Жамбыл жаңалықтары

Шаһар жылыту маусымына дайын

Тараз қаласы әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Нұрсұлтан Исабеков шаһар аумағындағы нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты.

Нұрсұлтан Арқабайұлы алдымен «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының ТЭО-4 және АҚ-4 жылу қазандықтарын аралады. Қазіргі таңда мекеме тарапынан белгіленген 20 іс-шараның 18-і толығымен орындалған. Атап айтсақ, №1, 2, 3, 4 бу және № 5, 6, 7 суқыздырғыш қазандарын және сорғыларды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылған. Сондай-ақ осы жылы облыстық бюджет тарапынан ТЭО-4 қазандығының Т-1 трансформаторы ауыстырылыпты. Бұған қоса Т-2 трансформаторын әзірлеуге қаржы-экономикалық негіздеме әзірленіп, тиісті қаржы бөлінген екен. Акционерлік қоғамда маут қоры жеткілікті. Қосымша мазут сатып алу үшін облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өтінім берілген. Кәсіпорын жылыту маусымына 90 пайызға дайын.

Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары «Таразтрансэнерго» мекемесінің тыныс-тіршілігіне қанықты. Аталған кәсіпорын жылу желілері мен қазандық жабдықтарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жалпы 960 метр жылу құбырының 950 метрге жуық бөлігі ауыстырылған. Кәсіпорын қазандықтарының дайындығы 100 пайызды құрайды.

Келесі кезекте Н.Исабеков «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының АҚ-1 қазандығының жағдайын көзбен көрді. Аталған кәсіпорын «Қант зауыты» алқабындағы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын жобаны 2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қаржыландыру жоспарлануда. Сонымен қатар А.Асқаров көшесі, №277 «Б» мекенжайындығы психикалық денсаулық орталығының, «Қарасу» тұрғын үй алқабы №29 және №38 үйлердің арасындағы жылу желілерін күрделі жөндеу, №32 орта мектеп қазандығының негізгі қондырғыларын ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталған. Кәсіпорында бүгінгі күні 390 тонна мазут қоры бар. Мекеме қысқы кезеңге 97 пайызға әзір.

Ал «София» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен 40 метр жылу құбырын ауыстырған. Қазандықтың негізгі қондырғыларын ауыстыру, жылу құбырларын қайта гидравликалық сығымдаудан өткізу жұмыстары толығымен аяқталып отыр. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы 100 пайызды құрайды.

Нұрсұлтан Арқабайұлы өз кезегінде жоспарланған жұмыстарды қазан айының басына дейін толығымен аяқтап, кәсіпорындар жылыту маусымына сақадай-сай болуы керектігін атап өтті.

«Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ да стратегиялық маңызы зор нысан. Қала әкімінің орынбасары жылыту маусымына қатысты екінші мәрте шаһарды аралау барысында аталған акционерлік қоғамның да жылыту маусымына әзірлігін тексерді. Мекеме бүгінгі таңда, №1, 2, 3 бу қазандарын және №1, 2 дренаждық сорғыларды ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтаған. Сондай-ақ мұнда резервтік мазут қоры жеткілікті. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындығы 100 пайызды құрайды.

Бұдан кейін зерделеу тобы Қылышбай ақын көшесі, №51, «Ақбұлақ» ықшамауданы, №2 және «Қарасу» алабы, №7 тұрғын үйлерге барды. Қазіргі таңда аталған үйлер жаңғыртудан өтуде. Жобаға сәйкес үйлердің қасбеттерін жөндеу, шатырларын ауыстыру, жертөлелерін жаңғырту және жылу желілерін жаңалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындар және қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандары тарапынан зерделеу нәтижесінде ішкі жылу жүйелерінде жөндеу жұмыстарын қажет ететін 114 көппәтерлі тұрғын үй анықталған болатын. Осыған байланысты, тұрғын үйлердің тұрғындарымен жиналыстар ұйымдастырылып, тиісті нұсқамалар берілді. Жөндеу жұмыстары алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда.

Шолпан ОРАЗБАЕВА,

Тараз қаласы әкімдігі медиа

орталығының журналисі