Білім

ЖИ мұғалімді алмастыра алмайды

Бүгінде қазақстандық мұғалімдерді жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар төңірегіндегі өзекті мәселелер қатты алаңдатады. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан бүгінгі заманда мұғалімдер үшін бұл әрі мүмкіндік, әрі үлкен жауапкершілік.

XXI ғасыр – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірі. Адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп жатқан бұл технологиялар білім беру жүйесіне де тың серпін алып келуде.

Жасанды интеллект дегеніміз – адам ақыл-ойын модельдеу мен автоматтандыруға бағытталған компьютерлік жүйе. Ол ақпаратты талдап, үйреніп, шешім қабылдап, адамның кейбір танымдық қызметтерін алмастыра алады.

Жасанды интеллект бүгінде білім беру саласында күн сайын маңызды рөл атқарып, оқыту жүйесіне түбегейлі өзгерістер әкелуде. Қазіргі тенденцияларды саралай отырып, ЖИ тек әкімшілік тапсырмаларды автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әр оқушының қабілетіне бейімдеп, жаңа мүмкіндіктер туғызатынын айтуға болады. Машиналық оқыту алгоритмдері арқылы үлкен көлемдегі деректерді талдап, білім деңгейінің әлсіз тұстарын анықтап, оқытудың ең тиімді жолдарын ұсынуға болады.

Жасанды интеллект әрбір оқушының жеке қабілеті мен қажеттілігін ескере отырып, дара оқу жоспарын ұсынуға қауқарлы. Мысалы, оқушы математика пәнін жақсы меңгерсе, жүйе автоматты түрде күрделі тапсырмалар ұсынады. Ал белгілі бір тақырыпты түсінбей жатса, сол материал қайта түсіндіріледі. Мұндай икемділік пен саралау оқыту сапасын едәуір арттырады.

Мұғалімдер үшін де ЖИ құралдарының тигізер пайдасы мол. Олар оқушының жетістігін бақылап, тест нәтижелерін саралап, үлгерімі төмен оқушыларға дер кезінде назар аударуға, сабақ жоспарлауға айтарлықтай көмек береді. Бұған қоса, құжат жүргізу, есеп тапсыру секілді уақытты көп алатын рутиналық жұмыстарды автоматтандырып, мұғалімді шығармашылыққа бағыттайды.

Қазіргі таңда ЖИ негізінде құрылған Coursera, Khan Academy, Duolingo, ChatGPT сияқты платформалар онлайн оқытудың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бұл платформалар оқушыға интерактивті тапсырмалар ұсынып, бірден кері байланыс береді, бейімделген тесттер арқылы нақты қателіктерін көрсетіп, түсіндірме береді. Мұның бәрі оқушының білімді терең түсініп, өз қатесін түзеуіне мол мүмкіндік береді.

Дегенмен, кей сарапшылар ЖИ болашақта мұғалімдерді алмастыруы мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Алайда мұғалім мен ЖИ-дің рөлі түбегейлі бөлек. Жасанды интеллект – ақпаратты өңдейтін құрал болса, мұғалім – оқушының тұлғалық дамуына, рухани өсуіне ықпал ететін тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші тұлға. Яғни, ЖИ – көмекші, ал негізгі рөл бәрібір де адамда қалуы тиіс.

Дегенмен, бұл технологияның өзіндік тәуекелдері де жоқ емес. Ең алдымен, этикалық мәселелер – оқушының жеке деректерінің жиналуы мен талдануы. Бұл деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығы – басты мәселе. Сондай-ақ, жасанды интеллектке тым арқа сүйеу оқушылардың сыни ойлау қабілетін төмендетіп, дайын жауап алуға бейімдеуі мүмкін. Ізденуге, ойлануға, қателесуге деген ынтасы азаюы мүмкін.

Жасанды интеллект – білім берудегі үлкен серпіліс жасауға қабілетті құрал. Ол мұғалімдер мен оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, оқыту сапасын жаңа деңгейге көтере алады. Бірақ бұл технологияны тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану – басты шарт. Болашақта жасанды интеллект пен мұғалімнің үйлесімді әріптестігі ғана сапалы білім берудің шешуші кілтіне айналады.

 

Айнұр ОМАРОВА,

Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші,

Байзақ ауданы