Балықшылар бәсекесі
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне ерекше үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевты еске алу, ерен еңбегін насихаттау мақсатында ел ешінде жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жуырда саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған көрнекті қайраткерді еске алу мақсатында Шу ауданында кәсіпқой және әуесқой балықшылар арасында дәстүрлі дода өтті. «Балық Fest SHU» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бұл жарыс биыл бесінші мәрте жалауын желбіретіп отыр.
Алыс-жақыннан жиналған қармақ ұстаған қауым «Тасөткел» суқоймасына жиналып, бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, бәсекеге бел буған елуге тарта қатысушыға сәттілік тіледі. Сондай-ақ іс-шараның мән-маңызы жоғары екенін атап өтіп, қазақ халқының біртуар перзентіне құрмет көрсету арқылы өткен күннен өнеге алатынымызды алға тартты.
Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жұмахан Чекаевтың айтуынша, биылғы жарыста есімі республикаға белгілі фотожурналист Петр Норкин және су және балық шаруашылығы саласында зор еңбек сіңірген Әділхан Омаров атындағы арнайы жүлде енгізіліп отыр. Осы іс-шара үшін Петр Норкиннің жары Мәскеуден арнайы ұшып келіп, 90 мың теңгеге демеушілік жасаса, Омаровтар отбасы әке атын асқақтатып балықшыларға қажетті бағалы сыйлықтар ұсынды.
Күн ұзаққа созылған балықшылар бәсекесі табысты тәмәмдалды. Іс-шара соңында алыс-жақыннан келген меймандарға ақ дастарқан жайылып, бата жасалды. Дүниеден озған есіл ерлер еске алынып, дәм басында ізгі лебіздер айтылды.
Аяжан ЖҰМАХАН,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің ІІ курс студенті