Жаңалықтар

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының билеттері сатылымға шығатын күн белгілі болды

«Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының өз алаңындағы ойындарына билеттер сату тәртібін жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Алматыда өтетін «Қайрат» – «Реал Мадрид» кездесуіне билеттер 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де сатылымға шығады. Оларды клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp қосымшасы және Ticketon платформасы арқылы ғана сатып алуға болады. Бір ЖСН бойынша ең көбі екі билет алуға рұқсат етіледі.

УЕФА-мен келісілген баға диапазоны – 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін. Абонемент иелері өз орындарын алдын ала және тиімді бағада рәсімдей алады. Ticketon өкілдері олармен жеке байланысып, сатып алу тәртібін түсіндіреді.

Билеттердің бір бөлігі әлеуметтік және клубтық квоталар аясында бөлінеді. Олар «Қайрат» академиясы мен филиалдарының тәрбиеленушілеріне, паралимпиадашыларға, клуб қызметкерлері мен ардагерлеріне, сондай-ақ демеушілерге беріледі.

Клуб жалған ақпараттарға сенбеуді ескертті: билеттер тек ресми арналар арқылы алынғанда ғана жарамды болады.