Мәуліт – мейірім мен берекенің айы
Мәуліт – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күнін атап өту рәсімі. Бұл мереке һижри жыл санауы бойынша рабиғул әууәл айына сәйкес келеді. Сондықтан да бұл айды мұсылмандар «Мәуліт айы» деп те атайды. Бұл – әлемдерге рақым етіп жіберілген соңғы Пайғамбардың дүниеге келген қасиетті уақыты.
Алла Тағала Құранда: «(Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» – деп баяндайды. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірге келуі – бүкіл адамзат үшін шексіз нығметтің бастауы.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мәулітін атап өту – Ислам тарихындағы ұлы оқиғаларды еске алудың жарқын үлгісі. Бұған дәлел ретінде Мүслимнің риуаятындағы мына хадисті келтіруге болады: «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті» – деп, дүйсенбі күнінің ерекшелігін айтқан. Яғни Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келген күннің қасиеттілігін өзі де мойындап, сол күнгі оразаның сауабын атап өткен.
Бұхаридің риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинаға келгенде яһудилердің ашура күні ораза ұстайтынын көріп, себебін сұрағанда, Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) құтқарылған күні екенін білген соң: «Оларға қарағанда Мұсаға біз жақынбыз» – деп, өзі де ораза тұтып, сахабаларды да соған үндеген.
Сол секілді, Мәулітті атап өту – Пайғамбарға (с.ғ.с) деген махаббат пен құрметтің көрінісі. Бұл жайында: «Кімде-кім Мені баласынан, әкесінен және жалпы адамдардың бәрінен артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайды» – деген хадис айқын дәлел.
Омар ибн Хаттаб (р.а.а) бұл хадистен кейін: «Сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болмайсың» – деп, шынайы сүйіспеншіліктің өлшемін көрсетеді.
Бұхаридің риуаяты бойынша, Әбу Лаһаб өзінің күңі Суайбаны азат еткені үшін дүйсенбі күні азабы жеңілдетіледі. Егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дүниеге келуіне қуанған кәпірдің жағдайы осындай болса, онда Алланы бір деп білген мүміннің алар сыйы одан әлдеқайда мол болмақ.
Қадірлі айдың қадір-қасиеті жайлы Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Абиров айтып өтті.
Мәуліт айында мұсылмандар бір-біріне мейіріммен қарап, жақсылық істерге ұмтылады. Мешіттерде мәуліт оқылып, Пайғамбардың өмірі мен өнегесі туралы уағыз-насихаттар айтылады. Бұл – тек діни рәсім ғана емес, адамдарды ізгілікке, адамгершілікке, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелейтін рухани іс-шара.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірі – мұсылман үшін ең биік үлгі. Оның әділдігі, кешірімділігі, қарапайымдылығы мен шексіз сабыры – бәрімізге өнеге. Мәуліт айында осы қасиеттерді еске алып, әр мұсылман өз бойындағы көркем мінезді дамытуға ұмтылады.
Мәуліт кештерінде Құран оқылып, салауаттар айтылып, халыққа насихат жүргізіледі. Сонымен қатар, мұқтаждарға көмектесу, садақа беру сияқты амалдар арқылы осы айды берекелі өткізу – сауапты іс.
Мәуліт айы – тек еске алу емес, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін өмірімізге енгізу, сонымен өмір сүруге талпыну уақыты. Бұл айда иманымызды жаңартып, жүрегімізді жұмсартып, ізгі амалдарға бет бұруымыз керек. Себебі, Пайғамбарға (с.ғ.с) деген шынайы махаббат – оның айтқандарымен амал ету арқылы көрініс табады.
Қазіргі қоғамда имандылықты, сабырды, шүкіршілікті, кішіпейілділікті арттыру үшін Мәуліттің тәрбиелік мәні зор. Балалар мен жастарға Пайғамбардың өмірі жайлы айту, оның өнегелі жолын таныстыру – болашаққа рухани инвестиция.
Мәуліт айы – мейірім мен берекенің, рухани жаңарудың, салауат пен сауаптың айы. Бұл айда Пайғамбарымызға (с.ғ.с) көптеп салауат айтып, оның сүннетін ұстануға талпыну – әр мұсылманның міндеті әрі мәртебесі, – деді Рахымбек Кенжебайұлы.
Шариғатқа қайшы келмейтін әрбір жақсылық – Исламның негізіне сай. Пайғамбарымыз (с.с): «Кімде-кім Исламда бір жақсы жол түзіп кетсе, оған оның сауабы және одан кейін онымен амал еткендердің сауабы болады, ал бұл олардың сауабын кемітпейді. Ал кім Исламда жаман жол түзіп кетсе, оған оның күнәсі және одан кейін онымен амал еткен адамдардың күнәсі болады, ал бұл олардың күнәларының ауыртпашылығын азайтпайды» – деп ескерткен (Муслим).
Демек, Мәулітте Құран оқу, хадистерді насихаттау, кедейлерге тамақ беру, тәтті тарату, балалар мен жастарға Пайғамбардың өнегелі өмірін таныстыру сияқты амалдардың барлығы – сауапқа жетелейтін істер.
Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Алла Тағала бұл үмметті ешқашан адасудың үстіне жинамайды» – деп, үмбет бірлігі мен ортақ құндылықтардың маңыздылығын ескерткен.
Мәуліт айында облысымыздың мешіттерінде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне Мәуліт жыры оқылды.
Мәуліт жырын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, сондай-ақ қари Қасымжан Бектаев пен имам Ораз Баймаханов бірге оқып, мешіт жамағаты Пайғамбарға деген сағынышқа толы салауаттар айтты.
Іс-шара барысында Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнегелі өмір жолы мен адамзатқа жеткізген тағылымды істері жайлы уағыз айтылып, көпшілік сүйікті Пайғамбарымыздың шапағатына бөленуді тілеп дұға жасады.
Мешіт қабырғасын салауат пен мадақ кернеп, жамағат рухани нәр алып, жүректер иман нұрына толды. Жиналған көпшілікке мерекелік дастарқан жайылып, тәттілер мен құрма таратылды.
Ал Шу ауданындағы «Кәрібай молда» мешітінде Мәуліт айының құрметіне Мәуліт шәриф оқылып, жиналған жамағат Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтты.
Жиналғандарға Мәуліт мерекесінің берекесін дәріптеу мақсатында Зәмзәм суы мен құрма таратылды. Бұл жамағаттың рухани көңілін көтеріп, мерекелік қуанышты арттыра түсті.
Айжан ӨЗБЕКОВА