Қазақстанда баспана бағасы тағы да қымбаттады
2025 жылдың тамызында елімізде тұрғын үй бағасы өсуін жалғастырды, деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылдың тамыз айында Қазақстанның тұрғын үй нарығында бағаның өсу үрдісі жалғасты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жаңа құрылыстардың бағасы бір жыл ішінде 11,3%-ға, ал екінші нарықтағы пәтерлердің құны 8,8%-ға қымбаттаған. Пәтер жалдау ақысы да арзандамай, керісінше 8,5%-ға өскен.
Тамыз айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелді.
Астана көш бастап тұр – 9 457 мәміле (барлық көлемнің 22,9%).
Одан кейінгі орында Алматы – 8 402 мәміле (20,3%).
Үздік үштікті Қарағанды облысы түйіндеді – 2 923 мәміле.
Ең аз белсенділік Ұлытау облысында байқалды, небәрі 283 келісімшарт жасалған.
Белсенділіктің айтарлықтай өсуі Жетісу (+24,4%), Ұлытау (+14,6%) және Батыс Қазақстан (+10,2%) облыстарында тіркелсе, Қызылорда (-19%), Түркістан (-8,6%) және Жамбыл (-5,9%) облыстарында керісінше төмендеген.
Қай баспанаға сұраныс жоғары?
Мәмілелердің шамамен 80%-ы пәтерлерге тиесілі (32 853). Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие болғаны – бір бөлмелі пәтерлер (12 734 мәміле).
Жеке үйлерге қатысты келісімшарттар саны 8 527-ні құрады, бұл шілде айымен салыстырғанда 0,7%-ға жоғары.
Жаңа тұрғын үйлердің бағасы ең көп Павлодарда көтерілді (+25,8%). Сондай-ақ Алматы мен Қызылордада өсім +15,3%-ды құрады.
Екінші нарықта Ақтөбе (+20,2%) және Павлодар (+17,8%) алдыңғы қатардан көрінді.
Жалдау нарығында да баға күрт өсті:
Ақтөбе – +43,5%,
Көкшетау – +21%,
Жезқазған – +20,2%.
Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй нарығындағы баға құбылмалығы аймақтардағы экономикалық белсенділікке, құрылыс қарқынына және халықтың сатып алу қабілетіне тікелей байланысты. Тамыздағы көрсеткіштер нарықтағы тұрақсыздықтың жалғасып жатқанын аңғартады.
Көптеген өңірде баспана құны рекордтық деңгейге көтерілгендіктен, алдағы айларда да тұрғын үй бағасының өсуі мүмкін деген болжам жасалып отыр.