Жаңалықтар

Басты мақсат – Қазақстанды технологиялық тұрғыдан озық елге айналдыру

Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылармен кездесті.

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба, Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы елімізге сапармен келгені үшін меймандарға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қолға алынған ауқымды саяси, экономикалық және конституциялық реформалар жайында айтты. Президент Ата Заңға енгізілген өзгерістер өкілді билік тармағы мен құқық қорғау институттарының рөлін нығайтып, атқарушы биліктің есеп беру міндетін күшейткенін жеткізді. Қайта жаңғырған Конституциялық сот әділ сот төрелігіне кеңінен жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидаты іске асырылып жатыр. Құқықбұзушылыққа қатысты жаза мен жауапкершілікті қатаңдатумен қатар халықтың құқықтық мәдениеті біртіндеп артып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мән-мазмұны жайында мәлімет берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.

Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори Қазақстан Еуропа Кеңесінің маңызды серіктесі ретінде түрлі конвенцияларға белсенді қатысып, заң үстемдігін арттыру үшін тиімді институттық реформалар жүргізіп жатқанын атап өтті.

БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы стратегиялық ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерді жіті бақылап отырғанын жеткізді.

Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Моңғолияға жасаған сапары екі ел арасындағы көпжақты байланыстарға тың серпін бергеніне назар аударды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік конституциялық қадағалау органдарымен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтып, алдағы форум жұмысына табыс тіледі.

Аkorda.kz