Атқарылатын жұмыстар айқындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру маңызды мәселе. Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен актив жиыны өтті. Онда аталған Жолдауда айқындалған тапсырмалар мен стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған міндеттер сараланып, алдағы атқарылатын жұмыстар реті талқыланды. Басқосуға жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Жиында Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы ел экономикасын жаңғыртудың басты тетігі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытын айқындап бергенін, бұл еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік басқарудағы бюрократияны азайтуға, тиімділікті көтеруге және жүйеге сапалы серпін беруге жол ашатынын сөз етті.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сануғаш Абдралиеваның айтуынша, өңірде ауылшаруашылығы саласын дамытуға 32,4 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінген. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 13 жоба жүзеге асырылмақ. Шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы өнім шығару көлемі 323,3 миллиард теңгені құрап, бұл көрсеткіш 106,1 пайызға жеткен. Қазіргі таңда облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 107,8 мың бірлікті құрайды екен. Онда 163,5 мың адам еңбек етуде.
Жолдауда айқындалған 7 бағыт аясында атқарылатын жұмыстарды баяндаған Сандуғаш Ермаханқызы алдағы уақытта облыстың стратегиялық және бюджеттік жоспарлау саясаты Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді орындауға бағытталатынын атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңдегі негізгі бағыттары айқындалды. Президент барлық саланы заманауи талаптарға сай жаңғыртуды, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды стратегиялық басымдық ретінде белгіледі. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Smart Region стратегиясы әзірленуде. Бұл құжат облыстың барлық аудандарын және елді мекендерін қамтып, әлеуметтік-экономикалық салаларды толық цифрландыруға бағытталған.
Жалпы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық бастамалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін көтеруге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», – деді.
Сондай-ақ Шалқар Болатұлы өзге де салалардағы жетістіктерді сөз етті. Өз кезегінде облыс әкімі аталған басқарма басшысына цифрландыру ісінде жұмыс нәтижелі болуы үшін жаңа ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
Бұдан кейін жиында бірқатар басқарма басшысы баяндама жасап, өз салалары бойынша жеткен жетістіктер мен жоспарлы жұмыстарға қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті.
Жиында аймақ басшысы: «Бізге артылған жүк ауыр, оған барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Жолдау жүктеген міндеттер аясында іске асырылатын нақты шараларды айқындап берді. Жолдаудан туындайтын экономикалық және әлеуметтік міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын тапсырды. Осыған сәйкес республикалық деңгейде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленуде. Облыстық деңгейде де тиісті жоспар жасалып, оның орындалуын қамтамасыз ететін боламыз, – деді Ербол Қарашөкеев
Аталған жоспарлы жұмысты үйлестіру экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырылып, бақылау міндеті облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке жүктелді.
Аймақ басшысы әріптестерін бірлесе еңбек етуге шақырып, басты мақсат – азаматтардың тұрмысында Жолдаудан туындайтын нәтижелердің нақты сезілуі екенін ерекше атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды барлық мемлекеттік органдар бірлесе атқаруы тиіс екенін баса айтты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ