«Roblox» ойыны несімен қауіпті?
Мамандар соңғы жылдары балалар арасында ерекше танымалдылыққа ие болған «Roblox» ойынының қатерлі болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Алғашында балалар қиялын дамытатын қарапайым ойын ретінде ұсынылған аталған платформа бүгінде сан түрлі дауға себеп болуда. Уақыт өткен сайын ойынға тәуелді балалар саны артып, «Roblox»-тың көлеңкелі тұстары жайлы да ақпараттар жиі айтыла бастады. Ең қорқыныштысы бұл ойын тек уақытты бос өткізетін құрал емес. Кейінгі кезде осы ойын арқылы түрлі жолмен балаларды арбау, жеке деректерін алу, тіпті психологиялық қысым көрсету жағдайлары жиілеп барады.
Бүгінгі цифрлық заманда балаңыздың қайда жүргенін емес, онлайн кеңістікте не көріп, кіммен сөйлесіп жатқанын білген маңыздырақ болып бара жатқандай. Себебі «Roblox» ойынының ішінде ашық байланыс орнатуға мүмкіндік беретін чаттар бар екен. Онда бөтен адамдар баламен сөйлесіп, түрлі ақпараттар сұрауы мүмкін. Олар жай ғана әңгіме-дүкен құрып қоймай, баланың сеніміне кіріп, кейін әңгімесін жеке хаттарға ауыстырып, мәліметтерін жинайды. Мұндай әрекеттер тек шетелде емес, елімізде де тіркелген.
Оқу-ағарту министрлігі мен Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл ойынға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Министрлік «Roblox» арқылы алаяқтық және балаларды психологиялық манипуляциялауға бағытталған оқиғалардың көбейгенін мәлім етті. Сондықтан Түркия, Қатар секілді елдер бұл ойынға ресми түрде тыйым салған.
Жалпы ойынның мазмұны әртүрлі. Түрмеден қашу, зомби шабуылы, акулалардан қашу, табиғи апаттан аман қалу сияқты ойын түрлері балаларға қызықты көрінгенімен, олардың барлығы бірдей қауіпсіз емес. Көп жағдайда бала адам өлтіру, шабуыл жасау, қару қолдану сияқты зорлық-зомбылық элементтерін ойын түрінде орындап отырады. Уақыт өте бұл әрекеттер бала санасында қалыптасып, шынайы өмір мен виртуалды әлем арасындағы шекараны бұзуы мүмкін.
Тараз қаласының тұрғыны Перизат Болатқызы да «Roblox» ойынын қауіпсіз деп ойлаған ата-аналардың бірі. Бірақ баласының мінез-құлқына әсер етіп жүрген ойынды өзі ойнап көргенде оның мазмұны қауіпті екенін түсінген.
Кез келген бала ойын арқылы өз әлеміне еніп кететіні белгілі. Ол әлемде кіммен байланысып жатқанын, нені көріп, кімге еліктеп жүргенін білмесе, ата-ана баласын оттың ортасына өз қолымен тастағанмен бірдей.
Негізі «Roblox» ашық платформа. Онда кез келген адам өз ойынын жүктей алады, кез келген мазмұндағы ойын тарата алады. Ойын жасаушылардың өзі бұл платформаның қауіпсіздігіне толық кепіл бола алмайды. Өйткені мазмұнды реттейтін нақты бір орталық жүйе жоқ, бәрі қолданушылардың еркіндігіне сүйенген.
Сарапшылардың айтуынша, баланың қылығы өзгерсе, оған «өсіп келе жатыр», «бұрыннан тұйық» деп қарамау керек. Тұйықтық, ашушаңдық, жалғыз қалуға ұмтылу, түнде ұйықтамау немесе мазасыздану – бұлар баланың ішкі жан күйзелісін білдіретін маңызды белгілер. Әсіресе желіде жиі отыратын, ойын ойнауға тым берілген балаларда мұндай көріністер жиі кездеседі.
Иә, қазіргі балалар далада асыр салып ойнамайды. Бүгінде олар желіде, экранның ішінде өмір сүріп жатыр. Ата-аналар да тіршіліктің күйбеңімен жүріп, баласының телефонда не көріп, қандай ойын ойнап отырғанын қадағалауға уақыт таппай қалады. Бірақ балаларды қорғайтын басты адам олардың ата-анасы екенін ұмытпауымыз керек. «Roblox» сияқты платформалар баланың психологиясына, танымына, тіпті өмірлік бағдарына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан ойынға шектеу қою, уақытын бақылау, баламен ашық сөйлесу ең тиімді алдын алу шарасы.
Қорыта айтқанда Roblox» жай ғана ойын емес. Ол – миллиондаған баланың санасына әсер етіп жатқан үлкен виртуалды әлем. Ол әлемде кімнің кім екенін, қандай ниетпен жүргенін бірден ажырату мүмкін емес. Сондықтан балаңызды қауіптен сақтау үшін, нақты қадамдар жасаңыз. Өйткені бір ойын бір тағдырды өзгертіп жіберуі мүмкін.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ