Қоғам

Шуақ шашқан шипагер

Аса қастерлі дәрігерлік мамандықты еншілеп, оны саналы түрде өмірінің өлшемі ретінде қабылдап, таңдаған кәсібіне адалдық танытып, ерен еңбегімен елге танылған осы бір болмыс-бітімі бөлек, айналасына айдай жарқырап, күндей сәулесін түсіріп келе жатқан жүрегі нұрлы азаматты көргенде кәдімгідей марқайып қаласың. Медицина саласында бақытын іздеген бұл адамның тынымсыз тірлігіне, адамзат денсаулығын мұрат еткен жомарт мінезіне риза боласың. Қиындық атаулының бәрін жеңе білген беймаза еңбегіне, жан жылуын сыйлай білетін көлдей көңіліне сүйсінесің. Сейітқасым Тәжбенов ағамыз туралы осылай ой өрбітуіме толық негіз бар деп есептеймін.

Қазақта «Әркімнің пешенесіне жазылған жазуы болады» деген сөз бар. О баста дүниеге шыр етіп келгенде «сен дәрігер боласың» деген сөзді жазып та қойған болар. Әйтпесе Байзақ ауданының Байзақ ауылында дүние есігін ашқан баланың шипагерлік жолды таңдауы қалай болар еді? Жаратқан Иеміз осыны қалап, маңдайға жазуы бекер болмаған шығар.

Өмірлік жүріп өтер жолын жүрегі сезген де болар бәлкім. Тым алысты шарлаған аппақ армандары медицинаға жетелеп, осы саланың бір қанатында тер төгіп көруге жақындата түскен болар. «Арман алдамайды» деген сөзге де мән берген абзал. Арманға қанат байлап, өмірдің өршіл талабын қайыспай көтеріп, алдағы алар асуларыңды бағындырып, мақсат-мұраттарыңа бастайтын сенім күші болады. Осы сенім күшіне жететін ештеңе болмақ емес.

Сенім күші Сейітқасымды алға жетеледі. Арманы адастырған жоқ, жолын бөгеген жоқ. Арман еткен биігіне талпынумен, жастық шақтың алып-ұшқан қызуымен өмірдің ұлы дүрмегіне қосылып кетті. 1964 жылы Қаратау қаласындағы Ломоносов атындағы кешкі жұмысшы жастар мектебін бітіре салысымен Семей қаласына жол тартты. Осындағы медициналық институтқа құжат тапсырып, бағын сынады. Ата-ана батасымен жолы болып, студент атанды.

1970 жылы институтты тәуір аяқтаған ұлды өмірдің бәйгесі, былайша айтқанда адам жанының арашасы болу секілді мәртебелі міндет күтіп тұрды. Орта Азия әскери округінде әскери дәрігер болып, азаматтық борышын өтеді. Екі жылдан соң Жамбыл жерінде еңбек жолын жалғады. Облыстық аурухананың медициналық статистика бөлімін, кейінірек осы аурухананың науқастарды қабылдау бөлімін басқарды. Аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін де Сәкең бір кісідей атқарды. Медициналық қызметтің ауыр жүгін көтеріп қана қоймай, дара қасиетімен және ерекше қабілетімен танылды.

1983 жылы Жамбыл қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшылығына келді. Бұл жұмысты да дөңгелетіп әкетті. Жауапты шақтар жаңа іскерлік қырынан көрінуіне жол ашты. Ол басқарған жылдары қалалық емдеу-сауықтыру мекемелерінің материалдық-техникалық базалары жақсарып, ақ халаттылар қатары білікті мамандармен толықты. Облыс орталығында 200 төсектік балалар жұқпалы аурулар ауруханасының, №2 қалалық әйелдер босанатын үйдің, сәбилер үйінің, күйік ауруларын емдейтін бөлімнің, 7 қабатты химиктер емханасының және қалалық балалар тіс емханасының ғимараттары бой көтерді. Ауруханалар мен балалар шипажайындағы төсек саны 245-ке көбейді. Медициналық көмек түрлерін қала халқына жақындату үшін химиктер ауруханасында күйік, аллергология бөлімдері, №2 балалар емханасының құрамында сауықтыру бөлімі, теміржол бекетінің маңында жедел медициналық көмек стансасының филиалы ашылды. Жаңадан ашылған мекемелер мен бөлімдер медициналық аппараттармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті қызметін тәжірибесі толысқан шағында қабылдап алды. Медицина саласында Сейітқасым сынды білгір мамандарға ғана сенім артылса керек. Қызмет атқарған 7 жыл көлемінде тынған тірлік пен емдеу ісіндегі адамдар жүрегін жылытқан шақтары аз болған жоқ. Адамдарға деген ыстық ықыласымен, мейірімді жүрегімен көрініп, аппақ арына кір түсірмеді. Қадірменді мамандығын жоғары ұстап, Жаратқан Иеміз сыйлаған дәрігерге тән мінез-құлықтың тамаша үлгісін көрсете білді.

1996 жылы облыстық аурухананың гастроэнтерология бөліміне басшылық етуге жіберілді. Сәкең жаңа қызметті жатсынған жоқ. Институтта алған білім мен үнемі ізденіп, медицина жетістіктерін игерудің арқасында емдеу жұмыстарын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Асқазан, тағы басқа ішкі ағзалар ауруларын емдеу және алдын алу үшін қаншама күш-жігер жұмсалды десеңізші!

Ол ұжымды басқарып қана қоймай, жақсы сөздерімен шипа іздеген адамдар жүрегіне гүл екті, өнегелі істерімен шуақ шашты, көңілдерге көрік сыйлады. Жүрегінде жақсылықтың шамын сөндірмей, ізгіліктің отын өшірмеген қалпында тер төкті. Ғазиз жүрекпен талай науқастарға өмір сыйлады. Сырқаты күшейіп келгендердің жадырап шығуларына, отбастарына қуана оралуларына талай мәрте куә болғанымыз бар.

Сейітқасым ағаның қарамағында ем-дом алған кездеріміз де болған. Сол кездегі ағамыздың аялы қамқорлығының, берген шипасының арқасында құлан-таза айыққанымызды несіне жасырамын. Сол тұста шипасын аямаған ағамыздың атына жазылған ақжарма тілектер мен ізгі ниеттерді қалай айтпасқа. Өздерін емдеп, күш-қуат беріп, жылы сөзімен демеп, ауруына дауа бола білген жайсаң мінезді, жайдары дәрігерге арналып жазылған мына сөздер есімде қалыпты.

«Бірінші бір Аллаға, екінші Сізге ризамыз! Сіздің жылы қабағыңыз, науқасқа деген ізгі ілтипатыңыз, жасаған еміңіз, жұмсақ жүрегіңіз үшін үлкен рақмет! Сізге өмірдегі бар жақсылықты тілейміз. Ақ тілек иелері –үшінші бөлме науқастары» – деп жазылған осы бір жолдардан Сәкеңнің білгір дәрігер, тамаша адам екендігіне еш күмән қалмайды.

Негізгі жұмысынан бөлек, қажет кезінде шалғай ауылдарға шығып тұрды. Жедел медициналық көмек көрсетіп, дәрігерлік кеңестер беріп, адамдар денсаулығына қатысты түсінік жұмыстарын жүргізді. Мамандығы бойынша Мойынқұм, Шу және Т.Рысқұлов аудандарының кураторы болып, ел-жұртының алғысына бөленді. Тұрғындар арасында денсаулық сақтау тақырыбында лекциялар оқып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халқына танылған тағылымды істерін қалай айтпасқа. Алыстағы ағайынның біраз бөлігі орталықтан қашық тұратындықтан, олардың кейбірі жағдайлары көтермегендіктен дәрігерге дер кезінде көрінбейтіндігі жасырын емес. Міне, сондай осал топтағы жандардың отбастарына ат арылтып барғандығын, дертіне ем жасап, жүрек сөзімен демеп, уақытпен санаспай қол ұшын берген кездерін неге ауызға алмасқа. Облыстық ауруханада емделіп шығуларына жағдай жасап, жәрдемін тигізген шақтарын айтпай кету мүмкін емес. Міне, дәрігерлік қызметтің үлгісі деп осыны айтса керек.

«Үмбетімнің алдыңғылары көп намаз оқып, ораза ұстағаны үшін емес, жүректерінің тазалығы, жомарттығы және барша мұсылмандарға мейірімділігі үшін пейішке кіреді» – делінеді Пайғамбарымыздың хадистерінде.

Сейітқасым Үсенбекұлын Пайғамбар үмбеттерінің алдыңғылары десем, артық айтқандық емес. Ол шын мәнінде сондай адам. Жүрегінің тазалығымен, жомарттығымен және мейірімділігімен ел ықыласына, ел құрметіне бөленген азамат. Оны ізгі қасиеттерімен, өнегелі еңбегімен дәлелдеп келеді.

Мекендердің төресі – Мекке қаласы, сапарлардың төресі – қажылық сапары, кітаптардың төресі – Құран Кәрім, сүрелердің төресі – Фатиха сүресі, батырлардың төресі – Бауыржан ата, журналистердің төресі – Баттал аға Жаңабайұлы болса, дәрігерлердің төресі мен үшін Сейітқасым аға десем қателеспейтін шығармын. Ол соған тұратын, осы атаққа лайық адам.

– Біздің бақ туымыз, – дейді «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері, медицина ғылымының кандидаты Райымбек Нұржанов әңгімеміздің кейіпкері Сейітқасым аға туралы. – Біз ол кісіден көп нәрсе үйрендік, ұлағатын бойымызға сіңірдік, асыл қасиеттеріне тәнті болдық, үлгі-өнегесінен тәлім алдық. Медицинаның бағына туған адам. Ізгілікпен өрілген өміріне қызыға қарап, бой түзеп келеміз.

Ақ халатты абзал аға зейнетке шыққанымен демалғанды жаны қаламады. Ақылы гастроэнтерология кабинетін ашып, үш жылдай жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Кейінгі жылдары Тараздағы «Болашақ» медициналық колледжінде білімгерлерге дәріс берді. Дәрігерлікті ұстаздықпен жалғастырып, өз шәкірттеріне мамандықтың қыр-сырын үйретіп, бай тәжірибесімен бөлісіп, өмірінен сыр шертіп, ізгілікке баулыды.

Ел таныған С.Тәжбенов дәрігер ғана емес, қаламын қару еткен журналист. Мектепте оқып жүрген кезінен бастап, сөз өнеріне жақын болды. Дәрігер болуға бекініп, арман-қиял жетегінде жүрген ол өз ауылындағы жайсыз жағдайға назар аударып, жаңбыр жауғанда батпақ болып, жүргіншілерді әбігерге салатын жол мәселесін көтеріп, аудандық және облыстық басылымдарға сыни мақала жібергені бар. Бұл жазғаны жарық көреді. Ол кезде Сәкең 6-шы сыныпта оқып жүрген еді. Балғын тілшінің жазған дүниесі басшылар тарапынан қолдау тауып, ауылдарына көмек көрсетіп, жолдарына шағал тас төсеп беріпті. Жас қалам иесі бұдан бөлек, ата-анасын таба алмай жүрген егіз қыздың өмірі жайлы да әңгіме жазып, көзге іліккен. Кейін сол әңгіме себепкер болып, әлгі қыздар әке-шешелерімен табысқан көрінеді.

Талай жылғы еңбегінің жемісін көріп, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Оның қаламынан оқырман тұшынып оқитын шығармалар дүниеге келді. Дәрігерлік қызметтің қыр-сырларымен бөліскен, өзінің іс-тәжірибелерін тарата ашқан жазбаларын қалалық және облыстық газеттерде жариялады. «Денім сау болсын десеңіз» және «Дәрігер жазбалары» атты кітаптарында осы тақырыптар жан-жақты қамтылады. «Айна», «Өмір қызыққа толы» деген кітаптары да әдебиет сүйер қауымды сүйсінткені анық. Шығармашылық жолдағы ізденістері тоқтап қалған жоқ. Таяу арада «Кел, балалар оқылық» атты жаңа шығармасын оқырманға ұсынды. Бұл балаларға арнап қалам тартқан алғашқы туындысы. Балалар әдебиетіне жасаған алғашқы қадамы. Бұл қадамы да сәтті болды деуге болады. Сондай-ақ, «Ой жемістері» атты мақалалар мен әңгімелер жинағы да оқырмандар қолына тиді.

Бар ғұмырын осы салаға арнаған ағамыз Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі, Тараз қаласының Құрметті ардагері атанды. «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және облыс басшылығының Алғыс хатымен марапатталды. Жамбыл қалалық кеңесіне екі рет депутат болып сайланды.

Ақ халатпен ағарған ағамыздың қимылы әлі де ширақ, қоғамдық жұмыстан шет қалған жоқ. Талай жыл қызмет атқарған облыстық аурухана ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде көптеген іс-шаралардың ортасынан табылып келеді.

Сәкең қолы қалт еткенде үй ауласындағы бау-бақшасына бас-көз болады. Жеміс-жидек өсірудің хас шебері ретінде тындырып жүрген тірлігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Жыл сайын мол өнім алатын бағбаннан үйренер нәрсе аз емес. 8 немересінің әрқайсысының аты жазылған жеміс ағаштарын отырғызып, жайқалтып отыр. Яғни, әр немересінің атаулы ағашы бар. Немерелері сол өсіп тұрған өскінге қарап, мақтан етеді. Атасы болса, алтын күзде жемісін төгіп тұрған бау-бақшадан рахат табады. «Қазақтың Мичурині» атанып, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылды іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Азаматтың бір қанатында сенімді серігі болып, дем беріп, күш-жігер қосатын, сынақтарда сынып кетпеу үшін қолтығынан сүйеп, алға бастайтын адал жары тұратындығы анық. Семей өңірінің көріктісі Клара Рамазанқызымен отау құрып, шаңырақ көтерген жылдарының жарқын да шуақты шақтары мол болғаны сөзсіз. Отбасы иесінің алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасап, Құдай қосқан қосағын аялай баптап, абыройдан алқа тағып, бедел биігінен көріне беруіне ықылас-пейілін арнап келе жатқан, ошағының отын маздатып, берекелі шаңыраққа жылулық сыйлап отырған қадірменді әже.

Жұбайы Клара жоғары санаттағы балалар дәрігері. Ұзақ жылдар Тараздағы №2 қалалық балалар емханасы филиалының меңгерушісі болып қызмет атқарды. КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі. Бүгінде зейнеткер. Ұлы Марат ата-ана жолын қуып, медицина саласын таңдады. Қазіргі кезде облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде қызмет етеді. Қызы Анар жеке кәсіпкер. Келіні Гауһар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы. Үлкен немересі Абай Қазақстан Бас прокуратурасының прокуроры.

Зымыраған уақыт көшінде алдағы күндеріне асығып қадам басқан балғын шақтарын ұмыту еш мүмкін емес. Өмірдің ұлы сапарында орта жолда тоқтап қалмай, талай сынақтардан сыр бермей өткен, мұрат еткен биігіне талпынумен келе жатқан асқар таудай ағаның алған асулары мен жеткен жетістіктері мол. Өмір бәйгесінде топтан озып, мерей асырған сәттеріңді сезінудің өзі қандай ғанибет. Міне сондай еңбектен тапқан рахаттың талайын бастан өткерді Сейітқасым аға. Бүгінгі күні бақ дарыған азамат деуге толық хақымыз бар.

Әдемі қалпынан танбаған ағамыз бүгінде сексенінші белесіне көтеріліп отыр. Елімен бірге есейіп, ұрпағымен ғұмырын ұзартып келеді. Сегізінші ондыққа жетіп, жақсы қартайып, қазыналы қариялардың қатарынан көрініп отырғаны ақиқат.

Сәкеңнің ғұмыры көркем, жүрген жолы ажарлы. Қолына ұстаған қаламына, арына шаң жуытпаған адам. Айналасына ақ пейілді адал жандар топтасқан. Жақсылармен өмір жалғасып, дүние дөңгелей берері күмәнсіз.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі