Жамбыл жаңалықтары

Екі аптада үш қайғылы жағдай

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың жиілеп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық неге жиілеп кетті?!

Өңір басшысы бұған дейін аталған мәселе бойынша нақты тапсырмалар бергенін, алайда жауапты тұлғалардың қабылдаған шараларынан нақты нәтиже көрмей отырғанын қатаң түрде ескертті.

Сонымен бірге әр ауылдық округтің жеке өз учаскелік полиция инспекторы болуы тиіс екенін алға тартып, бос штаттарды шұғыл толықтыруды жүктеді.

Ербол Қарашөкеев орын алған мәселелерге қатысты лауазымды тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шешімдер қабылдады.

Облыс әкімі аппаратына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке «сөгіс», Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қабылдау тапсырылды.

Білім басқармасынан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының және өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыруды талап етті.

Облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шұғыл зерделеу тобын құрып, әр білім беру мекемесінде кеңейтілген сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша тиісті жұмыстарды жедел ұйымдастыруды міндеттеді.

Бұл құрылатын топ өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіруге күш салуы тиіс. Топ жетекшісі ретінде Тараз қаласы және аудан әкімдері жеке жауап беретін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі