Бүгін – «AR-AІ» газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың туған күні
Бүгін – кәсіби фототілші, шығармашылық ізденісімен елге танылған әріптесіміз Алтынбек Қартабайдың туған күні. Кәсіби маман ердің жасы – 55 жасқа толып отыр, деп хабарлайды arainfo.kz
Алтынбек Болатұлының әрбір туындысына үңілсеңіз, табиғаттың әсемдігі, гүлдердің сұлулығы, Тараздың күндізгі-түнгі көрінісі, ұлттық киімдегі қазақ қызының бейнесі, тарихи-мәдени мұралар мен ұлттық құндылықтар шынайы көрініс табады. Оның фотолары жай ғана кадр емес сөйлеп тұрған, ойға жетелейтін туындылар.
Аумалы-төкпелі кезеңде күнкөріс қамымен орталық алаңда елді ақыға суретке түсіріп, әуесқой фотограф болып жүрген Алтынбек Болатұлының арманы газетте фототілші болып еңбек ету еді. Бұл арман 2005 жылы жүзеге асып, «AR-AI» жастар газеті ашылған сәттен бастап бүгінге дейін, яғни 20 жыл бойы осы басылымда фототілші болып еңбек етіп келеді.
Алтынбек Қартабай – халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегері, Тараз қаласында бірнеше мәрте жеке фотокөрме ұйымдастырған кәсіби шебер. Оның шығармашылығы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен «Алтынбектің фото әлемі» атты көрме арқылы да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Фотоөнердің 24 жанрының 15-ін толық меңгерген ол Қазақстандағы 500-ге жуық фотографтың арасынан үздік ондыққа енді. Бүгінде оның таңдаулы 500 суреті мен жеке құнды құжаттары Тараз қалалық мемлекеттік архивінде сақтаулы. Фототілшінің еңбегін ел ағалары, өнер мен әдебиет өкілдері жоғары бағалап келеді. Оны аймақтың фотошежіресін жасаған, қазақ фотографиясын өнер деңгейіне көтерген тұлға ретінде ерекше атап өтеді.
Осы ретте, әріптесімізді редакция ұжымының атынан құттықтай отырып, Алтынбек Болатұлына толағай шығармашылық табыс тілейміз!