Жаңалықтар

От кешкен оғландар

Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі – аса қауіпті әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Олар күнделікті өмірде адамдардың өмірін құтқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекет үшін маңызды міндет.

Осы жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруші рөлін арттыруға және құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баяндаған болатын.

Әр шақыруда үлкен тәуекелге барып, басын бәйгеге тігетін құтқарушылар үшін бұл қуанышты жағдай. Азаматтық қорғаныс саласына көрсетілген қолдау Шу ауданында да көрініс табуда. Олай дейтініміз, былтыр ғана Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Ал құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің өзі арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып кеткен болатын.

Аудан орталығындағы аталған өрт сөндіру бөлімінің тарихы тым тереңде жатыр. Ең алғаш аудандық өртке қарсы қызметі 1957 жылы Новотроицк селосында Шу аудандық ішкі істер бөлімінің өрт қадағалау инспекциясы болып құрылған. Ал инспекцияның алғашқы бастығы болып Василий Ивахник бекітілген. Жалғыз ғана өрт сөндіру автокөлігі мен 8 адамнан құралған қызметке 1966 жылы тағы бір инспекторлық штат берілген. Бұл лауазым Григорий Кирпачевке бұйырады. 1970 жылы инспекция бастығы болып ішкі қызмет аға лейтенанты Шаншархан Нүпбаев тағайындалса, одан кейінгі жылдарда аға лейтенант Болат Мырзаханов 4 жыл бойы инспекция тізгінін ұстайды. Одан соң ішкі қызмет лейтенанты Рахымберді Бекібаев 10 жылға жуық басшылық еткен.

Бір айта кетерлігі, Рахымберді Белгібайұлының басқаруында 1990 жылдың мамыр айында №12 Шу ауданаралық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылады. Ал Р.Бекібаев бірінші өрт сөндіру бөлімінің алғашқы бастығы болып тарихқа қатталды.

Бүгінгі таңда әке салған соқпақпен ұлы Жандос жүріп келеді. Жандос Рахымбердіұлының №19 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалғанына небәрі бір ай ғана болған екен. Осы орайда бұған дейін өрт сөндіру бөліміне басшылық еткен Елшібек Торғаевтың, Дүйсембай Карбозовтың, Мұрат Арыстанбекұлының еңбектерін ерекше атап өткен абзал.

Жандос Рахымбердіұлының айтуынша, аудан орталығындағы өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 1989 жылы салынған. 2001 жылдан бастап №19 өрт сөндіру бөлімі болған.

Жаңадан тағайындалған Жандос Рахымбердіұлы да азаматтық қорғаныс саласында айтарлықтай тәжірибе жинаған маман. Еліміз бойынша құтқарушыларды дайындайтын Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының 2007 жылғы түлегі алғашқы еңбек жолын Шу қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы ретінде бастайды. Кейін Төле би ауылында 5 жыл қарауыл бастығы болып еңбек етеді. Сонымен қатар Отар ауылындағы өрт сөндіру бекетінің бастығы, Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы қызметтерін абыроймен атқара білген. 2021 жылы №19 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы болып Төле би ауылына қайта оралады.

Бүгінде зайыбы Мақпал Мыңбаева екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр. Келіншегі медицина саласын таңдаған білікті маман.

Расымен де әр күн сайын «101» арнасына көптеген шақыру түседі. Жандос Бекібаевтың сөзінше, бөлім бір жыл ішінде 200-ден аса шақыруға шығады. Әр топта жүргізуші, өртсөндіруші, командир және қарауыл бастығы болады.

Тұрғындардың көбі құтқарушылардың кешігуіне, сусыз келуіне, жедел әрекет етпеуіне шағымданып жататыны жасырын емес. Бұл уәжге құтқарушылардың өз жауабы бар. Өртті ауыздықтауға шыққан әрбір автокөліктің цистернасында 5 мың литр су болады. Тоқтаусыз шашқанда су 7 минутта таусылады. Себебі су оқпанынан шыққанда секундына 8 литр су бүркиді. Өрттің көлеміне қарай судың таусылып қалуы әбден мүмкін.

Құтқарушы қызметі бір ғана өрт сөндірумен шектелмейтінін оқырман қауым жақсы білуі тиіс. Қандай төтенше жағдай орын алса да, құтқарушылар сол маңнан табылады. Сондықтан қаһармандықтың қас үлгісі ретінде құтқарушыларды көрсетуге әбден болады.

Негізі №19 өрт сөндіру бөлімін тарихы терең, өртсөндірушілердің берік мінезі қалыптасқан мектеп деп қабылдауға болады. Онда қызмет ететін мамандардың барлығы да қайсар, алғыр әрі ержүрек. Олар аға буын ардагерлер салған сара жолды жалғап, әр ауысым сайын тәуекелге барады. Осы бөлімнен зейнетке шыққан Ербол Ахметов, Ғабит Ақжолов, Ғабит Кекежанов, Расул Молдақұлов, Мереке Жұмырбаев, Манат Жақсыбаев, Сұлтан Жораев, Юрий Штоколов, Сабыржан Қабылжанұлы және өзге де ардагерлер осы салаға маңдай терлерін бір кісідей төге білді.

Соңғы жылдары құтқарушылардың жалақылары 10 пайыздан 30 пайызға дейін артқан. Бұл үрдіс келесі жылы да жалғасатын сыңайлы. Сонымен қатар заңға енгізілген түзетулер нәтижесінде құтқарушыларға пәтер жалдау ақысы төленбек. Қазірдің өзінде құтқарушылар құжаттарын жинақтауға кірісіп кеткен. Өрт сөндіру бөлімі бастығының айтуынша, ұжымның 80 пайызы бұл игілікке ие болмақ.

Қорыта айтқанда, бір жыл бұрын қайта жаңғырған өткен өрт сөндіру бөлімінің жұмысы жандана түскен. Сол сәттен бері 185 әртүрлі хабарлама тіркелген. Оның ішінде 64-і өрт болса, 121-і жану оқиғасы. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін жетілдіру мақсатында 21 өртке қарсы тактикалық жаттығу өткізілген.

Ерсұлтан Бағылбеков, Нұрбол Каденов, Тоғжан Бимырзаев, Алтынғазы Байболатов сынды қарауыл бастықтары, Дархан Садыров, Нұрсұлтан Мақсұтов, Мәдияр Әбдіәшім, Дархан Елеген сияқты бөлімше командирлері, Думан Батырхан, Айдос Төлеубаев, Айдос Кенетаев, Данияр Ниязқұлов, Алмас Жұмабаев сынды жүргізушілер, Елдос Түзен, Нұралы Алмабек, Мағжан Мұсақұл, Ислам Сабыров есімді өртсөндіруші-құтқарушылар жұрт алғысына кенеліп жүрген жауынгерлер.

 

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист,

Шу ауданы