Әлеумет

Стратегиялық мақсаттар қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында халықтың көкейінде жүрген негізгі әлеуметтік сауалдарға жауап берді және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін нақты құралдарды ұсынды. Қазақстанның алдағы кезеңдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының болашақ бағыттарын жариялады.

Президент атап көрсеткен мақсаттар мен міндеттер көпшілік көңілінен шықты деп ойлаймын. Мемлекет басшысы қоғамды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Олардың қатарында цифрлық технология мен жасанды интеллект, инвестициялық ахуал, өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, көлік-логистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы өзекті мәселелер қамтылған. Оның ішінде Президент инвестиция мәселесіне де айрықша басымдық берді. Негізінде бұл қажеттілік ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеруге қатысты туындап отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде инвестицияға талас күшейген қазіргі заманда Қазақстан тек жер қойнауын игерумен шектелмей, жоғары технология мен өндірісті дамытуға қаржы тартуы тиіс. Президент атап өткендей, ірі инвесторлармен қатар орта және шағын кәсіп иелерімен де жүйелі жұмыс жүргізу уақыт күттірмейтін мәселе. Инвесторлар үшін ашық әрі тиімді орта қалыптастыру, қағазбастылықты азайту, олардың құқығын қорғау маңызды мәселе екені рас.

Өз басым Жолдауды тікелей эфирде тыңдап отырғанда көп сауалға жауап таптым. Арқалайтын жүгі ауыр, ауқымы кең, мазмұны терең бұл Жолдауды еліміздің алдағы стратегиясын айқындаған құнды құжат деуге толық негіз бар.

Мұхтар ШАЙДАЕВ,

Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасы