Экономика

Өнеркәсіп өркен жаюда

Ел экономикасының дамуы өнеркәсіп саласының әлеуетіне тікелей байланысты. Өйткені өндіріс кез келген мемлекеттің тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі саланың бірі. Әсіресе жаһандық бәсекелестік пен жаңа технологиялар дәуірінде өнеркәсіптің тиімділігі, өнімнің сапасы мен оның терең өңделуі басты талапқа айналып отыр. Өндіріс орындарының қуаттылығын арттыру, жаңа кәсіпорындар ашу, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану ісі елдің экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығын қаматамасыз ететіні анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керектігін, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуі тиіс екенін баса айтты. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Тау-кен металлургиясы қашанда Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз. Бірақ саланың даму әлеуеті зор. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар. Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар.

Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз. Сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет», – деген болатын.

Қазіргі таңда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Президент тапсырмасын орындауға жедел кіріскен. Мәселен, елдегі арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамытуға күш салуда. Министр Ерсайын Нағасбаевтың мәліметінше, бюджеттен бөлінген әр теңгеге шамамен 8 теңге жеке инвестиция тартылады, ал 1,4 теңге қазынаға салық түрінде қайтарылады. Арнайы экономикалық аймақтар іске қосылғалы бері жалпы құны 10 триллион теңгеге жуық 532 жоба, оның 85-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 800 миллиард теңгеге жеткен.

«Әрбір арнайы экономикалық аймақ инвестиция, жұмыс орындары мен технология түрінде нақты қайтарым әкелуі тиіс. Ол үшін біз инвесторларға қойылатын талаптарды күшейтеміз және басқаруға жетекші халықаралық компанияларды тартамыз» Үкімет отырысында министр Е.Нағаспаев

Алдағы басты міндеттердің бірі – сирек жер металдары мен өзге де маңызды материалдарды қайта өңдеу. Бұл салада кемінде 3 ірі жоба қолға алынатын көрінеді. Қазіргі уақытта негізгі 4 бағыт айқындалыпты. Олар – батареялық материалдар, жартылай өткізгіш шикізат, турбиналарға арналған ыстыққа төзімді қорытпалар және тұрақты магниттер. Бұл бағытта Еуропалық одақ ұйымы, Америка Құрама Штаттары, Жапон, Оңтүстік Корей және Қытай Халық Республикасымен стратегиялық келісімдер жасалыпты. Мәселен, жылына 15 тонна галлий өндіру, Tesla сертификаттаған марганец сульфатын шығару, сондай-ақ аккумуляторларға арналған графит өндірісі жоспарланып отыр. Жезқазғандағы және Өскемендегі металлургия зауыттарында ыстыққа төзімді никель қорытпалары мен магниттерді қайта өңдеу ісі қолға алынбақ.

2026 жылы елімізде жер қойнауының цифрлық картасы жасалмақ. Бұл үшін биылдан бастап жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлінген. Картаға аэро-геофизикалық деректер, геохимиялық зерттеулер, спутниктік суреттердің спектралдық талдауы және басқа да мәліметтер енгізіледі. Алдағы уақытта Астанадан халықаралық деңгейде аккредиттелген геоаналитикалық зертхана ашу жоспарланыпты. Жезқазғанда да заманауи керноқойма салынып, оны Ұлттық геологиялық қызмет құзырына беру көзделіп отыр екен. Бүгінде геологиялық деректердің 60 пайыздан астамы цифрландырылыпты. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда 2,7 миллион ақпарат жинақталыпты. Келесі жылдың соңына дейін толық цифрландыру аяқталады деп күтілуде. Деректерді жедел талдау үшін жасанды интеллект те қолданылуда. Осы шаруаларды заңдық тұрғыда бекіту үшін «Жер қойнауы туралы» Кодекске 39 түзету енгізіліпті. Жаңа заң жобасы мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерімен келісіліп, жуық арада Мәжілістің қарауына ұсынылмақ.

Елімізде өнеркәсіп саласына көрсетіліп жатқан қолдау түрі жетерлік. Ауыр және жеңіл өнеркәсіп секілді жекелеген салаларда мемлекет қолдауын ұтымды пайдаланып жүрген кәсіпорындар жетерлік. Мысалы өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін «QazIndustry» – Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ұсынатын мүмкіндіктері айрықша екенін айта кетуіміз керек. Бұл орталық арқылы кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсаған шығындарының 40-50 пайызын өтеуге мүмкіндік алуда. Қолдауды бірнеше рет пайдалануға да болатын көрінеді. Осы жылдың сегіз айында «QazIndustry» кәсіпорындардың шығындарын өтеу үшін 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөліпті. Бұл қаражат ең алдымен өндірістің әлеуетін арттыруға, кадрларды даярлауға және жаңа технологияларды игеруге бағытталуда. Мысалы, кәсіпорындар инженерлік-техникалық және өндірістік персоналды, оның ішінде топ-менеджерлерді Қазақстанда немесе шетелде оқытуға жұмсаған шығындарын қайтара алады. Мұндай жағдайда өтемақы көлемі шығындардың 40 пайызға дейінгі көлемін жабады екен, бірақ ол сома 5 миллион теңгеден аспайды. Сондай-ақ кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға кеткен шығындарын мемлекет есебінен өтей алады. Бұл бағытта мемлекет шығынның 40 пайызға дейін көлемін өтейді, бірақ бұл 60 миллион теңгеден аспайтын шектеумен жүзеге асырылады.

Жалпы елімізде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тоқыма және тамақ өндірісі секілді өнеркәсіп түрлері жетерлік. Осы салалардың ішінде біз еліміз бойынша ауыр өнеркәсіпке арнайы тоқталдық. Өйткені оның ел экономикасын алға сүйреудегі орны бөлек. Осы ретте Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің де мүмкіндігін сөз еткенді жөн көрдік. Сонымен қатар аталған бөлім алдағы уақытта шаһар бойынша өндіріс саласының жаңа тынысын ашуға күш салады деген сенімдеміз. Десек те ең әуелі қаладағы шағын және орта өндіріс орындарының дамуына қолайлы жағдай жасау, жергілікті шикізатты терең өңдеп, дайын өнім көлемін арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала беретіні сөзсіз. Бұл бағытта жаңа цехтар мен кәсіпорындар ашу, қолда бар кәсіпорындардың қуаттылығын ұлғайту, инвестиция тарту, индустриялық аймақтардағы бос орындарда жаңа жобаларды жүзеге асыру секілді жұмыстар жүйелі жүргізілсе, қала экономикасының тұрақтылығы қамтамасыз етілетіні анық.

Алдағы уақытта Таразда өндірілген өнімдердің экспорттық әлеуетін көтеру де өзекті болмақ. Жергілікті тауарларды сыртқы нарыққа шығару үшін сертификаттау, логистика, маркетинг жағынан қолдау көрсету, жергілікті жердегі брендтің қалыптасуына жағдай жасау басты шарттың бірі болмақ. Осындай жүйелі жұмыстар Тараз қаласының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, өңірдің экономикалық өрлеуіне де тың серпін береді деген үміттеміз.

Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Нұрбол Әкек өнеркәсіп саласында Тараз қаласы соңғы жылдары айтарлықтай қарқынды нәтиже көрсетіп келе жатқанын айтады. Мысалы, өткен жылы 271 миллиард 214,3 миллион теңгеге өнім өндірілсе, 2025 жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 403 миллиард 772,6 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 120,3 пайызды құрапы. Бұл облыс бойынша межеленген 296 миллиард 484,4 миллион теңгеден және 103 пайыздық деңгейден әлдеқайда жоғары нәтиже көрінеді. Салаға инвестиция тарту ісінде де оң динамика бар. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 109 миллиард 746,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 121,2 пайызға жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 81 миллиард 187,5 миллион теңге болған екен. Бұл ретте облыс бойынша 154 миллиард 382,7 миллион теңге меже қойылған көрінеді.

Тараздағы тағы бір жоба «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демалыс орталығының екінші кезеңі. Бұл қонақүй құрылысы 2 миллиард теңгеге бағаланған. Аталған жоба аясында 10 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қонақүйдің қабырғалары осы күнге дейін қаланып, шатыры жабылған. Қазіргі таңда сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдарға белгіленген, яғни осы айда пайдалануға беру жоспарланыпты. Бүгінгі күнге дейін 500 миллион теңге инвестиция игерілген екен. Қонақүй «Зербұлақ» көлі маңындағы Дулати көшесінің бойынан салынуда.

Сондай-ақ «ОРЦ Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көкөніс сақтау қоймасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатыр. Жоба құны – 4 миллиард теңге. 60 жаңа жұмыс орны қарастырылған. Бірінші кезеңде 4000 шаршы метрді құрайтын 14 камералы екі қойма салынса, ал екінші кезеңде 3000 шаршы метрді құрайтын 14 камералы екі қойма тұрғызылуда. Жобаның екінші кезеңін 2026 жылы іске қосу көзделген.

«Запчасть» акционерлік қоғамы реверсияланатын материалдарды қайта өңдеу бойынша цех салу жобасын қолға алыпты. Жобаның құны – 900 миллион теңге. Нәтижесінде 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта қазаншұңқырлар қазылып, қондырғылар орнатылуда. Жобаны осы жылы қараша айында іске қосу көзделген.

«ТСЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қант зауытын қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыруда. Жоба құны 4 миллиард теңге, ал жұмыстар 2025-2026 жылдарға белгіленген. Қондырғыларды сатып алуға 1,4 миллиард теңге қарастырылып, оның 10 пайызы алдын ала төленіпті. Атап айтқанда қаржы центрифуга жабдығына жұмсалған. Қондырғылар 2025 жылдың желтоқсан айында жеткізілмек. Жобаны 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында іске қосу жоспарлануда. «Алель Агро» акционерлік қоғамы құс етін өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны 16 миллиард теңгені құрайды, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Маусым айына дейін зауыт құрылысы аяқталып, қондырғыларды орнату жұмыстары да еңсерілген. Шілде айынан бастап зауыт аумағын абаттандыру жұмысы қолға алыныпты. Бүгінгі күнге дейін 3,6 миллиард теңге инвестиция игерілген екен. Бір айта кетер жайт, негізгі жолдан зауытқа дейін жол салу және кәріз желісінің құрылысы сынды мәселелер туындап отырған көрінеді. Бектөбедегі нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қазан айына жоспарланыпты.

Жалпы, өнеркәсіп – ел экономикасының қозғаушы күші, сондықтан бұл салаға салынған әрбір инвестиция мен қолға алынған әр жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Біз Нұрбол Әкекпен әңгімелесу барысында Тараз қаласында бұрыннан жұмыс істеп тұрған және іске қосылып жатқан өндіріс орындары мен жаңа жобалар жайына жете қанықтық. Қалаға қарайтын өндіріс ошақтары бүгінде аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай тың серпін беріп отырғанын айта кетуіміз керек. Әсіресе шағын және орта бизнестің белсенділігі артып, жергілікті шикізатты терең өңдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта осы шаруалардың нәтижесінде Тараздың өнеркәсіптік әлеуеті одан әрі күшейіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі жаңа деңгейге көтеріледі деген сенімдеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Тараз қаласы