Өңдеу өнеркәсібі өркендейді
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялап, ел алдына жаңа міндеттер қойды.
Президенттің биылғы Жолдауы – еліміздің тағдырына тікелей ықпал ететін, жаңа тарихи дәуірде Қазақстанның қай бағытпен дамитынын айқындайтын құжат. Жолдау мазмұнына зер салсақ, ең әуелі бүгінгі әлемдегі ахуалдың күрделілігі, геосаяси шиеленістердің ушығуы, халықаралық қатынастардағы сенім дағдарысы, экономикалық теңсіздіктер мен жаңа сын-қатерлердің өршуі ашық әрі нақты көрсетілген.
Экономикалық бағыттағы бастамаларға келсек, Президент еліміздің даму болашағы үшін аса маңызды салаларды айқындады. Инвестиция тарту ісін жандандыру, екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы бөлуін күшейту, жаңа өндіріс орындарын ашу – осының барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етеді. Банктердің экономиканы қолдаудың орнына табысы мол, тәуекелі аз бағыттарға бет бұруы көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Сол себепті бұл түйткілді шешудің уақыты жетті. Ұлттық банк пен Үкімет банктердің қаражатын экономикаға тартудың тиімді жолдарын қарастыруға міндеттелді.
Цифрлық даму – Жолдаудың өзегіне айналды. Қаржы саласын цифрландыру, цифрлық теңгені енгізу, криптоактивтер нарығын дамыту, жаңа технологиялық шешімдер арқылы киберқауіпсіздікті күшейту – мұның бәрі Қазақстанды жаңа дәуірдің талаптарына бейімдеудің бірден-бір жолы. Цифрландыру тек қаржы жүйесін ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсету, салықтық әкімшілендіру, бизнесті реттеу ісін де жеңілдетуге бағытталуы тиіс. Мемлекет пен бизнес арасындағы қатынастың сервистік үлгісін қалыптастыру – болашақтың міндеті.
Сол секілді Жолдауда өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша мән берілді. Соңғы жылдары бұл салада айтарлықтай өсім болғанымен, алдағы уақытта өнімдерді терең өңдеуге, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті тауар шығаруға ерекше назар аудару қажет. Жаһандық үрдістерге сай сирек кездесетін металлдар мен басқа да стратегиялық шикізат түрлерін игеру, оны терең өңдеу ісін жолға қою еліміздің жаңа индустриялық қалыбын нығайта түседі. Алдағы жылдары тау-кен және газ-химия саласында жоғары технологиялық кәсіпорындар іске қосылмақ.
«Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет» – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Маңызды құжатта энергетика мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан үшін жасыл энергияны дамыту, жаңартылатын қуат көздерін игеру, атом энергетикасын дамыту аса маңызды. Бұл елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық шешім екені анық. Жолдауда көмір энергетикасын озық технологиялар арқылы дамыту, табиғатты ластамай пайдалануға да мән берілді. Энергетика саласындағы әрбір бастама еліміздің тұрақты дамуына жол ашпақ.
Геологиялық барлау ісін жандандыру – тағы бір өзекті мәселе. Жер қойнауын зерттеуді заманауи әдістермен жүргізу, жасанды интеллект көмегімен деректерді жүйелеу, жаңа зертханалар ашу – бұл Қазақстанның табиғи ресурстарын игеруді жаңа деңгейге шығарады.
Шағын және орта бизнесті қолдау – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Бүгінде еліміздегі шағын кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі көңіл қуантарлықтай болғанымен, өндіріс саласында оның белсенділігі әлі де төмен. Сондықтан бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, артық әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жеңілдету – кезек күттірмейтін іс. Мемлекеттік органдардың бизнесті жазалаудан гөрі қолдауына басымдық беру қажеттігі де орынды айтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы салық жүйесін жаңғыртуға айрықша тоқталды. Жаңа Салық кодексі салық төлеушілердің ашық әрі адал қатынасына негізделген болуы шарт. Әрбір жиналған салықтың ел дамуына, халықтың игілігіне жұмсалатынына сенім орнауы тиіс.
Жалпы алғанда Президенттің Жолдауы – елдің болашақ дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген маңызды құжат. Мұнда айтылған бастамалардың барлығы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономиканы әртараптандыруға, жаңа технологиялық дәуірге бейімделуге, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған. Бұл Жолдау – тек жоспар емес, нақты әрекетке шақыру. Әрбір азамат ортақ іске үлесін қосып, бірлік пен жауапкершілікті ту етіп ұстанғанда ғана біз көзделген мақсатқа жете аламыз. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан өзгерістерге селқос қарауға болмайды. Қиындықтар аз емес, бірақ алда үлкен мүмкіндіктер бар. Сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсек, Қазақстан жаңа тарихи дәуірде өз орнын айқындап, биік белестерге көтеріледі.
Әділхан ӘМІРХАНОВ,
«Super-Pharm» ЖШС даму директоры