Барды бағалай білейік
«Ұлттың ұлт болып қалуы – тілі мен ділінде, мәдениеті мен өнерінде» деген тағылымды сөзді берік ұстанған «Miras» аймақтық кеңесі өңір руханиятын өркендету, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Жақында Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы тарихи-өлкетану музейінде кеңестің кезекті көшпелі отырысы өтті. Бұл жиын – жай ғана басқосу емес, ел руханиятын жаңа белеске көтеруді мақсат еткен маңызды шара болды.
Отырысқа аймақтық кеңес мүшелерімен бірге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының ардагерлері, жастар қатысты.
Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің проректоры Асқар Абдуалы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев, ақын Үміт Битенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева пайымды пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, «Асыл Арман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, журналист Жалғас Қошқарбай, «Аква 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Анар Досымбаева өз ойларын ортаға салды. Бұл азаматтар – қоғам дамуына, ұлттық мәдениет пен руханияттың өркендеуіне үлес қосып жүрген тұлғалар.
Кеңес мүшелері алдымен Айшабибі ауылындағы «Әулие бастау» қала жұрты мен бұлағына барып, тарихи орынның жай-күйін көзбен көрді. Сондай-ақ аудандық орталық кітапхана құрылысымен, мәдениет үйінің шығармашылық бағыттарымен және тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды. Рухани сапар келесі кезекте кеңес жұмысымен жалғасын тапты. Басқосуды ашып, жүргізген Асқар Абдуалы өңір мәдениетінің дамуына серпін берер тың ой өрбітті.
Күн тәртібінде үш мәселе, яғни Жамбыл ауданындағы мәдениет нысандарының жай-күйі, ұлттық ойындар мен рухани құндылықтарды насихаттау іс-шараларының деңгейі, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыстық жол картасында белгіленген «Мәдени объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету» міндеттерінің орындалуы қаралды.
Аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова өз баяндамасында өңір мәдениетінің бүгінгі тынысы мен жетістіктерін, алдағы жоспарларды егжей-тегжейлі таныстырды. Жамбыл ауданында бүгінде 38 мәдениет нысаны жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Онда 264 қызметкер еңбек етеді. Аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клубтар жанындағы үйірмелерге 778 адам қатысса, оның 600-ден астамы – балалар. Олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалып, әлеуметтік аз қамтылған және қиын топтағы жасөспірімдер де тартылып отыр. Осы жылдың өзінде аудан өнерпаздары халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Айшабибі ауылындағы «Балауса» би тобы халықаралық «BiStyle» өнер байқауында бас жүлде алса, «Ақкербез» би тобы Түркістанда өткен «Turkestan FEST» фестивалінде бірінші орынды иеленіпті. Өрнек ауылының жас бишілері мен әншілері де республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінген.
Махпал Сатыбалдықызы атап өткендей, аудандық кітапханалар жүйесінде жыл басынан бері 650-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 11 мыңнан аса адам қамтылған. Кітап қоры 179 мың данаға жетсе, оның 130 мыңнан астамы – мемлекеттік тілде. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында аудан оқырмандары түрлі республикалық байқауларда үздік деп танылыпты.
Мәдениет – халықтың рухани өзегі. Біз үшін басты мақсат – ауылдық жерлердегі тұрғындардың мәдени өмірге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Кітапхана мен клуб – ауылдың жүрегі, жастардың болашағына жол ашатын алтын көпір, – деді Махпал Сатыбалдықызы.
Осылайша, «Miras» аймақтық кеңесінің Жамбыл ауданындағы көшпелі отырысында атқарылған жұмыстармен қатар алдағы міндеттер де сараланды. «Мәдениет – ұлттың рухани айнасы, мәңгілікке жол ашар темірқазығы. Біз осынау құндылықтарды сақтап, болашаққа жеткізу үшін бірлесе еңбек етуіміз қажет» деген түйін сөз кеңестің басты мақсатын айқындады. Жиында айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмай, барлық пікірлер тиісті мекемелерге жолданып, партияның бақылауында болмақ.
Аружан КҮНТУБАЙ,
журналист.
Жамбыл ауданы