Сапалы қызмет көрсету – басты міндет
Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге арналған арнайы жиын өткізді. Іс-шараға облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, аудандық және қалалық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері мен сала мамандары қатысты.
Жиын барысында Шу қалалық көпбейінді ауруханасы, емхана мен аудандық орталық аурухананың қызмет көрсету деңгейі, оларды қайта жаңғырту мәселелері, тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасы, дәрігер мамандармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық жабдықталуы, тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстары сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ, емдеу мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және мобильді медициналық топтардың жұмысын жандандыру жайы қозғалды.
Басқосуда Айжан Есмағамбетова сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен тығыз байланыс орнатуды, шалғай елді мекендерге жас мамандарды тарту механизмдерін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, халықтың медициналық көмекке деген сенімін арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Кездесу соңында Айжан Серікбайқызы барлық емдеу мекемелерінің қызметін үйлестіру, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет ұсыну жергілікті атқарушы органдар мен медицина қызметкерлерінің басты міндеті екенін ерекше атап өтті.
Іссапар барысында Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбекпен бірге Шу аудандық орталық ауруханасы базасында ашылған балаларды оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын қалпына келтіру, олардың физикалық және психоэмоционалдық дамуына жағдай жасау. Мұнда әртүрлі аурулардан кейінгі оңалту шаралары жүргізіліп, арнайы терапиялық жаттығулар, массаж, физиотерапиялық ем-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар логопед, дефектолог және психолог мамандарының көмегі көрсетіледі.
Аралау барысында орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуы, медициналық құрал-жабдықтар мен мамандардың жұмысы қаралды. Балалардың оңалтуына қажетті барлық жағдай жасалғанымен, қосымша мамандарды тарту және жаңа технологияларды енгізу мәселесі де назарға алынды.
Айжан Серікбайқызы орталық қызметкерлерімен әңгімелесу барысында балалардың денсаулығын нығайту мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол өңірде инклюзивті және оңалту қызметтерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары кезінде аудандағы басқа да бірқатар денсаулық сақтау нысанын аралап көріп, тыныс-тіршілігімен танысты.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі