Жаңалықтар

Алматының Орталық стадионы УЕФА талаптарына сай дайындалды

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматының Орталық стадионы халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Оның айтуынша, футбол алаңы, жарықтандыру жүйесі, киім ауыстыратын бөлмелер, командалар мен төрешілерге арналған аймақтар аттестаттаудан өтіп, жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдауға мүмкіндік бар.

Бұған дейін стадионда сынған орындықтар мен ескірген санитарлық тораптар сынды кемшіліктер байқалған. Бұл жағдай спорт нысанының ескіруімен қатар, кейбір көрермендердің стадион мүлкіне ұқыпсыз қарауынан да туындаған. Әдетте ойындардан кейін көптеген орындықтар жарамсыз күйге түсетіндіктен, оларды жүйелі түрде тексеріп, ауыстыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Қазір бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Орындықтарды қалпына келтіру, аумақты абаттандыру аяқталды. Бұрын санитарлық-гигиеналық тораптарға тек жеңіл жөндеу жасалса, қазір күрделі жөндеу жұмыстары басталған.

Алдағы «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы үшін Орталық стадион толық дайын: тазалық пен қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, барлық халықаралық нормаларға сәйкестік қамтамасыз етілген.