Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық конституциялық форум қатысушыларымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты халықаралық форумға келген меймандармен жүздесті, деп хабарлайды arainfo.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба және Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы меймандарға ризашылығын білдіріп, Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толғанын атап өтті. Ол Ата заң елдегі тұрақтылық пен дамудың негізгі тірегі екенін жеткізді. Президент сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және құқықтық реформаларға тоқталып, қайта құрылған Конституциялық сот әділ сот төрелігіне жол ашқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидаты іске асырылып жатқанын, құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдап, халықтың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын атап өтті.

Президент жиын қатысушыларына жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мазмұнын таныстырды. Оның айтуынша, Жолдауда жаңғыру, инновация, орнықты даму және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту басымдықтары белгіленген. Басты мақсат – Қазақстанды технологиялық тұрғыдан озық елге айналдыру. Осы орайда жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және жаппай цифрландыру жаңа ұлттық идея ретінде ұсынылды.

Сонымен қатар Тоқаев Парламент жүйесінде алдағы өзгерістерді түсіндіріп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының сақталатынын айтты. Оның сөзінше, жалпыұлттық референдум өткізу тәжірибесі халықпен бірге шешім қабылдау ұстанымын айқындайды.

Форум аясында шетелдік қонақтар да өз пікірлерін білдірді:

Клэр Бази Малори Қазақстанның Еуропа Кеңесімен серіктестігін және құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған реформаларын жоғары бағалады.

Мұхаммед әл Бади әл Захри Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты атап өтті.

Люк Малаба Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерге назар аударып отырғанын жеткізді.

Байасгалан Гунгаа Тоқаевтың Моңғолияға жасаған сапары екі ел байланысына тың серпін бергенін атап өтті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның конституциялық қадағалау органдарымен ынтымақтастықты жалғастыратынын айтып, форум жұмысына табыс тіледі.