Қағаздан – цифрға: елімізде әскерге шақыру жаңа форматта өтуде
Қорғаныс министрлігі заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыруға негізделген бірыңғай экожүйені кеңінен енгізіп жатыр. Дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталған 2025 жылдың күзгі әскерге шақыру науқаны осы жаңашылдықтар аясында өтуде.
Облыстық қорғаныс департаментінің басшысы, подполковник Нұрбол Зейнеловтың айтуынша, күзгі шақыру науқанының басты жаңалықтарының бірі – «Smart военкомат» жобасы.
Сондай-ақ жаңа жүйе әскери қызметке баруға толық жарамды азаматтарға ғана шақыру жібереді. Бұл орынсыз шақыруларды азайтып, жастардың және әскери органдардың уақытын үнемдейді.
Әскерге шақыру қағаздары да цифрлық форматқа ауысады. Енді шақыртулар азаматтарға SMS-хабарлама немесе «eGov» порталының жеке кабинеті арқылы жолданады.
Медициналық тексеріс те жаңа деңгейге ауысқан. Шақырылушыға қатысты емханаға бару тарихы, диагноздар, диспансерлік есеп секілді барлық мәлімет дәрігерлерге автоматты түрде қолжетімді болады. Бұл жалған анықтамалар мен ойдан шығарылған сырқаттарға тосқауыл қояды. Әскери-дәрігерлік комиссия енді шешімін нақты құжатталған деректерге сүйеніп қабылдайды. Азаматтың денсаулық жағдайы «Damumed» жүйесіндегі толық мәлімет арқылы объективті бағаланады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ