Әлеумет

«Ar-Ai» – идеология алаңы, ал идеология – ұлт ұятының қалқаны

Облыстық басылым үшін 20 жыл уақыт аз да, көп те емес шығар. Бірақ «Ар-Ай»-дың осы 20 жыл уақыт ішінде атқарған жұмыстары орасан. Тіпті бізге дейін де, бізден кейін де «Ар-Ай» сол өзінің соқпағымен алға жылжи беретіні ақиқат. Ал мен «Ар-Ай» газетіне басшылыққа келген кезде бірден «мынаны жасаймын, ананы енгіземін» деп алаөкпеленбедім. Қайта өзіме, ұжымға жүктелген жауапкершілікті сезініп, газетке тың серпін әкелу, оны заманауи талаптармен ұштастыру, ең бастысы – халықтың үніне айналдыру міндетін мойныма алдым.

Сондықтан да бас редактор ретінде алғашқы қадамым – газетке зерделі ой мен кестелі сөздің сорабын салу болды. Тілшілерімізге тек жаңалық таратып қоймай, сараптамалық, қоғамдық мәні бар, күйіп тұрған мәселелерді дер кезінде көтеріп сын жазуға қолымнан келгенінше мүмкіндік жасадым. Бір ауыз сөзбен айтқанда еркіндіктің есігінен, бостандықтың бесігінен шыққан біздің сардар тілшілеріміз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық жазып, билік пен бұқара арасындағы көпір рөлін атқарды. Айталық, Жасұлан Сейілхан, Нұрым Сырғабай, Талғат Нұрханов сынды дарынды журналистердің қаламына тұсау салмай, керісінше, кең көсілуіне жол аштық. Жас буынды тәрбиелеу де назардан тыс қалған жоқ. Редакцияның табалдырығын алғаш аттаған кейбірі – студент, кейбірі – тіпті жазуға жаңа қадам басқан жастар еді. Оларды іріктеп, жұмысқа қабылдап, Шапағат Әбдір, Аяулым Жаманқара сияқты өрімдей жастарды редакция қабырғасында кәсіби мектептен өткіздік. Бүгінде сол іні-қарындастарымыз еліміздің түкпір-түкпірінде, Астана төрінде елге қызмет етіп жүр.

Сонымен қатар, редакторлық қызметтегі алғашқы ісім – «Ар-Ай»-дың сайтын жаңарту болды. Қазір қолданыстағы сайттың негізін сол кезде қалағанбыз. Сонымен бірге газетке QR-код енгізіп, оқырманды цифрлық форматқа бағыттау ісін де бастадық. Бұл – заман талабы еді. Әкесі мен баласы бірге отырып шай ішіп әңгіме айта алмайтын қарбалас мына дәуірде интернет – ең өтімді құрал. Ақпаратты жылдам әрі тиімді тарату – біздің де басты бағытымызға айналды.

Қоғамда «Газет әлі оқыла ма?» деген сауал жиі айтылады. Әрине оған әркім әртүрлі пікірде. Бірақ бір нәрсе анық: газет болсын, сайт болсын – ол ең алдымен идеология алаңы. Ал идеология ұлт ұятының қалқаны қашанда. Дұрыс идeологиясы жоқ елдің ақпараты аудан аспайды, аудан асса – даудан аспайды. Өйткені ақпаратты тұтынушы халық өзі алған деректің шеңберінде ғана ой қалыптастырады, әрекет етеді. Сондықтан идеологиялық бағыттың тұтастығы – ұлттық сананың тірегі.

Біз сол идеологиялық саясатты бір ізге түсіруге, жүйелеуге ұмтылдық. «Оқырман көп пе, аз ба?» деген сұрақтан бұрын, «бір адам оқыса да – рухани нәр алып шықсын» деген ұстанымды негізге алдық. Ұлттық бағыттағы танымдық материалдарға айрықша көңіл бөлдік. Журналистерге арнайы тақырыптар ұсынып, сол бағытта жұмыс жүргізуге тырыстық.

Кейде біз өзімізге өзіміз: «Мұны жазсам, басыма бәле болады», «Бізге ондай жазуға болмайды» деген ойлардың жетегінде шектеу қойып жатамыз. Жеке өз басым мұндай ойға түбегейлі қарсымын. Сондай келте ойлап, қорқақтықпен шешім қабылдайтын адамдар ғана ұлттық ақпараттың уызын уға айналдырады. Бірақ менің тәжірибем көрсеткендей, бізге газетте ешкім сырттан тікелей шектеу қоя алған жоқ – шектеу біздің ойымызда ғана. Не жазсаң да, тігісін жатқызып, сауатты, салмақты, сарабдал түрде жеткізсең – ешқандай кедергі болмайды.

Иә, біз де сол кезде мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істедік. Бұл – шындық. Газет ұжымының күнкөрісі, бала-шағаның наны да осы бюджетке қарап тұр. Бірақ соның өзінде біз тәуелсіз басылым секілді өткір, ашық мәселелерді көтердік. Тілшілеріміздің қаламы саясат пен шындықтың арасын тап басып, елге ой салатын дүниелер жазды. Мұны мен айтып мақтанбай-ақ қояйын, сол жылдары шыққан газет тігінділерін ақтарсаңыз – өзі-ақ сөйлейді.

Болашақ ешқашан ертең жасалмайды – болашақ бүгін жасалады. Ал бүгінгі жазылған әрбір мақаланың ертең тарих екенін ескерсек, біз сол тарихты жасап келдік. Әрине ұлт үшін жасалған істің үлкен-кішісі болмайды.  Сондықтан мен өзіме дейін де, одан кейін де «Ар-Ай» кішкене ғана басылым болғанымен жай ғана газет емес, ұлттық сананың мінбері, қоғамдық ойдың айнасы бола алды деп сенемін.

Біржан СӨКТАЙ,
Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің
2021-2022 жылдар аралығындағы бас редакторы