«Шетелге кеткен жас ғалымдарды кері қайтаруымыз керек»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздегі ғылым саласына айрықша назар аудару қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеген болатын. Сол маңызды жиында Мемлекет басшысы: «Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру», – деп атап көрсетті. Осы орайда біз өңірдегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановпен тілдескен едік.
– Мұхтар Қазбекұлы, әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталды. Студенттердің қатары жаңа толқынмен толықты. Осы орайда өткенге шегініс жасап, әңгіменің әлқиссасын балалық шақтан бастасақ. Жалпы өзіңіз қай өңірде өсіп-өндіңіз? Мектеп қабырғасында қандай оқушы болдыңыз?
– Биыл жарық көргеніне 20 жыл толғалы отырған «AR-AI» жастар газеті – облысымыздағы беделді басылымның бірі. Мен де сіздермен жаңа оқу жылы басталған тұста жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.
Менің туып-өскен жерім қазіргі Жетісу облысы, Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылы. Осы Жарлыөзек ауылындағы орта мектепте оқып, білім алдым. Мен оқыған мектеп Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың үлгісін көрсеткен даңқты 28 панфиловшыларлың бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың есімімен аталады. Өзім көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Біздің дұрыс азамат болып қалыптасуымызға ата-анам жете мән берді. Олар қолға алған қандай да бір істі аяғына дейін жеткізуге және оны адал орындауға дағдыландырды. Әкеміз кеңшардың ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарды. Бала тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлетін. Анамыз кеңшарда еңбек етті. Таңның атысынан, күннің батысына дейін қым-қуыт жалғасып жататын кеңшардың және үйдің шаруасынан бөлек, әкеміз бен анамыз біздің сабағымызды да қатты қадағалайтын.
Біздің отбасымыздағы балалар бәріміз дерлік жақсы оқыдық. Өзімді мектеп қабырғасында тәрбиелі, сабақ үлгерімі жақсы оқушының бірі болдым деп ойлаймын. Бұл ата-ананың бізге берген тәлім-тәрбиесі мен айтқан ақылдарының арқасы. Менің мектепте физика, математика сияқты пәндерге қызығушылығым басым болды. Оның үстіне математика пәнінің мұғалімі Райкүл апай мықты ұстаз еді. Ол кісінің әкесі де математика пәнінің мұғалімі болатын. Мектептен кейін осы апайымның кеңесімен математика пәні мұғалімі мамандығын таңдап, Жетісу педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, қызыл дипломға бітіріп шықтым.
Осы деңгейіме жетуіме басты себепкер болған отбасыдағы тәрбие, табанды еңбек, кәсібіме деген адалдық десем артық айтқаным емес.
– М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті тарихы тереңнен тамыр тартатын еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі екені белгілі. Осы орайда өткенге көз жүгірте отырып, университеттің бүгінгі даму барысы туралы айтып берсеңіз. Жас мамандарды даярлау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Оқу ордасының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай қаншалықты деңгейде жетілдірілуде?
– Біздің М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті – оқу, ғылыми-инновациялық даму, тәрбие бағыттарымен қатар, өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени тіршілігімен тығыз байланысты. Университет көптеген мамандықтар бойынша мамандарды үш сатылы даярлауды іске асырып, аймақтың жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қамтамасыз етіп келеді.
Айтып өтсем, Дулати университетінің тарихы 1958 жылдан бастау алады. Алғашында «Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы» институты болып құрылған. 1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының гидромелиоративтік факультеті негізінде «Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс» институты ашылды. 1963 жылы «Қазақ химия-технологиялық» институты филиалының негізінде «Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық» институты құрылды. 1996 жылы Жамбыл педагогикалық институты негізінде Жамбыл университеті іске кірісті. Ал 1997 жылы Жамбыл университетіне Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілді. 1998 жылы – Жамбыл университеті, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты және Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты бірігуі негізінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ашылды. 2020 жылдан бастап М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті болып аталған жоғарғы оқу орны 2024 жылдан бері М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті болып қайта құрылды.
Университетте 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің (РХТУ) филиалы ашылды. Сонымен қатар Менделеев сыныптары ашылып, 9,10,11 сыныптарды тереңдетіп оқытуға арналған білім бағдарламалары жүзеге асуда. Университетте 6 факультет, 1 колледж жұмыс істейді.
Дулати университетінің білім беру қызметінде қазіргі кезеңде бакалавриатта - 114, магистратурада - 47, докторантурада - 9, барлығы 170 білім бағдарламасы бар.
Елімізде жоғары білім, ғылым саласы жаңа қарқын алды. Бүгінде ғылымды дамытуға бағытталған оң үрдістер қалыптасты. Қазіргі таңда ғылымды қаржыландыру соңғы үшжылдыққа қарағанда 3,3 есеге өсіп, 2026-2027 жылдары 730 миллиард теңге болмақ. Аймақтың экономикалық дамуы өңірлік ғылымды дамытумен тіклей ұштасып жатыр.
Университетімізде ғылымды одан әрі дамыту мақсатында педагогикалық бағыт бойынша дүниежүзілік банк қаржыландыратын фин жобасы аясында әзірленген 15 білім беру бағдарламасы және 22 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтерді басқару, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, сурдопедагогика негіздері мен олигофренопедагогика, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі тәрбиеші-логопед, кино және медиа, актерлік өнер, цифрлық электр энергетикасы, мұнай-газ саласындағы цифрлық инженерия және тағы басқа да білім беру бағдарламалары бар. Сонымен қатар, Д.И. Менделеев атындағы РХТУ және Испания мемлекетіндегі Браганса университетімен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен университет жетекші онлайн-ресурстар мен оқу платформаларына қол жеткізді. Осы мүмкіндік аясында 1300-ден астам студент халықаралық Coursera платформасында өзекті курстардан өтіп, цифрлық және кәсіби құзыреттерін кеңейтті. Педагогикалық және инновациялық тәсілдерді кеңейту үшін университеттің 10 оқытушысы мен қызметкері «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдің беделді университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.
Өткен оқу жылында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен шетелдік белгілі 10 профессор ғалым университетке дәріс оқуға шақырылды. Биыл қабылдау комиссиясының жаңа форматы енгізілді. Қабылдау комиссиясының дизайны жаңартылып, талапкерлерге ыңғайлы аймақ жасалды. Онлайн-залда өзіндік тіркеу, электронды кезек жүйесі енгізілді. Кәсіби бағдарлау жұмысы Қазақстанның барлық өңірін қамтып, университеттің танымалдылығы мен тартымдылығын арттырды. Қабілетті студенттерді қолдау мақсатында 20-дан астам ішкі білім гранты бөлінді. Осындай атқарылған жұмыстар нәтижесінде бірінші курсқа студенттерді қабылдау айтарлықтай артты. 2024 жылы 2896 студент қабылданса, 2025 жылы 3583 студент қабылданды.
Барлық корпустар жоғарғы жылдамдықты интернет және Wi-Fi желісімен қамтылған. Өткен жылы халықаралық стандарттарға сәйкес 50 серверге арналған деректер орталығы ашылып, қашықтан оқытуға, вебинарлар мен онлайн-курстар жазуға арналған интерактивті бейнестудия іске қосылды. Студенттерге электронды кітапхана мен Scopus, Elsevier, РМЭБ деректер базаларына қолжетімділік берілді. Студенттерді оқыту үшін «Platonus AИС», «Ирбис» жүйесі қолданылады. Коммуникация үшін «@dulaty.kz» корпоративтік поштасы енгізілген және «Active Directory» сервис каталогы іске қосылды. Студенттерге білім беру процесін жеңілдететін жасанды интеллект негізіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін интеллектуалды көмекші (чат-бот) қолжетімді. «Қалтадағы университет» мобильді қосымшасын әзірлеу жоспарлануда, ол коммуникация, оқу және хабарландыруларға арналған. Аймақтардың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және басқа да мәселелерін шешуде әр өңірдегі университеттер мен жергілікті өндіріс орындары арасында арнайы келісім, ынтымақтастық байланыс орнатылған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бастамасымен Қазақстандағы жетекші университеттердің ғылыми әлеуетін дамытуға қосымша қаржы бөлініп, қаражат әр саланың ерекшелігіне бағытталған заманауи зертханалар ашуға, сұранысқа қажетті мамандар даярлауға бағытталды. Осы бастама аясында 2024 жылы ғылыми-техникалық тапсырма бойынша конкурстық негізде 6 университет академиялық басымдылық орталықтарын ашу мүмкіндігіне ие болды.
Дулати университеті облыс әкімдігі, облыстық білім басқармасымен бірлесіп, Жамбыл облысының жаңа мамандықтар Атласын әзірлеу бойынша бірегей жобаны жүзеге асырды. Жоба аясында оқыту, социалогиялық зерттеулер, кәсіби бағдар жұмыстары жүргізіліп, перспективалық мамандықтар айқындалады. Алдағы уақытта жаңа мамандықтар Атласына сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. Сонымен қатар университет бизнес, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдармен стратегиялық альянстар құрып, өңірдің нақты мәселелерін шешуге және сұранысқа ие мамандар даярлауға күш салуда. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп химия және химиялық технологиялар саласында кадр даярлау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтитын инновациялық тәсілдер енгізілуде. Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе мемлекеттік қызметке даярлау және түлектерді жұмысқа орналастыру тірегі іске қосылды. Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, болашақ аналитиктерді тәжірибеге бағытталған тренингтер мен мастер-класстар арқылы даярлау басталды. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығы фронт-офистеріне мамандар даярлау қолға алынды. Мұнда заңгерлік сауаттылыққа, сервистік дағдыларға және цифрлық шешімдерге басымдық берілуде. Бұл бағытта да серіктес ұйымдармен жұмыстар жалғасуда.
Университеттің 16 оқу корпусы және 2 жатақхана бар. Қазіргі таңда оқу ордасының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. Оқу кабинеттері мен оқу залдарындағы жабдықтар, интерактивті құралдар, сондай-ақ жаңа қондырғылармен жабдықталған зертханалар практикалық жұмыстарды қолдана отырып, лекциялар, семинарлар өткізуге мүмкіндік береді.
Еліміздегі ғылымды дамытуда ғылыми зертханалардың маңызы өте зор. Осы орайда біздің университеттің ғылыми-техникалық базасы жаңартылып, заманауи қондырғылармен толықтырылуда. Университеттің жанынан ашылған Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз филиалына да қажетті «аналитикалық химия», «органикалық химия», «физика» және «тіршілік қауіпсіздігі» бойынша зертханалар орнатылған. Біз алдағы уақытта барлық зертханаларды халықаралық аккредитациядан өткізуді жоспарлап отырмыз.
Оқу орнының заман талабына сай болуы үнемі бақылауда. Биыл 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық ағымдағы жылдың мамыр айынан басталды. Қазіргі таңда барлық оқу корпустары, сондай-ақ №1 және №3 жатақханаларына толығымен ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу корпустарының, жатақханалардың ескірген жиһаздарының орнына жаңасы қойылды. 2025 жылдың жоспары бойынша 340 дана асхана үстелі, 510 дана бір есікті тумбалар, 30 дана оқу үстелі, 800 дана орындық, 127 дана кітап сөрелері, 125 дана киім шкафтары алынды. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап университеттің 4.1 және 4.2 оқу корпустарына және «Жастар әлемі» асханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, оқу орнының 5.2 оқу корпусының спорт кешенінің төбесі толығымен ауыстырылса, 1.2 және 1.3 корпустарында су құбырлары толығымен жаңартылды.
– Биыл оқу ордасында қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Университетіміздің ұжымы жаңа оқу жылына тың серпінмен кірісті. Жаңа оқу жылында оқу ордамыздағы жаңа жетістіктер мен жаңа өзгерістердің куәсі боламыз деген ойдамыз.
Басты жаңалықтың бірі – Қазақстанның жоғарғы оқу орындары арасында В004-«Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша ХVII республикалық пәндік олимпиаданы университетіміздің қабырғасында өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ ғылыми бағыттағы белсенділік күшейеді. 2026-2028 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландыру санын көбейту, 2025-2027 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа жас ғалымдарды қатыстыра отырып жаңа жетістіктерге қол жеткізу, шетелдік серіктестермен келісімшарттар жасау, жаңа оқу жылында республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға білімгерлерді көптеп қатыстыра отырып, үздік білімгерлер қатарын көбейту жұмыстары күтілуде.
Цифрлық білім беру платформалары кеңінен енгізіледі, университеттің білім беру мазмұнын байытып, педагогикалық бағытын тереңдету мақсатында ауқымды халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтетін болады.
Жаңа енгізілген педагогикалық инновациялар адамның кәсіптік қызметінің бәріне де тән болғандықтан, ол ғылыми түрде зерттеудің, талдаудың және тәжірибеге енгізудің нысанасына айналуы шарт. Осындай жүйелі жұмыстарды мақсатты іске асыру бағытында ғылыми ізденістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тәжірибесін мектептермен, педагогикалық колледждермен сабақтастыру мақсатында дуальды оқыту жүйесін іске асыру жұмыстары кеңейтіліп, педагогика саласы бағытында білім мен ғылым саласындағы инновациялар пилоттық жобалары негізінде жүзеге асырылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі жыл сайын өткізілетін «ЖОО-МЕКТЕП КООЛЛАБОРАЦИЯСЫ: инновация, технология және әдістеме» атты Халықаралық форумда талқыланып, жарияланып отыратын болады. Алдағы уақыттарда STEM/STEAM зертханаларын бірге ашу көзделуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу міндеттелген болатын. Осы орайда алғашқылардың қатарында сіз басқарып отырған университеттің базасында Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылып, іске кірісті. Бұл жүйенің тиімділігі қандай? Алдағы уақытта бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуы қалай болмақ?
– Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуының бір көрсеткіші - әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстанға аса қажетті техникалық бағыттағы оқу орындарының филиалдарын ашу туралы айтқан сөзі жастардың елден тыс кетпей-ақ, сапалы білім алуына жол ашатын жаңалықтың бірі болды. Шынында бұл қажетті мамандармен елді қамтамасыз ету мәселесін шешудің тиімді жолының бірі еді. Өз сөзінде ел Президенті «Бізге сапалы білім қажет. Бұл үшін шетелдің беделді университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу - тиімді шешім. Бұл бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне серпін береді» – деп атап көрсеткен болатын.
Бұл бастаманың бір тиімділігі – шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарына оқуға түскен талапкерлер мемлекеттік грант есебінен де оқуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге студенттер филиал талаптары мен ережелеріне сәйкес белгілі бір кезеңде шетелдегі университеттің негізгі базасында оқуға мүмкіндігі бар. Былайша айтқанда, шетелдік жетекші жоғары оқу орнының елімізде филиал ашуы бұл жастарға алысқа бармай-ақ өз елімізде халықаралық талапқа сай заманауи білім алудың, бір мамандық иесі атанып шығудың керемет мүмкіндігі. Жетекші оқу орындарының филиалдары еліміздегі жоғары оқу орындарының жанынан ашылатын болғандықтан, бұл филиалдар республикадағы барлық отандық жоғары оқу орындарының сапасын арттыруға, білім көкжиегін кеңейтуге, Қазақстан университеттерін өзара бәсекелестіру арқылы оқу үдерісін жақсартуға оң септігін тигізеді.
Біздің киелі Әулиеата өңірі – химия өнеркәсібі дамыған аймақтың бірі. Фосфор кенін игеріп, өнім өндіруде «Қазфосфат» ЖШС-нің маңызы өте зор. Аталған кәсіпорын Қазақстанның химия саласын дамытуға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға, сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеуші және жоғарғы технологиялық тауарлар өндіріп, оны өткізуге барынша күш салып жатыр. Бұл ретте, фосфор өнімдерін өндіретін жетекші кәсіпорында білімді де білікті кадрлардың болуы аса маңызды. Ал, облыс экономикасы химия өнеркәсібіне негізделгендіктен соған сай мамандар қажет.
Облысымызда тау-кен өңдеу, химия өнеркәсібі саласына жоғары білімді, білікті кадрларды даярлау мақсатында Дулати университеті, Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-і арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылып, біздің М.Х. Дулати университетінің базасында Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.
Осы жерде айта кететін жағдай, филиалды бітіруші түлектердің «Қазфосфат» ЖШС-не жұмысқа 100 пайыз орналасуы қарастырылған.
– Ендігі кезекте өңірде шешімін табуға тиіс мәселелер мен алдағы жоспарлар туралы да айтып берсеңіз.
– Өңірде құрғақшылық, жер сілкінісі, шегірткелер шабуылы, су тасқыны деген сияқты мәселелер жетерлік. Бұларға жақын болашақта әлемдік проблемаға айналу қаупі бар су тапшылығын қосуға болады. Табиғат катаклизмдері мен адам әрекетінен туындаған мұндай құбылыстар халыққа елеулі қиындық әкелетіні белгілі. Зерттеулер негізінде ғана оларды толық немесе ішінара жою, олардан болатын зиянды азайту шараларын жасауға болады және бұл аса қажетті жұмыс.
Дулати университеті ғалымдарының аймақ экономикасын дамытуға бағытталған ғылыми ізденістері айтарлықтай. Қазіргі уақытта университет «Қазфосфат» ЖШС-мен ынтымақтастықта ұзақ жылдар бойы жиналған өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату бойынша ғалымдардың жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын қолға алған. Атап айтқанда, құрылыс индустриясына қажет және сұранысқа ие портландцемент, талшықты темірбетон, гипс, ілеспе күкіртқышқылын өндіру бойынша зерттеу жұмыстары аяқталып, алдағы жылдары өндіріске енгізуді жоспарлап отырмыз. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша өңірдегі ірі және кіші жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың саны 52-ге жеткен. Мәселен, солардың алдыңғы легінде келе жатқан «Қазфосфат» кәсіпорны қазірге дейін 18 миллион тонна фосфогипс қалдықтарын жинаған. Дулати университеті бірнеше жоба әзірлеп, осы мәселені шешуді жоспарлап отыр.
Шетелге кеткен жас ғалымдар базасын жасай отырып, оларды кері қайтару, сонымен қатар ынталандыру жолын қарастыру да жоспарда бар. Жаңа технологияларды өндіріске енгізуде және тиімді пайдалануда артта қалу сыртқы факторларға тәуелділікті күшейтеді. Өкінішке қарай, ғалымдардың көптеген ғылыми-техникалық жаңалықтары туралы ақпарат тұтынушыларға жетпей жатады. Сондықтан жоспарлы түрде осындай жаңалықтарды, ақпараттарды тұтынушыларға жеткізетін орталықтар, ұйымдар ашу қажет.
– Бүгінгі жастар - егемен еліміздің ертеңгі сенімді тірегі. Дегенмен қоғамда кейбір аға буын өкілдерінің жастарға көңіл толмаушылығы байқалып қалып жатады. Ал сіздің өскелең ұрпақ туралы көзқарасыңыз қандай? Жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Бүгінде елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Өйткені өмір ағыны тоқтамақ емес, жастық шақ та жарқ етіп өте шығады. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Ал, біздің көптеген жастарымыз алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қоғам болғаннан кейін жастар арасында келеңсіз жағдайлар да орын алып, аға буын өкілдерінің жастарға көңіл толмаушылығы байқалып жатады. Жастарымыздың тура жолдан тайып кетуіне, өзге елдің біздің менталитетімізге жат әрекеттеріне еліктеуіне әлемдік жаһандану үрдісінің ықпалы да қатты әсер етуде. Бұл ретте жастар тәрбиесін қоғам болып одан әрі жандандырып, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіре отырып насихаттау маңызды.
Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымына айтарым, уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беру керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана сынақтардан сүрінбей өте алады. Мен жастарды бүгінде өздерінің озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қоса береді деп сенемін.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Сымбат ҚУАНЫШ