Қазақстанда тамыз айында еңбек нарығында мұғалімдерге сұраныс күрт артты
Тамыз айында «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасына 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланды, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұл шілдемен салыстырғанда 128,9%-ға (+135 мың) көп. Ал жұмыс іздеушілерден түскен түйіндемелер саны 138,5 мыңды құрап, 6,3%-ға (-9,3 мың) азайды.
Бос орындардың басым бөлігі білім беру (120,7 мың), ақпарат және байланыс (17,4 мың), қызмет көрсету (17,1 мың) және өңдеу өнеркәсібі (15 мың) салаларына тиесілі. Бұл төрт сала жалпы сұраныстың 70%-дан астамын құрады. Әсіресе білім беру саласында мұғалімдер мен тәрбиешілерге қажеттілік артты.
Сұраныстың жартысынан көбі (52%) жоғары білікті мамандарға бағытталған. Оның ішінде 81,6 мың бос орын білім беру саласына тиесілі. Орта білікті мамандарға – 31% (75,2 мың), біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 17% (40,4 мың) сұраныс байқалды.
Аймақтар арасында бос орындар өсімі Алматы (+387,5%), Жамбыл (+377,4%), Батыс Қазақстан (+242,4%), Ақтөбе (+198,4%) және Жетісу (+182,7%) облыстарында ерекше байқалды. Ал түйіндеме саны Алматы облысы, Алматы қаласы және Түркістан өңірінде артқанымен, Шымкент пен Солтүстік Қазақстанда төмендеді.
Кәсіптер бойынша ең көп сұранысқа ие мамандықтар: PR-менеджерлер (16,3 мың бос орын), математика пәнінің мұғалімдері (7,6 мың) және тәрбиешілер (6,1 мың). Орта білікті мамандар ішінде тәрбиеші көмекшілері, күзетшілер мен жүргізушілер алда тұр.
Тамызда ең жоғары жалақыны талап еткендер – техникалық директорлар мен ұшқыштар (шамамен 1,2 млн теңге), сондай-ақ коммерциялық директорлар (~1,1 млн тг). Ал жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы кен өндіру саласындағы цех басшысына (843,8 мың теңге) белгіленді.
Жалпы, жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру саласындағы маусымдық сұраныс еңбек нарығындағы негізгі трендке айналды.