Мемлекет басшысы Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Мемлекет басшысына елдегі заң үстемдігінің жай-күйі мен прокуратура органдарының негізгі бағыттар бойынша атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді.
Бас прокурор Берік Асылов:
- Арнайы прокурорлардың мемлекет мүддесіне және азаптауға қатысты аса маңызды, сондай-ақ қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу барысын баяндады.
- Биыл сотқа 55 қылмыстық іс жолданып, 112 адам сотталды. Қазір 80 іс соттарда қаралуда.
- Арнайы прокурорлар тексерген істер бойынша 14,4 млрд теңге залал өтелді.
- Қылмыстық жолмен табылған кірістерді іздестірудің жаңа тәсілдері мен оларды ел экономикасына қайта бағыттау жөнінде мәлімет берді.
- Қозғалған істер бойынша жалпы құны 105 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
- Тек есірткіге қарсы істердің өзінде шамамен 12 млрд теңгенің активі тәркіленді.
Активтерді қайтару жұмыстары туралы баяндады.
- Соңғы екі жылда прокуратура органдары арқылы 850 млрд теңгенің активтері мемлекетке қайтарылды. Бұл қаржыға өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салу жоспарланған. Бүгінде 60 нысан пайдалануға берілді.
- Сонымен қатар Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Бас прокуратура жанындағы ведомствоның атауы өзгеретіні айтылды. Жаңа формат кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға, инвестиция үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ.
Президент:
Барлық салада заңдылықты қамтамасыз етіп, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың алаяқтыққа, есірткі саудасына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге қарсы іс-қимылын тиімді үйлестірудің маңызын атап өтті.
Бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеуді қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.