Жас ұстаздардың жобасы жарқын болашаққа жетелейді
Цифрлық технологиялар дәуірінде баланың сапалы білім алуын жеңілдетуге бағытталған тың бастамалар көптеп жүзеге асырылуда. Осы ретте тараздық жас ұстаздар құрастырған «Restart Online» атты білім беру академиясын ерекше атап өтуге болады. Жобаның негізін қалаушылар небәрі бір жыл ішінде онлайн веб-платформа жасап шыққан. Платформаны 1 000-нан аса оқушы пайдаланып, сынақтан өткізген. Оқушылар тарапынан тек оң пікірдің айтылуы және уақыт өткен сайын сұраныстың көбеюі жобаның шынайы қажеттіліктен туындағанын дәлелдейді.
Жобаның негізін қалаушы әрі академия директоры Аңсар Әкімнің айтуынша, жоба алғашында қарапайым онлайн сабақ ретінде басталған.
Ата-аналар да платформада жеке кабинет арқылы баласының сабақ үлгерімін, белсенділігін қадағалап отыра алады. Жүйе мейлінше қарапайым әрі қолжетімді етіп жасалған. Кез келген «Android» немесе «iOS» құрылғысы арқылы қолдануға болады.
Жобаның техникалық бөлімін Ақниет есімді жас әрі талантты бағдарламалаушы маман (программист) басқарған. Ақниет қазақ-түрік лицейінің (қазіргі «Білім-инновация» лицейі) түлегі. Оқушы кезінде халықаралық олимпиадаларда топ жарып, болашағынан үлкен үміт күттірген жас кейін шетелде «Яндекс» компаниясында тәжірибеден сәтті өткен. Ақниет «Яндексте» жұмыс істеу мүмкіндігін, халықаралық жобаларға қатысу ұсыныстарын қабылдамастан, бар күшін «Restart Online»-ға жұмсаған. Жас маманның білімін, тәжірибесін туған елдің игілігіне арнауға шешім қабылдауы – нағыз патриотизмнің көрінісі.
Ақниет жобаның бүкіл құрылымын, тапсырмалардың логикасын, бейімделу жүйесін 6 айда жасап шығыпты. Тек техникалық бөліммен емес, педагогикалық мазмұнмен де тікелей жұмыс істеген. Себебі Ақниет Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаз болып жұмыс істеген жылдары білім беру жүйесінің ішкі мәселелерімен тереңірек танысқан екен.
Академия құрамындағы білікті мамандардың бірі – жас математик Арыстанбек. Ол да өз өмірін ауыл балаларына сапалы білім беруге арнаған. Арыстанбек ауыл мектебінде сабақ бере жүріп, қала баласы мен ауыл баласының мүмкіндіктеріндегі алшақтықты анық сезінген. Сөйтіп мәнді мәселені технологияның көмегімен шешудің жолдарын іздестірген.
Арыстанбек «Restart Online»-ның математикалық бөлімін жасап шыққан. Онда әр тақырып бойынша теория, бейімделген тапсырмалар, талдау, тест, және қорытынды жүйелі түрде енгізілген. Әсіресе, олимпиадалық есептер мен күрделі логикалық сұрақтар баланың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Жоба алғашқы инвестициялық кезеңде 50 миллион теңге тартыпты. Бұл жобаның әлеуетін байқаған инвесторлардың сенімі. Қазіргі уақытта команда мобильді қосымшаны «Play Market» пен «App Store» платформаларына жүктеуге дайындық жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта жоба мазмұны кеңейіп, жаратылыстану пәндері мен қазақ тілі, тарих пәндері де қосылмақ.
Сондай-ақ, жоба авторлары өңірлердегі білім басқармаларымен бірлесіп, жобаны мемлекеттік деңгейде енгізуге жұмыс жүргізуде. Бұл жүйе ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік болуы мүмкін.
Иә, жастардың жарқын жобасы білім жолындағы шынайы күрес. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, ел ертеңі үшін жасалған маңызды қадам десек қателеспейміз.
Айжан ӨЗБЕКОВА