Президент тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы тиіс
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
Одан кейін бірқатар басқарма басшысына сөз берілді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың мәліметінше, білім беру ұйымдарының автономды қазандықтарына қажетті 41 572 тонна көмірдің 28 153 тоннасы жеткізілген. Дегенмен, Меркі, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында қатты отын жеткізу қарқыны төмен деңгейде қалып отыр.
Облыс халқының сумен жабдықталу деңгейі қалаларда 98 пайызды, ауылдық елді мекендерде 98,3 пайызды құрайды.
Биыл қалған 24 ауылдық елді мекен мен Тараз және Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқапта ауызсу жүйелерін жүргізу жұмыстары атқарылуда.
Бүгінгі күнге дейін 7 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар тіршілік нәріне қол жеткізді. Қалған 13 елді мекен мен 9 тұрғын алқаптағы құрылыс-монтаж жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал Мойынқұм, Шу және Қордай аудандарындағы 4 елді мекенде құрылыс барысының кестеден кешігуі байқалады.
Сонымен бірге жылыту маусымына дайындық барысын қатаң бақылауда ұстауды, автономды қазандықтар мен тұрғындарға қажетті көмірдің уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерболат Сейітбеков хабарлады.
Аталған қаражат есебінен 184 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 17,7 шақырым көшеге жаңа жол төселіп, 6 көпірдің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 8 шақырым жол қайта жаңғыртылады, ал 440,5 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта 101 жоба аяқталды.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды «Жол активтерінің сапа орталығы» жүргізуде.
Бүгінгі күнге дейін 119 нысан бойынша 203 рет инспекциялық тексеріс өткізіліп, 838 сынама алынған. Оның 585-і талапқа сай болса, 253 жағдайда сәйкессіздіктер анықталған. Жамбыл, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында кемшіліктерді жою шаралары қолға алынбаған. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен бірқатар ауданда сараптамасыз қабылдау, анықталған сәйкессіздіктерге қарамастан жұмыстарды ішінара немесе толығымен қабылдау фактілері тіркелген.
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, өңірде 184 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 139-ы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Атап айтқанда, 11 білім беру, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп, 6 денсаулық сақтау, 6 спорт, 8 мәдениет, 3 ауылшаруашылығы, 1 ішкі істер нысаны, сондай-ақ 50 тұрғын үй (2 390 пәтерлі) мен 50 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы бар. Бұдан бөлек, 1 415 пәтер сатып алу көзделген.
Қалған 45 нысан келесі жылға өтпелі.
Жалпы 2025 жылы құрылыс саласына 390,8 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша 188,5 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды.
8 айда 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жылдық жоспардың (765 мың шаршы метр) 52,7 пайызын құрайды.
Өңір басшысы жол жөндеу, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді талап етті.
Бұдан кейін облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев баяндама жасады.
Сонымен қатар облыс әкімі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбайдың хабарламасынан нақты ұсыныстар көрмегенін айтып, өңірдің бас сәулетшісінен нәтижелі жұмыс күтетінін ескертті.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша Байзақ, Меркі және Қордай аудандарының әкімдері, сондай-ақ өңірдегі жедел жағдайларға қатысты бірқатар департамент, басқарма мен кәсіпорын басшылары есеп берді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жұмысты жүйелі ұйымдастырып, көтерілген барлық мәселені жіті бақылауда ұстай отырып, дер кезінде шешу қатаң түрде тапсырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі