Жаңалықтар

Қазақстан, Сингапур және Ұлыбритания Халықаралық тәрбие ұйымын құрады

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Астанада өткен дөңгелек үстелде Азия, Еуропа және Қазақстан сарапшылары президенттік «Адал Азамат: біртұтас тәрбие» бағдарламасын талқылады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, екі жыл ішінде бағдарлама аясында алты бағыт пен 77 қадамнан тұратын біртұтас тәрбие экожүйесі қалыптасты. Тәрбие жұмысына сынып жетекшілері, ата-аналар және психологиялық қызмет белсенді тартылып отыр.

2023 жылдан бері мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ал өңірлерде Психологиялық көмек орталықтары жұмыс істейді. Нәтижесінде ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысуы үш есеге артқан. Қарашада «мектеп – ата-ана – қоғам» ынтымақтастығын күшейтетін алғашқы Республикалық форум өтпек.

Министрдің айтуынша, мектептің басты міндеті – білім берумен қатар, адалдықты, әділеттілікті, еңбекқорлық пен жауапкершілікті дәріптейтін «Адал Азаматты» тәрбиелеу. Бағдарламаның құндылықтары оқу процесіне, пәндер мазмұнына және сыныптан тыс іс-шараларға енгізілген. Сонымен қатар, мектептерде бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілуде.

Халықаралық сарапшылар қазақстандық тәжірибені жоғары бағалады. Ұлыбритания профессоры Том Харрисон оны ұлттық құндылықтар мен жаһандық үрдістердің үйлесімі деп таныса, сингапурлық профессор Ляо Шао Цзюнь дәстүр мен инновацияны қатар дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Іс-шара қорытындысында Қазақстан, Сингапур және Ұлыбритания бірлесіп Халықаралық тәрбие ұйымын құруға уағдаласты.

Бағдарлама Мемлекет басшысының «Адал Азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасына негізделген. 2023 жылдан бастап ол елдегі барлық мектептерде, соның ішінде жекеменшік білім ұйымдарында да іске асырылуда.