Жаңалықтар

Конституция – құқықтық мемлекеттің іргетасы

Конституция – бұл мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің негізін қалайтын, ең жоғарғы заңдық күші бар акт.

Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттің тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, басқару нысаны, билік тармақтарының бөлінісі және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары нақты айқындалған. Конституциялық нормалар бүкіл құқықтық жүйенің қайнар көзі болып табылады және барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұнына негіз қалайды.

Сот билігінің өкілі ретінде атап өтетінім: Конституция сот төрелігін жүзеге асырудың басты қайнар көзі болып табылады. Әрбір сот шешімі Конституция нормаларына сүйенуге тиіс. Бұл – әділдікті қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі.

Конституцияға құрметпен қарау – құқықтық мемлекет қағидаттарына адалдықтың белгісі. Әрбір азамат Конституциядан өзінің құқықтары мен міндеттерін табады, ал мемлекеттік органдар өз қызметін осы Негізгі Заңға толық сәйкестікте атқаруға міндетті.

Қорытындылай келе, Конституция – мемлекеттіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ететін, азаматтық қоғамның дамуына құқықтық негіз беретін іргелі құжат. Оны мүлтіксіз сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Гульжамал ТАЖИЕВА,

Жамбыл облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы