Қоғам

Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда

Әр мамандықтың қоғамдағы өз орны мен жауапкершілігі бар. Солардың ішінде төтенше жағдайлар қызметі ең қауіпті әрі аса жауапты салалардың бірі саналады. Құтқарушы күн сайын адам өмірі үшін күресіп, от пен судың ортасында жүріп, өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың амандығын ойлайтын маман.

Құтқару қызметі физикалық төзімділікпен қатар психологиялық дайындықты да қажет етеді. Қалың түтінге оранған ғимарат, лапылдап жанған өрт, мұздай су, құлаған ағаштар мен қирандылар құтқарушының күнделікті ортасы. Мұндай жағдайда шапшаң әрі дұрыс шешім қабылдау ғана адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

 

Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасына қарасты бөлімдер осы бағытта алдыңғы қатарда қызмет етіп жүр. Олар апатты жағдайларда әрекет етумен шектелмей, қаланың қоғамдық-мәдени өміріне араласып, экологиялық іс-шараларға да атсалысады. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты бөлімдер министрліктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Гүлденген гарнизон» байқауына қатысып, өз аумақтарын көгалдандыру мен абаттандыруда белсенділік танытты. Игі бастаманың мақсаты – тек аумақты абаттандырып, көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, ұжымдық бірлік пен рухты нығайту. Мұндай бастамалар құтқарушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, ұжымдық рухын көтереді.

Сол секілді облыста ерікті өртсөндірушілер қызметі жанданып келеді. Жақында Талас ауданының Үшарал ауылында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңартылған ерікті өртке қарсы пункт жұмысын бастады. Нысанның ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.

Пункт екі ауылдық округ пен бес елді мекеннің, шамамен 4 мың тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Еріктілерге заманауи жабдықтар, арнайы құралдар мен нысанды киімдер табысталды.

Сондай-ақ Тараз қаласында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жұмыс кеңесін өткізді. Кездесуде қауіпті өндірістік нысандарда апаттардың, инциденттер мен жазатайым оқиғалардың алдын алу, мұнай-газ және химия өнеркәсібінде, ұңғымаларды бұрғылау мен жөндеу кезінде талаптардың сақталуы сынды мәселелер қаралды. Кәсіпкерлерге «Азаматтық қорғау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Ашық пікір алмасуда жаңашылдықтарды енгізу, өндірістік бақылауды күшейту мүмкіндіктері талқыланып, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары нақтыланды.

Бұдан бөлек №1 мамандандырылған бөлімшенің мәжіліс залында Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің азаматтық қорғау қызметкерлері сабақ өткізді. Іс-шараға облыстық еңбек инспекциясы департаментінің өкілі Гүлжан Бакирбаева және Тараз қалалық полиция басқармасының патрульдік батальон рота командирі, полиция майоры Айдын Абдрахманов қатысып, баяндама жасады.

Кездесу барысында құтқарушылардың төтенше жағдай кезінде кәсіби әрекет ету тәсілдері, қауіпсіздікті сақтау, қызметтік міндетті орындаудағы тәртіп, автокөлік жүргізу кезіндегі сақтық, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушылардың сауалдарына сала мамандары жауап берді. Жиын соңында Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ербол Амиров қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар беріп, іс-шараға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.

Сонымен қатар Тараз қаласының «Аса» ықшамауданында Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай жаңа мурал салынды. Бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасына құтқарушылар, өрт сөндіру көлігі және «112» жедел қызмет нөмірі бейнеленген. Көркемдік шешім құтқарушылардың еңбегіне деген құрметтің символына айналып, мамандықты насихаттау мен халық арасында төтенше жағдай қызметкерлерінің имиджін нығайтуға бағытталған. Айта кетейік, бұл – Тараздағы құтқарушыларға арналған үшінші мурал.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ