Тоғызкентте өрт сөндіру бекеті ашылды
Соңғы жылдары әрбір ауылдық округте ерікті құтқарушы жасақтары құрылып, жергілікті жерде алғашқы көмек көрсететін құрылымдар күшейтілуде. Мұның айқын дәлелі – Сарысу ауылында жақында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті. Игі бастаманың жалғасы ретінде Тоғызкент ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пункті іске қосылды.
Жаңа нысан республикалық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Сонымен бірге «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен де үндесіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне қызмет етпек. Сондықтан да бұл оқиға жергілікті халық үшін үлкен қуаныш.
Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы келіп, елге жүрекжарды лебізін жеткізді.
Нысанның лентасын Шыңғыс Әрінов, Қанатбек Қайшыбекұлы және медицина саласының ардагері, Жаңатас қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев қиды.
Мұндай бастамалар жалғасын тауып, ерікті құтқарушылар жасақтарының жұмысы кеңейе берсе, өңірдің қауіпсіздігі де, елдің көңілінің тыныштығы да арта түспек.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ