Инфрақұрылымы жақсы мектептің келешегі кемел
Балалардың білім ошағында алаңсыз білім алуы үшін оларға лайықты жағдай жасалуы керек. Мысалы, мектептерді газбен, ауызсумен, тұрақты интернет желісі секілді инфрақұрылыммен тұрақты қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Бұл тұрғыда Жамбыл ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Әбдірәсілованың айтуынша, аталған ауданда 53 білім беру мекемесі бар болса, оның 30-ының жетеуі бастауыш, біреуі негізгі, 22-сі жалпыға бірдей білім беретін мектеп көрінеді. Сонымен қатар мұнда өнер мектебі, техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы, педагогикалық - психологиялық түзету кабинеті, екі жекеменшік мектеп пен 10 мемлекеттік, 8 жекеменшік балабақша бар екен.
Биыл ағымды жөндеуге ауданда 106 миллион теңге бөлініп, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің ғимараты ағымды жөндеуден өткізіліпті. 2 мектепті газдандыру, 2 мектепте жылыжай зертханасын іске қосу, 2 мектепке ауызсу жүргізу және басқа да қажетті нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген екен. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті 1957 жылы салынғандықтан, бұл ұйым ескі ғимаратта 2006 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқанын айта кетуіміз керек.
Қазіргі уақытта Абай көшесі, №67 мекенжайында орналасқан кірпіштен салынған әкімшілік ғимаратқа да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жақында пайдалануға берілетін көрінеді. Аудан аумағындағы газдандырылған елді мекендердегі орналасқан білім беру мекемелерінің жылыту жүйесін газға ауыстыру бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатса керек.
Биыл аудандағы білім беру мекемелері 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Абай және Гродеково орта мектептеріне ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары толық аяқталған екен. Жылыту маусымына дайындық бойынша 43 білім беру мекемелеріндегі электр желілері, өрт сөндіру құралдары қайта тексеруден өткізіліп, оқу кабинеттеріне жылу өлшеуіш термометр орнатылыпты. «Балдырған» бөбекжай бақшасы ғимаратын ағымды жөндеуден өткізу арқылы жеке модульді автономды қазандық қою жұмыстары жоспарға сай жүргізілмек. Білім бөлімі тарапынан оқушылардың дамуына ықпал ететін кітапхана, асхана, спортзал, акт зал сынды маңызды нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады екен.
Бүгінгі таңда аудандағы білім беру ұйымдарында оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде интернетке қолжетімділік мәселесі басты назарда тұр. Өйткені қазіргі заманның білім беру жүйесі ақпараттық технологияларсыз, онлайн платформалар мен цифрлық құралдарсыз толыққанды жүзеге аспайтыны белгілі. аталған білім бөлімінің басшысы аудандағы жалпы саны 30 білім беру мекемесінің барлығы интернет желісіне қосылғанын айтады. Әр мектепте Wi-Fi құрылғылары орнатылып, ұстаздар мен оқушыларға еркін пайдалану мүмкіндігі жасалыпты. Мектептердің интернетпен қамтылуы бүгінгі таңда 100 пайызды құрап отыр. Бұл – аудан мектептерінің түгелдей дерлік интернетке қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Айта кету керек, шалғай ауылдардағы мектептер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Жамбыл ауданы бойынша үш білім ордасы – №2 орта мектеп, Жамбыл орта мектебі және Матросов атындағы негізгі мектеп – Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылыпты. Аталған жылдам әрі тұрақты интернет шалғайдағы ауылдарға үлкен мүмкіндік беріп отырған көрінеді. Жаңа жүйенің арқасында ауыл оқушылары да қаладағы замандастарымен бірдей деңгейде білім ресурстарына қол жеткізіп отыр. Онлайн сабақтарға қатысу, цифрлық кітапханалар мен түрлі білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігі кеңейе түскен. Жалпы, аудан мектептерінің түгелдей интернетпен қамтылуы білім сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартуға, оқушылардың ақпараттық сауаттылығын дамытуға зор ықпал етуде.
Мектеп инфрақұрылымын мемлекет тарапынан жаңарту жұмыстарымен қатар, жергілікті ата-аналар мен түлектер тарапынан да қолдау көрсетіліп, білім мекемелерін дамытуға өз үлестерін қосып жатқанын айта кетуіміз керек. Мысалы мектепті 20,30,40 жыл бұрын бітірген түлектер өздерінің білім ошақтарына 5 968 000 теңгеге 30-ға жуық сыйлық тарту етіпті. Атап айтсақ, шатер, теледидар, сағаттар, киіз үйдің қанаттары ұсынылып, субұрқақты жөндеу және мектеп ішін безендіру жұмыстары жүргізіліпті.
Қорыта айтқанда, Жамбыл ауданы мектептерінің инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып, нығайып келеді. Заманауи пәндік кабинеттердің жасақталуы, сапалы интернеттің қолжетімді болуы оқушылардың қамы үшін жасалған игілік. Қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі мен түлектердің қамқорлығы да жас ұрпаққа лайықты білім беру ісіне қызмет етіп отыр. Осындай жетістіктер ауданның білім беру саласының әлеуетімен қоса абыройын да асқақтата беретіні сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ