1 008 азаматқа қайтарымсыз грант берілді
Биыл облыс бойынша кәсіпкерлікті дамыту бағытында әлеуметтік осал топтар санатына жататын азаматтар үшін жұмыссыздықты азайтып, жаңа бизнес ашу мақсатында 1 008 азаматқа 400 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) немесе 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланыпты. Бұл туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібеков өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді. 2025 жылдың маусым айында комиссияның оң шешімімен 501 азаматқа, ал қыркүйек айында 507 адамға қайтарымсыз грант беріліпті.
Қайтарымсыз грант қаржысын иеленгендер 6 санатқа бөлінген. Саралай айтсақ, көпбалалы – 682, мүмкіндігі шектеулі – 186, мүгедек баланы тәрбиелеуші – 79, асыраушысынан айырылған – 42, қандас – 3, атаулы әлеуметтік көмек алушы 16 азамат грантқа ие болған.
Мекеме директорының айтуынша, қайтарымсыз грант қаражаты 44 азаматқа мал және құс шаруашылығы бағытында, 100 азаматқа түрлі қызмет көрсету саласында, 56 азаматқа кондитер және нан өнімдері бағытында, 84 азаматқа тігін шеберханаларын ашу бағытында қаржы тағайындалған. Сондай-ақ 31 азаматқа жартылай фабрикаттар өндіру бағытында, 8 азаматқа жиһаз өндірісі бойынша, 62 азаматқа өндіріс саласы негізінде, 43 азаматқа қоғамдық тамақтану бағытында грант берілген.
Сонымен қатар орталық директоры бекітілген жоспарларға мониторинг жүргізу жұмысын да тілге тиек етті. Оның дерегінше, грант қаражатын нысаналы пайдалануды грант алушы бизнес-жобаға сәйкес порталда растайтын құжаттарды ұсыну арқылы грант алған күннен бастап 3 ай ішінде растайды екен. Грант алушы порталда растайтын құжаттарды ұсына отырып, бизнес-жоспардың іске асырылу барысы туралы 12 ай ішінде тоқсан сайын есеп тапсырады. Гранттардың нысаналы пайдаланылу мониторингін бақылауды Еңбек мобильділігі орталығы мансап орталығы арқылы жүзеге асырады екен.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ