Скроллинг сананы тұмшалаған заманауи тәуелділік
Күнделікті өміріміз күйбең тіршілікпен өтіп жатқандай көрінгенімен, адам санасында көзге көрінбес майдан жүріп жатады. Бір қарағанда елеусіз, тіпті бейкүнә көрінетін бір әдет бар. Ол – скроллинг, яғни телефон экранын тоқтаусыз сырғыту. Таңертең ояна салысымен телефонға қол созамыз. Кешке ұйықтарда соңғы рет «қандай жаңалықтар болып жатыр екен?» деп лента ақтарамыз. Ал күндіз ол процесс мүлде үзілмейді.
Қазір «скроллинг» сөзі тек техникалық ұғым емес. Бұл – мінезге, әдетке, тіпті өмір салтына айналып бара жатқан құбылыс. Әлеуметтік желі, жаңалықтар лентасы, «Tik Tok», «Instagram», «Telegram», «Facebook» – бәрі бір арнада тоғысып, адамның назарын өзіне тартады.
Скроллинг тек уақыт ұрлайтын әдет қана емес. Ол – адамның миына үнемі арзан дофамин бөлу арқылы жалған ләззат сыйлайтын, бірақ нақты нәтиже әкелмейтін әрекет. Негізі дофамин – жетістікке жеткенде, бір істі аяқтағанда бөлінетін бақыт гормоны. Бірақ лентаны шексіз ақтару барысында миымыз әр жаңа контентті «жеңіс» деп қабылдап, ұсақ-түйек дофамин толқындарын жібере береді. Бұл процесс үздіксіз қайталанған сайын адамның қуат-күші сарқылып, мидың табиғи мотивациялық жүйесі бұзылады.
Скроллингке көп уақыт арнаған сайын дел-сал күйде жүріп, ешнәрсеге зауқың соқпайтынын байқайсың. Себебі миың тым көп ақпарат қабылдап, оны қорытып үлгермей, шаршайды. Мұны өз басымнан да өткердім. Еңбек демалысында телефоннан бас алмай, күніне бірнеше сағатымды экранға сарп етіппін. Апта соңында статистика көрсеткен сандар ойландырмай қоймады. Бір аптада 6 сағатымды әлеуметтік желілерді, басқа түрлі түрлі қосымшаларды пайдаланумен өткізіппін. Осы сәтте әлеуметтік желілерді телефонымнан өшіріп тастағым келді.
Кейін түсіндім – мәселе қосымшада емес, мәселе менің дағдымда. Скроллинг – жай әдет емес, ол кейде ішкі күйдің айнасы.
Скроллингтің психологиялық себептері тереңде жатыр. Мәселен, стресс пен уайымды алып қарайық. Адамдар скроллинг арқылы өз уайымынан уақытша қашады. Лентаны ақтара отырып, басындағы қайғы-мұңнан арылғысы келеді.
Жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану, сөйлесуден қашу да осыған апарады. Кейде біз айналамыздағы адамдардан алыстап, телефондағы «әлемге» еніп кеткенжі жөн көреміз. Немесе қоғамдық орындарда отбасымызбен демалып отырып та телефонға үңіліп кететін сәттеріміз аз емес. Бұл – кейде шынайы әңгімеден қашудың белгісі.
Скроллинг күрделі іске кірісуді кейінге ысырып тастауға «жақсы» сылтау болады. Қиын тапсырма, маңызды жоспар – бәрі-бәрі екінші орынға ығысады.
Таңертең оянғанда бірден телефонға қарау, кезекте тұрғанда экранға үңілу, кешке ұйықтарда лента ақтару әрбіріміздің күнделікті дағдымызға айналған. Міне, қарап отырсаңыз әйтеуір телефонға мәнсіз телміруге себеп тауып аламыз.
Скроллингтің зиянын түсінген соң, одан арылу жолдарын қарастыру қажет болды. Мен өзіме қарапайым шектеулер қойдым: әлеуметтік желілерге лимит, маңызды емес каналдардан шығу, ескертулерді өшіру. Ал таңертең кофе ішіп, серуендеуді әдетке айналдырдым.
Сол кезде ғана байқадым – көп жаңалықты білмей қалу деген үрейдің астарында аса бір маңызды дүние жоқ екен. Өмір телефонда емес, экранның сыртында өтіп жатыр.
Скроллинг – қазіргі заманның тәуелділігі. Ол бірден байқалмайды. Бірақ уақыт өте келе санаңды меңгеріп, өміріңнің иесі болып кетуі мүмкін. Одан құтылудың жолы – өзіңе оралу.
Жандүниеңдегі шынайы ләззат – лентада емес, табиғатта, адамдармен әңгімеде, кітап бетінде, шынайы қуанышта. Скроллинг – жай ғана уақыт өлтіру. Ал уақыт – өлтіріп отыратын нәрсе емес, бағаланып, мағыналы өткізілуі тиіс өмірдің бөлшегі. Біздің өміріміз сағаттап, минуттап өтіп жатқанын да түсінуіміз керек.
Психолог мамандар скроллингтің салдары тек жеке адамның уақыт жоғалтуымен шектелмейтінін айтады. Бұл құбылыс – тұтас қоғамның назарын, ойлау қабілетін, тіпті қарым-қатынасын өзгертіп жатқан көрінбейтін қауіп. Әсіресе жастар арасында бұл үрдіс белең алып барады.
Оқу үстінде де, жұмыс арасында да назарын жинай алмайтын, телефонға қарап отыратын адамдар саны көбейді. Әр 5-10 минут сайын экранды тексеру қалыпты жағдайға айналып барады. Нәтижесінде терең ойлау, ұзақ уақыт бір іспен айналысу, шығармашылық ізденіс секілді қабілеттер әлсірей бастайды.
Білім алуға да әсер етеді. Бұрын кітапты бастан-аяқ оқып шығу қалыпты әрекет болса, қазір парақтап шығумен, қысқа үзінділер оқумен шектелеміз. «Tik Tok»-пен тәрбиеленген назар ұзақ мәтіндерді қабылдауға қауқарсыз болып барады. Қысқа, жылдам, көңіл көтеретін контент миға лезде дофамин береді, бірақ терең мазмұн қалдырмайды. Бұл – ақпараттық тойымсыздық пен мазмұнды қабылдай алмау дағдарысы.
Скроллинг түнгі ұйқыға да кері әсер етеді. Телефонды ұйықтар алдында пайдалану адамды бірден ұйықтауға емес, қайта сергек күйге жетелейді. Телефонның жарығы миды «күн әлі батқан жоқ» деп жаңылыстырады, гормоналды балансты бұзады. Ұйқысыздық, оянғанда сергек болмау, шаршаңқылық – скроллингтің жанама белгілері.
Әрине, технологиядан, гаджеттен толық бас тарту мүмкін емес. Ол біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Бірақ ол өміріміздің орталығы болмауы керек. Керісінше, біз цифрлық әлемді басқаруымыз керек.
Бос уақыт бұрын шығармашылық пен ішкі тыныштықтың ошағы еді. Қазір ол толассыз контентпен, жарнамамен, біреудің өміріне телмірумен өтіп жатыр. Енді бізге бос уақытты қайтадан сапалы тынығуға, ой елегінен өткізуге, тұлғалық өсу мүмкіндігіне айналдыру қажет.
Цифрлық өмірді реттеудің бір жолы – digital detox, яғни цифрлық тазарту. Бұл – экранмен қарым-қатынасты шектеу, нақты уақыт аралығында әлеуметтік желілерден демалу, белгілі бір уақытқа телефонды өшіру. Бұны аптасына бір рет, тіпті күніне бірнеше сағаттан бастап үйренуге болады.
Скроллингті шектеу – тек уақыт үнемдеу емес, бұл сананы тазарту, миға тыныштық беру, өзіңмен қайта қауышу. Бізге нағыз тыныштық керек. Нағыз эмоция, нағыз әсерлер керек. Ал оны экран емес, өмірдің өзі ғана сыйлай алады.
Айжан ӨЗБЕКОВА