жолды жалғастырды. Финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырып келген Махмұд испаниялық боксшы Лозано Серраноны қуып жүріп сабады. Гонг үні естілген беттен алға ұмтылған отандасымыз қарсыласының адымын аштырмай, шын мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұрымды былғары қолғап шеберлері де білгенінен жаңылмады. 51 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Алуа Балқыбекова түркиялық тәжірибелі боксшы Буси Наз Чакыроглудан айласын асырды. Токио және Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Буси Наз да алтыннан алқа тағыну үшін аянып қалмады. Алайда бабы мен бағы келіскен А.Балқыбекова білгенінен жаңылмай, жеңісті жұлып алды.
Қазақтың қайсар қызы Аида Әбікеева болса өзбек қызы Навбахор Хамидованы қапы қалдырды. Навбахор 3 раундта да белсендірек болғанымен, соққылары ауа қармап қалып жатты. Қорғаныста да көп қателікке бой алдырды. Сондықтан да ақтық айқас қорғаныста да, шабуылда да сауатты өнер көрсеткен Аиданың пайдасына шешілді.
70 келіде сынға түскен Төрехан Сабырхан да ел сенімін ақтады. Жеңіске деген құлшынысымен, шаршы алаңдағы шеберлігімен жанкүйерлердің жүрегін жаулаған Төрехан финалда жапониялық боксшы Севон Оказаваның осал тұсын таба тілді. Жерлесіміз 3 раунд бойы қарсыласының еркін көсілуіне мүмкіндік бермей, 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша Англияда ағайынды Сабырхандардың айы ойыңан туып, бір әулеттен екі әлем чемпионы шықты.
Кешкі сессияда өнер көрсеткен Наталья Богданова Аустралия өкілі Лекейша Перголитиді қарсылас құрлы көрмей, қоржынымызға тағы бір алтын жүлдені салды. Айта кетейік, Наталья Богданова 70 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған алғашқы отандық боксшы.
10 күнге созылған әлем чемпионаты алыптар айқасымен түйінделді. Шаршы алаңға көтерілген аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай мен өзбекстандық Жахонгир Зокиров жаһандық доданың алтын жүлдесі үшін жан алысып, жан берісті. Алғашқы екі раунд Жахонгирдің басымдығымен өткенімен, шешуші үшінші раундта Айбек қазақ жігітіне тән қайтпас қайсарлығын көрсетіп, жекпе-жектің тағдырын өзгертіп жіберді. Қорытынды есеп: 3:2. Осылайша бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек спорттық мансабында алғаш рет әлем чемпионы атанып отыр.
Ал Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліповаға (80 келіден жоғары) әлем чемпионатының қола жүлдесі бұйырды.
Сонымен қатар Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Алуа Балқыбекова және Аида Әбікеев екі дүркін әлем чемпиондары атанғанын да мақтанышпен айта кетуіміз керек.
Өкінішке қарай, ұлттық құрама сапындағы жерлесіміз Бейбарыс Жексенге жүлде бұйырмады. Жамбылдық боксшы 60 келіде бақ сынаған болатын. Бейбарыс ширек финалда Париж Олимпиадасының жеңімпазы Абдумалик Халоковпен қолғап түйістірді. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен өзбекстандық боксшы жеңіске жетті.
Жалпы Қайрат Сәтжанов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы барлығы 10 медаль (7 алты, 1 күміс, 2 қолда) еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. 6 алтын, 2 күміс, 3 қоланы қанағат тұтқан Өзбекстан құрамасы екінші орынға жайғасты. Сондай-ақ Үндістан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.
Ливерпульде өткен әлем чемпионатын қорытындылап журналистерге сұхбат берген Қазақстан бокс федерациясының Президенті Шахмұрат Мүтәліп боксшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
«7 алтынмен жалпыкомандалық есепте көш бастауымыз әрине тарихи жетістік. Дегенмен тоқмейілсуге болмайды.
Кез келген жеңіске, жетістікке тек қолдаудың, сенімнің және ауызбіршіліктің арқасында қол жеткізуге болады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, Туризм және спорт министрлігіне үлкен рақмет айтамыз. Бокс федерациясының басы-қасында жүрген мамандарға да ризашылығымды білдіргім келеді. Күн-түн демей боксшыларды дайындап, баптаған бапкерлердің еңбегі де құрмет лайық. Сонымен қатар боксшыларымызды қолдап, жігер сыйлаған жанкүйерлерге де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Бірақ әлем чемпионатындағы жетістікке марқайып, арқаны кеңге салуға болмайды. Алда байрақты бәсекелер күтіп тұр. Өздеріңіз білесіздер, боксшыларымыз соңғы екі Олимпиададан алтын жүлдесіз қайтты. Сондықтан келесі төртжылдықтың басты бәсекесіне тыңғылықты дайындалуымыз керек. Осы әлем чемпионатында да біршама қателіктерімізді көрдік. Ендігі кезекте қателіктерді түзетіп, деңгейімізді арттыра түсу үшін тынбай еңбек етуіміз керек. Еңбектің арқасында ғана жақсы нәтижеге жетуге болады, – деп қорытындылады сөзін федерация Президенті.
Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясына құттықтау хатын жолдаған Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Президенті Геннадий Головкин әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары жетістікке жеткенін, алайда босаңсуға болмайтынын атап өткен.
«Бүгінгі жеңіс спортшыларымыздың ерік-жігерінің, табандылығы мен шынайы кәсібилігінің жарқын көрінісі. Қыз-жігіттер соңына дейін төтеп беріп, ел намысын лайықты қорғап, әлемдік аренада қазақ боксының беделін асқақтатып, жанкүйерлерге ұмытылмас эмоциялар сыйлады.
Бұл жетістікке федерация тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыс, бапкерлердің тынымсыз еңбегі мен барлық мамандардың, қолдау көрсеткен жандардың зор үлесі себеп болды.
Алда бізді бұдан да маңызды сындар күтіп тұр, 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары, 2027 жылғы әлем чемпионаты және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындары. Қазіргі жеңіс үлкен серпін, ал болашақ жеңістер жоспарлы дайындық пен бірліктің нәтижесі болмақ.
Барша спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына, федерация ұжымына жаңа табыс, алда келе жатқан жарыстарда толағай жеңістер тілеймін! Еліміздің болашағы жарқын жеңістерге толы болып, көк байрағымыз әрқашан биікте желбірей берсін!» – делінген Геннадий Головкиннің құттықтау хатында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Instagram» парақшасында әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады.
«Қазақ боксшылары әлем біріншілігінде керемет нәтиже көрсетті.
Әйтсе де алдымызда АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Соған қазірден бастап дайындалу қажет.
Қазақ бокс мектебінің мерейі әрдайым үстем болсын!» – деп жазды Президент.
Иә, «көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, көзді ашып-жұмғанша келесі Олимпиада алауы тұтанатын күн де келіп жетеді. Сондықтан Президентіміз айтқандай дайындықты бастау керек. Егер қазірден арнайы жоспар түзіліп, алға нақты мақсат пен меже қойылып, тиісті жұмыстар жүргізілсе, қазақ спортшылары АҚШ-та да атой салары анық.
Талғат НҰРХАНОВ