Қоғам

Жаңа инвестициялық көзқарас

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен өңірлерге көбірек қаржы тарту қажеттігін айтып, Үкіметке инвестициялық жүйені түбегейлі жаңғыртуды тапсырды.

«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет» деген Президент жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болатынын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.

Шикізат беруші мемлекет статусынан өнім өндіруші мемлекет статусына көшу тұрақты дамуды көздеген ел экономикасының негізгі ұстанымы.

Сонымен қатар, тартылған инвестиция тек жаңа серпіліс беретін күш қана емес, ол әлемдік стандарттарға сәйкестікті арттыру мүмкіншіліктері. Аталған бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын және кезек күтірмейтіндігін тікелей Премьер-министрге жүктелгенінен нақты байқауға болады. Инвестиция өндіріс ошақтарының артуына бағытталған маңызды драйвер.

Сондай-ақ Президент Жолдауда тартылатын инвестициялардың қажеттіліктерін ескере отырып, инвесторларға да ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолдануын және инвестиция тартуда ел экономикасы үшін маңызы мен пайдасы бар жобаларға басымдық берілуін ескертті.

Стратегиялық даму, өңірлік саясатты іске асыру, қуатты аймақ қалыптастыру ұстанымындағы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облысы филиалында Жолдау қызу талқыланып, жүргізілетін дәрістерде кеңінен қолдану шаралары қарастырылды.

Бекмұхан АХМЕТОВ,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік

басқару академиясы Жамбыл облысы филиалы,

бейіні бойынша доктор