Қытайлық университет Тараздан оқу зертханасын ашпақ
Былтыр көктемде бірнеше өңірді қамтыған су тасқыны елімізде білікті су саласы мамандарының жетіспейтінін айқын көрсетті. Осыдан кейін көп ұзамай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Қазір бұл оқу орны өзінің нақты бағытын белгілеп, материалдық-техникалық базасын күшейтіп, алғашқы студенттерін шетелдік тәжірибеден өтуге жіберіп үлгерді.
Жақында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова журналистермен кездесіп, оқу орнының алдағы басты міндеттері мен даму жоспарларын таныстырды.
Кездесу барысында Кәмшат Түсіпова шетелдік оқу орындарында студенттердің өз елінен тыс жерде бір семестр немесе бір оқу жылын оқуы қалыпты тәжірибе екенін атап өтті. Ал Қазақстанда бұл тәжірибе әлі де дұрыс жолға қойылмаған. Осыған байланысты ректор шетелдік университеттермен келісімдер жүргізіп, студенттердің шет елдерде білім алу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Мәселен, Венгриядағы Обуда университетімен келісім аясында 400 студент тегін оқуға мүмкіндік алыпты. Жаңа оқу жылының өзінде алғашқы 45 студент шетелге аттанған. Сондай-ақ Венгрияның «Corvinus» университетімен бірлесіп, «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясы» мамандығы бойынша қос дипломды магистратура бағдарламасы ашылыпты. Оған қазірдің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің 29 қызметкері құжат тапсырған.
Кездесу барысында ректор журналистерге білімнің бірыңғай еуропалық жүйесі «Болон процессі» туралы да түсіндіріп өтті. Кейінгі 30 жылда кеңестік білім беру тәжірибесінің орнына енген бұл жүйе кезінде талай сынға қалған еді. Әсіресе, студенттерді «бір салаға ғана бейімделген маман қылып шығарады» деген пікірлер болған.
Ректор университеттің бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан қалған материалдық базасын да жаңғыртуға кіріскенін айтты. Қазіргі кезде демеушілердің қолдауымен мелиоративтік-әдістемелік кешеннің құрылысы басталыпты, заманауи зертханалар ашылуда. Университеттің кең аумағы мен әртүрлі мақсаттағы ғимараттарының болуы да үлкен артықшылық.
Сонымен бірге ректор Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке алғысын білдірді. Тараз қаласы әкімдігі алдағы екі жылда университет аумағын абаттандыруға 1,5 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ