Жастар

Кристаллды қолдан өсіруге болады

Қазақстанның жері табиғи байлыққа бай. Ал осындай ортада өсіп-жетілген жастардың ғылымға, оның ішінде химияға қызығушылығының жоғары болуы заңды құбылыс. Солардың қатарында Бауыржан Күмісбектің де өзіндік ізденіс жолы, талпынысы бар.

Бауыржанның туған жері – Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылы. Кейін отбасымен бірге Тараз қаласының іргесіндегі Қызыл Жұлдыз елді мекеніне қоныс аударып, білімін осында жалғастырады. Мектеп кезінде-ақ ғылымға құштарлығы байқалған өрен түрлі ғылыми жобаларға қатысып, алғашқы қадамдарын ауылдық деңгейдегі жарыстардан бастайды. Ең алғашқы жобасы кемшіліксіз болмағанымен, сол кезде-ақ бірінші орынды иеленіп, ынта-жігері бағаланған еді. Одан кейін Құлан ауылында өткен аудандық жарыста да жүлделі орын алып, өзінің ізденісін жалғастырады.

Кейіпкеріміз сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде бұрынғы жобасын жетілдіріп, мұғалімімен бірге Тараз қаласында өткен ғылыми жарысқа қатысады. Сайдың тасындай іріктелген үздіктер қатысқан сайыста Бауыржан бірінші орынды иеленеді. Дәл осы сәттен бастап Бауыржанның ғылымға деген ынтасы нығайып, болашақтағы бағытын айқындай түседі.

Мектепті тәмамдаған соң Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі. Кейіннен Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалына оқуға қабылданып, химиялық технология мамандығы бойынша білімін жалғастырады.

Бауыржан Күмісбектің айтуынша, химия – өмірдің барлық қырын қамтитын ғылым. Дәрі-дәрмектен бастап, адам ағзасындағы процестерге дейін химиялық заңдылықтарға бағынады. Сол себепті ол бұл саланы таңдағанына еш өкінбейді.

Негізі аталған тәжірибені Бауыржан мектепте жүргенде-ақ қолға алып, 11-сыныпта, яғни, 2022 жылы ғылыми жобасын сәтті қорғап шыққан. Бүгінгі таңда білімін жалғастырып жатқан оқу орнында ғылыми ізденістерінің кем-кетігін анық байқап, әрі қарай дамытуда. Бұл ой оған үй жағдайында қарапайым тұздан кристал алуға болатынын көрген сәтте келген. Мәселен, мұхит сулары тұзға бай. Бір стакан судың өзінде төрт қасықтай тұз бар. Ал суды буландырғанда бу ауаға тарап, тұзы түбінде қалады. Бұл құбылыс – буланудың ең қарапайым көрінісі.

Бір айта кетерлігі, талапты өрен ғылыми жобасына алғаш рет 2017-2018 жылдары кіріскен. Сол кезеңдегі ізденістері оны ғылымға жетелеп, алға қарай бағыт-бағдар берген болатын. Химия-технология университетінде білім алып жүрген жас жобасын қайта жаңғырту кезінде қазақстандық немесе ресейлік ғалымдардың еңбегімен шектелмей, өзге елдердің тәжірибесін де зерттеп, болашақтағы қолданыс аясын кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Жобаның болашағы қандай боларын дөп басып айту қиын. Дегенмен Бауыржан жастарға аз да болса қызығушылық сыйлайтынына сенімді. Өйткені қазіргі таңда көптеген жас ІТ саласына ден қойып, химия, биология, геология сияқты ғылымдарға онша мән бермей барады. Оның арманы – осы жобалары арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, оларды жаңа бағыттарға жетелеу.

Жас ізденушінің ең үлкен мақсаты – Қазақстанның беделін көтеріп, елімізді ғылым арқылы өзгелерге таныту. Ол халықаралық деңгейде мойындалған ғалым болуды армандайды. Мұндай арманға жету үшін жас зерттеушілерге қолдау қажет екенін айтады. Қолдау тек қаржылай емес, сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек және ғылыми орта құрумен де жүзеге асуы тиіс. Өйткені шетелдерде бар мүмкіндік біздің елде әлі де жеткіліксіз.

Ол бүгінгі жетістіктерін ұстаздары мен жетекшілерінің еңбегімен байланыстырады. Бағыт-бағдар берген сол ұстаздарының қолдауы болмаса, бұл деңгейге жетуі екіталай еді. Әсіресе Айнұр Көкембаева ұстазының және Ақыртөбедегі мектептегі жетекшілерінің ақыл-кеңестері жас ғалымға үлкен демеу болды. Сондай-ақ ата-анасының сенімі мен қолдауы оның ғылым жолындағы табандылығын арттырған.

Алдағы уақытта Бауыржан білімін тереңдетіп, түрлі конкурстарға қатысуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ғалымдармен тәжірибе алмасып, көзқарасын кеңейтіп, жаңа жобаларға араласуға ниетті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ