Әлеумет

Әулиеата жастарының «Ақыл қалтасы»

Биыл өңіріміздің айнасына айналып, ұлт руханиятында орнын айқындаған «Ар-Ай» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойы.

Бұл – тек бір басылымның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір буынның рухани биігіне айналған мерейлі белес десем, артық емес.

Жастар басылымының жүгі – қай кезде де ауыр. Өйткені ол тек ақпарат таратумен ғана шектелмей, тәрбие құралына, ой қозғаушы күшке, жаңашылдықтың жаршысына айналады. Бұл тұрғыдан келгенде, «Ар-Ай» газеті ел ішіндегі өзекті мәселелерге үн қосып, жалынды жастардың пікірін батыл жеткізе білуде.  Газет бетінде жарияланған өткір сараптамалар мен терең толғаныстар, ойлы сұхбаттар мен әлеуметтік зерттеулер – барлығы да уақыттың тынысын дәл сезінетін, ел болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақтың үнін айқын ете түсті.

«Ар-Ай»-дың бетінде жүздеген жас қаламгердің тырнақалды туындылары жарық көрді. Бұл – газеттің шығармашылыққа ашқан мүмкіндігі, жастарға берген сенімі мен еркіндік кеңістігі. Осы басылымның бетінде өсіп-жетілген талай қалам иесі бүгінде республикалық және аймақтық деңгейде қызмет етіп, ақпарат айдынында өз ізін салып келеді.

«Ар-Ай»-дың ұжымы қай кезде де әрдайым қоғамдағы өзгерістерге сергек қарап, заман талабына сай жұмыс істеуді басты мақсат етуден танған емес. Цифрлық журналистика дамыған тұста басылым да өз бағытын жаңаша түрде қалыптастыра білді. Газеттің әлеуметтік желідегі белсенділігі, оқырманмен интерактив байланысы, мультимедиялық контенттерді меңгеруі – осының дәлелі. Бұл – тек заманға бейімделу ғана емес, болашаққа бағытталған батыл қадам.

Соның нәтижесінде «Ар-Ай» газеті бүгінде тек облыстың ғана емес, күллі еліміздегі баспасөз құралдарының ішінде өзіндік үні, айрықша бағыт-бағдары бар, талғамы биік басылым ретінде қалыптасты. Осы жылдар ішінде газет замана ағымына сай түрленіп, жастарға тән серпін мен жаңашылдықпен дамып  келеді.  Тақырыптық аясы кеңейіп, көркемдік-стильдік тұрғыдан да биіктей түсті.

Мен үшін «Ар-Ай» газеті – журналист ретінде қалыптасқан ортам, шығармашылық мектебім. Бір кездері бұл газетте бас редакторлық қызмет атқару мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, зор абырой болғанын мақтанышпен айтқым келеді. Осы жолда Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік сынды қарымды қаламгерлерден көп нәрсе үйрендім. Олардан тек кәсіби біліктілік қана емес, журналистік этика, әр сөзге деген жауапкершілік, әр мақаланың артында оқырман тағдыры тұрғанын терең түсіну секілді құндылықтарды бойыма сіңірдім. Бұл азаматтардың әрқайсысы – өз мектебін қалыптастырған ұлағатты ұстаздар. Сондықтан «Ар-Ай» газеті мен үшін қатардағы көп басылымның бірі емес, үлкен бір өмір мектебі. Осында өткізген әрбір сәтім менің шығармашылық өмірімнің ең бір шұғылалы, ең бір құнарлы кезеңі болды.

20 жылдың ішінде «Ар-Ай»-дан қаншама дарынды журналистер түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Бүгінде республика көлемінде танымал болып жүрген бірқатар қаламгер осы қарашаңырақтан қанат қақты. Бұл да «Ар-Ай»-дың өз дара жолын айқындаған басылым екендігінің жарқын дәлелі.

Осы ретте «Ар-Ай» газетінің ұжымын басылымның мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Елдің ертеңі – жастардың қолында десек, сол жастардың жүрегіне жол таба білген «Ар-Ай»-дың болашағы жарқын боларына сенім мол.

Басылымның ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасып, оқырмандарының қатары көбейе берсін!

Дәулет ТӨЛЕНДІ,

Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің
2018-2021 жылдар аралығындағы бас редакторы