Жамбыл жаңалықтары

Тараз қаласының даму мүмкіндігі мол

Тараз қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында былтыр көне шаһардың Бас жоспары қайта қаралып, оған тиісті толықтырулар енгізіліп, аталған құжатты жыл аяғына таман ҚР Үкіметі бекітіп берген болатын. Осыдан кейін шаһардың аумағы кеңейіп, шырайы да арта түсті. Тарқата айтсақ, Бас жоспарға сәйкес қала аумағына 14 елді мекен мен 2 саяжай қосылды. Жер көлемі де 13 мың гектарға ұлғайып, жалпы аумағы 31,8 мың гектарды құрады. Халық саны 437 мыңнан 482 мың адамға жетті. Соның арқасында «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды.

Көзге көрінетіні бар, көрінбейтіні бар, бүгінде Бас жоспарға сәйкес облыс орталығында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен сұраған едік. Оның айтуынша, Бас жоспар негізінен көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен және пәтермен қамтамасыз ету, қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді елеулі істерді жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта Тараз қаласының даму картасына сәйкес қалада өзекті болып отырған бірқатар мәселелер өз шешімін табуда.

– Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту бойынша облыс орталығында қажеттілік туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу және Талас өзені арқалы өтетін көпірді жаңғырту жоспарланды. Біріншісі, Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы бірегей жоба сәтін салса, келер жылы аяқталады. Екінші жоба Абай және Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркəсіптік аймақ арқылы эстакада салу қарастырылған. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едəуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, 14 шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, тараздықтар үшін көптен бері жыр болып келе жатқан кəріз суына ақтысты мәселе шашімін таппақ. Бұл үшін де арнайы жобаны жүзеге асыру, яғни кәріз суын тазарту кешенін салу қолға алынуда. Өйткені шаһардың шайынды суы бүгінде іргеде жатқан Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатыр. Аталған орын шамадан тыс толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі туындауда. Осы орайда сөз етіліп отырған кəріз суын тазарту кешенінің құрылысын салу арнайы әзірленген «Жол картасы» бойынша жүзеге асатын болады. Соған сəйкес Еуропа Қайта құру жəне даму банкінен грант бөлініп, техникалық және экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кешеннің құны 47 миллиард теңгеге түссе, қуаттылығы тəулігіне 80 мың текше метрді құрайтын болады. Жобаны қаржыландыру «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылмақ.

Тараз қаласынан екі аудан құрылғанда Байзақ ауданының Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым елді мекендері шаһар құрамына енді. Бүгінде бұл тұрғын алаптары толығымен құжаттандырылды. Жаңадан құрылған екі аудан қаланың аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, бүкіл қаланы бақылауға, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыруға, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруға мол мүмкіндік беруде. Бір айта кетер жайт, қалаға қосылған елді мекендерге қатысты бұрыннан бар мəселелерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде көне шаһарда 23 мыңға жуық азамат коммуналдық-тұрғын үй қорынан пəтер алу кезегінде тұр. Ал халықты баспанамен қамтамасыз ету ең маңызды мәселенің бірі болғандықтан бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер салынып, шетінен халыққа үлестірілуде. Мысалы, «Шапағат» шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданса, қалғанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұған қоса аталған шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында 351 жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, 82 бес қабатты көппəтерлі тұрғын үй салу, жалпы орта білім беретін мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығын ашу қарастырылған. Сондай-ақ өрт сөндіру бекеті, əкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мəдениет үйі, мешіт секілді нысан құрылысын жүргізу көзделген.

Қала тұрғындарынан үй салу үшін жер теліміне кезекке тұру мақсатында жиі өтініш түсетіні белгілі. Қала екі ауданға бөлініп басқарылатын дәрежеге жеткелі жаңадан қосылған елді мекен тұрғындарының жер кезегіне қатысты мәселе туындаған болатын. Осы мәселе күн тəртібіне қайта шығарылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Негізінде Тараз қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005 2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген екен. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізуге ден қойылыпты. Соның нəтижесінде А.Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектарға, «Хамукат» шағынауданынан 126 гектарға, «Қарасай» шағынауданының 126,6 гектар алқаптарында тұрғын алабын орналастыру мақсатында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне алыныпты.

Былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылыпты. Биыл 85 көшеге түнгі жарық шамдар орнату көзделсе, оның ішінде 67 көшенің жұмысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Қалған 18 көшені жарықтандыру жұмысы келер жылға өтпелі.

Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету де іргелі істің бірі екені белгілі. Автобус парктерін жаңарту мақсатында бұрнағы жылдан бастап жыл сайын үлкен жəне орта сыйымдылықтағы 70 автобус алу жоспарланған екен. Нəтижесінде, 2023 жылы 73 жаңа автобус жеткізілсе, өткен жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға беріліпті. Биыл тағы 15 автобус əкелінген екен. Жыл соңына дейін қосымша 82 автобус жеткізу жоспарда бар көрінеді.

Бұдан бөлек шаһарда ирригациялық жүйені жетілдіру, туризмді дамыту, мәдени нысандарды жаңғырту секілді өзге де салалар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бүгінде көне шаһардың тарихи келбетін сақтай отырып, оның бүгінгі заманға сай дамуына күш салынуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ