Жаңалықтар

«Мойынқұм ауданында 9 елді мекенге газ тартылады»

Облыс халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету ең өзекті мәселелердің бірі екені анық. Осы орайда біз «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосыновпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында әңгімелескен едік.

– Бақтияр Бейсембайұлы, облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстарының қазіргі деңгейі қандай? Өңірде газ жеткізілмеген қанша ауыл бар? Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, қысқы маусымға дайындық ойдағыдай ма?

– Қазіргі таңда біздің филиалда ұзындығы 7 437 шақырым газ құбыры пайдаланылып отыр. Оның ішінде 1 465 шақырымы жоғары қысымды, 2 273 шақырымы орташа, ал 3 699 шақырымы төмен қысымдағы газ құбыры. Барлығы 225 газ реттеу пункті болса, шкафтық реттеу пункттерінің саны – 1 506, ал жеке шкафтық пункттер 23 095-ке жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда филиалдың теңгеріміндегі газ құбырларының ұзындығы 286 шақырымға ұлғайып, газ реттеу пункттері мен шкафтық реттеу пункттерінің саны 62-ге артты.

Бүгінде облыс бойынша газбен қамтылған тұтынушылардың жалпы саны 243 023-ке жетіп отыр. Оның ішінде 76 124-і пәтер болса, 166 899-ы жеке тұрғын үй. Өндірістік кәсіпорындар саны 442-ні, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар саны 6 902-ні құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда тұтынушылардың саны жеке тұлғалар бойынша 8 104-ке, заңды тұлғалар бойынша 185-ке көбейді.

Бүгінгі таңда өңірдегі 10 ауданның 9-ы газдандырылған. Тек Мойынқұм ауданы ғана әзірге газдандырылған жоқ. Алайда 2024-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес бұл ауданның елді мекендеріне де біртіндеп газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Мойынқұм ауданындағы 9 елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр.

Облыс аумағында барлығы 371 елді мекен болса, 282-сі немесе 76 пайызы газдандырылған. Тұрғындарды газбен қамту деңгейі өткен жылғы 91,1 пайыздан 91,3 пайызға өсті. 2023 жылы облыста 7 елді мекенге газ берілсе, 2024 жылы тағы 4 елді мекен газға қосылды. Осы жылдың соңына дейін республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 11 елді мекен газдандырылады. Атап айтқанда, Талас ауданы бойынша Майтөбе және Қожағаппар, Қордай ауданында Керу, Жуалы ауданында Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Абдықадыр, Жамбыл ауданында Жаңаөткел, Тоғызтарау, Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарын газға қосу жұмыстары қолға алынған болатын. Нәтижесінде қосымша 930 тұрғын үйге газ жеткізілуде. Осы көрсеткіштің арқасында облыстағы газдандыру деңгейі 91,8 пайыз болып қалыптасты.

2025-2026 жылдардың жылыту маусымына дайындық аясында жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде, яғни 100 пайыз аяқталды. Осылайша, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы күзгі-қысқы мерзімге пайдалануға толық дайын екендігі жөнінде толық акт әзірленіп, шаруашылық тәсілмен бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, мердігерлік тәсілмен жалпы құны 41,951 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес, Жамбыл өндірістік филиалында жалпы құны 27,894 миллион теңге болатын 30 шкафтық реттеу пункті мен 6 газ реттеу пунктіндегі реттегіштер ауыстырылды. Оның ішінде Тараз қаласында 8 шкафтық реттеу пункті және 6 дана реттегіш, Талас ауданында – 7, Т.Рысқұлов ауданда – 8, Қордай ауданында 7 шкафтық реттеу пункті орнатылды.

Филиалдың алдағы даму жоспарлары да айқын. Біріншіден, қызметтердің сапасын, сенімділігін және тиімділігін арттыра отырып, газды тасымалдау мен жеткізу бойынша сапалы қызмет көрсету міндеті тұр. Екіншіден, бекітілген инвестициялық бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жалғасын табады. Үшіншіден, тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану қажеттігі жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек.

– Бұрын бір ауылға газ құбыры жүргізіліп, сол кезде қаражатының жоқтығынан бір үй газға қосыла алмай қалды делік. Қазір ол үйіне газ тарту үшін қанша теңге төлейді? Жалпы жеке тұрғын үйлерді газға қосу рәсімін жеңілдету шаралары қарастырылған ба? Құжат рәсімдеу мен газға қосылу бағасы тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді?

– Мемлекет елді мекендерге газ құбырын тартып әкелгенімен, әрбір жеке тұрғын үй газды өз қаражаты есебінен кіргізуі тиіс. Көшедегі, яғни үйдің іргесіне дейін келіп тұрған құбырдан үйге қарай газ тартуға болады, бірақ ол үшін тұрғынның қалтасынан қосымша шығын жұмсалады. Егер бұл жұмыс бюджет есебінен жүргізілсе, құбыр үйдің іргесіне дейін жеткізіліп, ары қарай газ тартуды тұрғын өзі жалғастырады. Қазір жекеменшік компаниялар осы қызметті атқаруда. Орта есеппен бір үйге газ кіргізудің құны 150 мың теңгеден басталады. Алайда кейбір елді мекендерде газдандыру ісін кәсіпкерлер өз қаржысына жүргізуде. Мысалы, Тараз қаласы маңындағы кейбір елді мекендерде немесе Шу ауданының кейбір ауылдарында осындай тәжірибе бар. Бірақ мұндай жағдайда шығын көлемі едәуір ұлғайып, бір үйді газдандыру құны 450-500 мың теңгеге дейін жетті. Өйткені кәсіпкерлер құбырды 5-6 шақырымға дейін тартуға мәжбүр болды. Бірқатар ауылдарда бұл мәселе қиындық тудырып отыр. Анығын айтсақ, 4 мың тұрғыны бар бір елді мекенде халықтың тең жартысы ғана ақша төлеп, газға қосылған, ал қалғанының қаржылық мүмкіндігі жоқ болуы өмірде бар жағдай. Мұндайда Үкімет әлеуметтік осал топтарға көмек көрсеткенімен, ол облыс бойынша небәрі 3 мың адамды ғана қамтитынын айта кетуіміз керек. Десе де жақында әкімдік бұл түйткілді шешудің жаңа тетігін ұсынды. Яғни, бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жеке кәсіпкерлерден газ құбыры сатып алынуда. Бұл ретте халық енді үйіне іргедегі газды кіргізу үшін 150 мың теңге ғана төлейді. Бұл мәселе мәслихат сессиясында да қаралып, қолдау тапқан болатын.

Бір айта кетер жайт, үйге газ кіргізудің құны әр отбасының жағдайына қарай өзгереді. Егер құбыр мен үйге дейінгі аралық 25 метрден аспаса және тек бір пеш пен бір газ плитасына қосылса, шығын 150 мың теңге шамасында болады. Ал егер қосымша монша, жазғы асүй немесе басқа да нысандарды газға қосу қажет болса, арақашықтықтың ұлғаюы есебінен оның бағасы да өсіп, 200 мың теңгеге дейін баруы ғажап емес. Тұрғындардың көпшілігі осы айырмашылықты түсінбей, бағаның әртүрлі болуына байланысты сын айтуы мүмкін. Негізінде мұның барлығы қаржының берілуіне байланысты, қазіргі таңда көптеген жобаларда газ құбырын үйдің ішіне дейін кіргізу қарастырылған.

– Қыс мезгілінде газ қысымының төмендеуі, құбырлардың жарылуы жиі орын алып жүр, оның сыры неде? Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданды?

– Бұл проблеманы жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, Байзақ ауданында бұл мәселе айқын байқалуда, Меркі ауданында да осындай көрініс бар. Әсіресе қыс мезгілінде қысымның төмендеуі жиілейді. Себебі кезінде жоба бойынша бір көшеде 100 үй деп есептелген. Алайда арада 20-30 жыл өткен соң ауылдағы халық саны өсті, жаңа үйлер бой көтерді. Яғни, бастапқы есеп 100 үйге арналса, қазір сол көшелерде 120-130 үй бар. Әрине, соңғы қосылған үйлерге газ қысымы жетпей қалады.

Мәселені шешу үшін біз Байзақ ауданында қосымша шаралар қабылдадық. Газ қысымын көтеру, желілерді ұзарту, жаңа тармақтар жүргізу секілді жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстарға тұрғындар тарапынан да қаражат бөлінуде. Әрине, ол шағын көлемдегі қаржы, бірақ соның есебінен локалды деңгейде, яғни жеке көшелер мен елді мекендерде газ қысымын көтеріп келеміз.

Негізі осы мәселеге байланысты біздің 5 жылдық жоспарымыз бар. Компания алдағы 5 жылда 15 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Алдымен Байзақ пен Меркі аудандарын газдандыруды қолға аламыз. Жоспар бойынша металл құбырларды полиэтилен құбырлармен алмастырамыз. Бұл қаладағыдай заманауи жүйеге көшуге мүмкіндік береді. Бір жағынан қауіпсіздік те артады, екінші жағынан эстетикалық тұрғыдан тиімді болады. Қазір көп жерде металл құбырлар сыртта орналасқан, біреуі сырланған, біреуі сырланбаған, үйлердің арасынан өтіп, көшенің көркін қашырып тұр. Жаңа жүйе бойынша құбырлардың барлығы жерасты арқылы жүргізіледі.

Мысал ретінде бүгінде Тараз қаласының құрамына енген, бұрынғы Жамбыл ауданы, Полатқосшы ауылдық округінің Жалпақтөбе ауылындағы бір-екі жыл бұрынғы жағдайды айтуға болады. Оған кезінде ол жердің егіс алқабы болуы, жерді суарудың әсерінен топырақ жылдар өте отырып, орта қысымды газ құбырының тіреуі қисайып, құбырлардың бір-бірінен ажырап, зақым келуі себеп болды. Сондықтан біз ондай қауіпті аймақтарды бірінші кезекте полиэтилен құбырларға ауыстырып жатырмыз. Мәселен, өткен жылы 100 миллион теңге қаржы бөліп, апатты учаскені толық жаңарттық. Бұл жұмыстар Үкіметтің де, біздің компанияның да бақылауында болды. Жоспарланған қаржы дер кезінде бөлініп, қыс түспей тұрып жұмыстар аяқталды. Алдағы уақытта жоғарыда сөз етілген 15 миллиард теңге қаражат осы салаға жұмсалады. Бұл қаржы ең әуелі газ қысымы жеткіліксіз елді мекендерді қамтуға, құбырларды жерасты жүйесіне ауыстыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғындарға үздіксіз газ жеткізуге бағытталады.

– Газ қауіпсіздігін тексеретін жеке компаниялар жыл аяғында үй-үйді аралап, тұрғындарға қызмет көрсеткені үшін қол қойып беруін өтініп жатады. Бір пәтерге бір емес, бірнешеуі келеді және бағалары да әртүрлі. Жалпы тұрғындар олармен келісімшарт жасасуға міндетті ме?

– Еліміздегі заңнамаға сәйкес әрбір тұтынушы өзінің газ қондырғыларын жыл сайын тексерістен өткізіп отыруы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, ол үйге газ беруді тоқтатуға дейін шара қолданылады. Мұндай міндет заңмен бекітілген. Біздің компания бұл жұмысты атқара алмайды, себебі біз тек газды тасымалдап, сатумен ғана айналысамыз. Ал қондырғыларды тазалау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын арнайы лицензиясы бар жеке компаниялар жүзеге асырады.

Қазір облыста мұндай компаниялардың он шақтысы бар. Олардың біреуі қызметін 2 мың теңгеге ұсынса, енді бірі өз қызметін 4 мың теңгеге дейін бағалайды. Бәсекелестік болған жерде баға да осылай құбылады. Содан соң халық арасында «Бір компания бұл жұмысты 2 мың теңгеге істейді екен, сендер неге 4 мың теңге аласыңдар?» деген секілді реніш пайда болады.

Тұрғындардың бірі газ қондырғысын, қуырын, мұржасын тазалатса, бірі оған мән бермей жүре береді. Кейбір тұрғындар «Жылда тазалатудың не қажеті бар?» деп ойлайды. Осы мәселені реттеу үшін біз бірнеше рет мердігер компанияларды жинап, жұмыстарды өзара бөліп бердік. Қайсысы қай аймақта қызмет көрсететінін белгілеп, ретке келтірдік. Әрине, бір жылда 100 пайыз нәтиже берді деу қиын. Бірақ қазір белгілі бір тәртіп орнады. Бүгінде халықтың шамамен 40 пайызы қондырғыларын уақытылы тексертеді. Ал қалған 60 пайызы әлі үлгермей жатыр. Бұл ретте компаниялардың мүмкіндігіне, адамдардың жауапкершілігіне байланысты. Негізі заң бойынша техникалық қызмет көрсету міндеттелген. Өйткені бұл ең алдымен адамдардың өмірі үшін қажет. Жыл сайын өкінішке қарай 2-3 адам газдан уланып, қайтыс болып жатады. Мәселен, біреу желдеткіш каналды жауып қояды, тағы бірі газ қондырғысын дұрыс пайдаланбайды. Көбіне иіс сезілмей қалады да, адам уланып қалады.

Тағы бір қауіпті жайт, кейбір тұрғындар асханасын жиһазбен әрлеп, газ есептегіш құрал мен қуыр, тіпті желдеткіш канал тесігіне дейін шкафпен жауып тастайды. Бұл да қауіпті, себебі ондай жерде ауа айналымы болмайды. Салдарынан газ жиналып, жарылыс қаупін тудырады. Кейде «әдемі көрінсін» деп жасалған мұндай әрекеттердің соңы үлкен қайғыға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Сондай-ақ түтін мұржаларының тазаланбауы да үлкен қауіп көзі. Жаз айларында құстар ұя салып тастайды, қыста түтін жолын жауып қояды. Мұндай жағдайлар да адамдардың уланып, қаза болуына әкелуде. Сондықтан газ қондырғыларын уақытылы тексертіп, түтін мұржаларын тазалатып отыру әрбір тұтынушының тікелей міндеті екенін халыққа үнемі ескертіп отырамыз.

Бірде бір үйде түтін сыртқа шықпай қалып, отбасы мүшелері қаза тапқан жағдай болды. Міне, осындай оқиғалардың бәрі жауапкершіліктің жоқтығынан болады. Өйткені ешкім мұны тексермейді, мұржаны да ешкім бақыламайды. Егер адамдар түтін жүретін қуырды өздері тазалап алса мейлі ғой, бірақ оны ешкім тазаламайды. Әңгіме осында жатыр. Қазір жеке үйлердің көбісі қолдан мұржа (гофра) қойып алған. Әрине, оны орната салу оңай. Бірақ ол да жыл өткен сайын тозады, бойында кішкентай жарықтар, байқалмайтын сызаттар пайда болады. Содан түтін аз-аздап бөлме ішіне тарайды, адам оны байқамайды. Сонымен қатар пеш тұрған бөлмеде ұйықтайтындар да бар. Осындай оқиғалардың соңы орны толмас өкінішке ұласып жатқан соң тұрғындарға заң жүзінде талап қойылды. Бірақ халық көбіне оны елегісі келмейді. Біз халық арасында бұған қатысты түсіндіру жұмыстарын да үздіксіз жүргізіп келеміз.

Жалпы газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдықтарының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Негізінде өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ жүйелері мен жабдықтарының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін білікті мамандарды тартып, арнайы аттестатталған ұйымдармен келісімшарт жасасуы қажет. Бұл талап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген. Сол секілді коммуналдық-тұрмыстық және жеке тұтынушылар да газ тарату немесе газ жеткізетін ұйымдармен, сондай-ақ тиісті рұқсаты бар мамандандырылған мекемелермен келісімшартқа отыруы тиіс. Сонымен қатар тұрмыстық баллондардағы сығылған мұнай газын пайдаланатын азаматтар газ жеткізетін ұйыммен немесе газ құю бекетінің иесімен келісімшарт рәсімдеп, өз жабдықтарына тұрақты техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.

– Газ бағасы биыл қанша теңгеге қымбаттады және алдағы уақытта тариф бағасы өзгеруі мүмкін бе?

– Қазақстанда газ тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Бұрын 15-18 миллиард текше метр газ өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 24 миллиардқа жеткен. Өндірілген газдың бір бөлігі Қытайға қымбат бағада экспортталатын, Алайда бүгінде экспорт тоқтап, ішкі нарықтың қажеттілігіне бағытталды. Соған қарамастан, баға тұрақты деңгейде ұсталып отыр. Мұның себебі «QazaqGaz Aimaq» компаниясына қаржысы жұмсалуынан. Мәселен, компанияға жылына шамамен 200 миллиард теңге газдың бағасын ұстап тұру үшін қолдау көрсетілсе, оның ішінде біздің облысқа 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталады.

Жалпы Қазақстан әлемде газ бағасы ең төмен елдердің бірі. Алайда іс жүзінде газды өндіру мен оны ел ішіне жеткізу құны ішкі сатылым бағасынан 60-70 пайыз қымбатқа түседі. Соның салдарынан газ саласы жыл сайын үлкен шығынға ұшырап отыр. Соңғы 10 жылда ұлттық компания ішкі нарықтағы төмен бағаны ұстап тұру үшін бюджеттен және өз кірістерінен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Жыл сайын қазақстандықтардың газ тұтынуы артып келеді, сәйкесінше шығын да өсуде. Бұрын ішкі шығындарды өтеуге мүмкіндік берген газ экспортынан түсетін кірістер азайып барады.

Қазіргі және алдағы жылдары елді газбен тұрақты қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, газ құбырларын салу және жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру, газ өңдейтін зауыттар мен электр стансаларын газға көшіру кезек күттірмейтін мәселе. Бұл әсіресе энергия тапшылығы бар аймақтар үшін өте маңызды. Сонымен қатар елді мекендерді газға қосу ісін жалғастырып, халыққа тұрақты жеткізілімге кепілдік беру басым бағыттың бірі.

Газ бағасын нарықтандыру мәжбүрліліктен туындаған амал, өйтпеске болмайды. Егер бұл мәселе кейінге шегерілсе, 2030 жылдан кейін бағаның күрт өсуі мүмкін немесе бюджеттен тағы да миллиардтаған қаражат бөлуге тура келеді.

«Неліктен біздің облыста бағаны 21 пайызға көтеру қолға алынды?» деген сұраққа келсек, себебі алдағы жылдары елде газ тұтыну көлемі 2 есе өседі деп күтілуде. 2024 жылы еліміздің тұтыну көлемі 20 миллиард текше метрді құраса, 2028 жылы бұл 32,1 миллиард текше метрге жетпек. Мұндай тапшылықтың алдын алу үшін жаңа кен орындарын іске қосып, қосымша газ құбырларын салу қажет. «KPMG» компаниясының есебіне сәйкес, газ саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту үшін газ бағасы жыл сайын көтеріліп отыруы тиіс. Өңірлерді газға қосу, халыққа үздіксіз жеткізу, электр стансаларын көмірден газға ауыстыру, экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ газды терең өңдеу үшін ауқымды инвестициялар тарту еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін негізгі міндет болып отыр.

– Біздің өңірдің газ тұтыну көлемі қанша және «Амангелді» кен орны сұранысты қанағаттандырып жатыр ма?

– Өңіріміздің газ тұтыну көлемі шамамен 2 миллиард текше метрді құрайды. Оның ішінде «Амангелді» кен орны жылына 300 мың текше метрден астам газ шығарады, бұл жалпы қажеттіліктің небәрі 15 пайызын ғана жабады. Қалған бөлігі сырттан жеткізіледі. Соған қарамастан, Жамбыл облысындағы көгілдір отын бағасы Шымкент, Түркістан, Алматы қалалары мен Алматы облысына қарағанда арзан.

«Амангелді» кен орнында соңғы жылдары барлау жұмыстары жалғасып, жаңадан бірқатар учаске ашылды. Өткен жылы 3 жаңа ұңғыма бұрғыланып, газ өндіру ісі жанданды. Дегенмен 700 миллион текше метр газ өңдейтін зауытта 300 миллион текше метр ғана газ өндірілді. Бұл көлем облыстың толық қажеттілігін жаба алмайды. Қазір мұнда жалпы саны отызға жуық ұңғыма бар.

Негізінде біздің өңірдің газ жүйесінде жергілікті өндіріс пен сырттан жеткізілетін өнім қатар қолданылып отыр. Аймақтағы жағдайды көршілес елдермен салыстырсақ, Өзбекстанның өзі бүгінде газ тапшылығын сезініп, сырттан қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Қырғызстан да, басқа да ТМД мемлекеттері Ресейден жоғары бағамен газ алып отыр. Әлемдік нарықта газ құны кемінде Еуропа елдерінде 400-600 доллар деңгейінде, ал кей жылдары мың долларға дейін жеткен болатын. Осыған байланысты Үкімет жоғарыда сөз еткеніміздей газ саласына инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту мақсатында тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру бағдарламасын қолға алды. 2025 жылы Жамбыл облысында баға 21 пайызға көтерілді. Кейбір облыста өсім 25-31 пайызға дейін жетті. Ал жекелеген аймақтарда бұл көрсеткіш 33 пайызға дейін артқан. Мұның барлығы газ саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Облысқа жеткізілетін газдың құны 51 теңгені құрайды. Біз оны қосылған құн салығын қосқанда 44 теңгеден өткізіп отырмыз. «QazaqGaz Aimaq» компаниясының шығыны 27, 2 миллиард теңге болып қалыптасты. Өзіндік құны мен жеткізу шығынын қосқандағы бағадан газдың бір текше метрі арзанға сатылуынан пайда болған шығындар компанияның есебінен жабылуда.

– Биыл «QazaqGaz Aimaq» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Компанияның мерейлі мерейтойы қалай аталып өтуде?

– Мерейтой жоғары деңгейде аталып өтуде. Биыл Жұмысшы мамандықтары жылы болғандықтан барынша қарапайым жұмысшыларға көңіл бөлінуде. Астана қаласында компанияның 25 жылдығына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылып, 1 жұмысшымыз «Құрмет» орденін иеленді. Жақында ғана облыс әкімінің қолынан 15 адам Құрмет грамотасын алды. Компанияның Жамбыл өндірістік филиалы да лайықтыларға құрмет көрсетуде.

Облысымыздағы негізгі іс-шаралар осы айдың 12-сіне жоспарланған. Оған мұнай-газ саласының ардагерлері шақырылатын болады. 20 жылдан артық еңбек өтілі бар жұмысшыларға «QazaqGaz Aimaq» компаниясының 25 жылдыққа арналған мерекелік медалі тапсырылады. Бұл ретте іс-шараға облыстың газ саласындағы «Интергаз Орталық Азия» және «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалы мен «QazaqGaz Өнімдері», «Азия Газ құбыры», «QazaqGaz Барлау және Өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы шақырылады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кешегі Жолдауында цифрландыру ісіне айрықша тоқталды. Сіздер саланы цифрландыру бағытында қандай шаруа атқарып жатсыздар?

– Қазір біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз, салаға сәт сайын бір жаңашылдық енгізілуде. Мысалы, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы есепті кезеңнің соңында бақылау көрсеткіштерін мобильді қосымша арқылы беру жобасын қолданысқа енгізіп отыр. Енді өңір тұрғындары есептегіш көрсеткіштерін аталған қосымша арқылы жолдай алады. Бұл жаңашылдық тұтынушылар үшін көптеген артықшылық береді. Атап айтқанда, әр айдың 25-інен есептік кезеңнің соңына дейін көрсеткіштерді нақты әрі уақытылы тапсыруға мүмкіндік бар. Филиал қызметкерлері күн сайын деректерді бақылап отырады, ал көрсеткіштер автоматты түрде «1С Биллинг» жүйесіне жүктеліп, тұтынылған газ көлеміне сәйкес төлем шоттары қалыптастырылады. Алдын ала сынақ нәтижелері бойынша біздің облыста 23 мың газ тұтынушысы «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасын жүктеп, олардың 14 мыңы есептегіш көрсеткіштерін сәтті жолдады. Алдағы уақытта да облыс тұрғындары қосымшаны жүктеп, есеп құралдарының көрсеткіштерін дер кезінде беруге қолдау танытады деп сенеміз. Өйткені, бұл жобаның толық іске асуы тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Осы жаңашылдықтың ойдағыдай жүзеге асуына тұрғындар бір кісідей атсалысса деген тілегіміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ