Жаңалықтар

Әскерден – аудиторияға

Тараз қаласының тұрғыны Әбиірбек Тұрсынбеков Отан алдындағы борышын өтей жүріп мемлекеттік білім грантын иеленген жастардың бірі. Ақтаудағы теңіз жаяу әскері қатарында борышын өтеп, отбасына тек жаңа тәжірибе мен шыңдалған мінезбен ғана емес, сондай-ақ еліміздің беделді университетінде оқу мүмкіндігімен оралды.

Әбиірбек 2023 жылдың күзінде Тараз қаласынан әскерге шақырылып, өз ықыласымен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған. Әскери міндетін өтеуге шақырылған жастар Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бригадасына жеткізілгенде, ол екінші артиллериялық дивизионның құрамына қабылданып, артиллериялық барлау бөлімшесінің командирі болып бекітіліпті.

Сондай-ақ кейіпкеріміздің жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен тәртібі ескеріліп, 2024 жылы «Sarbaz 2.0» бағдарламасы арқылы мемлекеттік білім грантын иеленген екі мыңнан астам сарбаздың қатарына қосылды.

Бағдарлама 2023 жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама шақырылушыларға қызметтен кейін ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді. Үздік сарбаздар мемлекеттік грант иегері атанып, онлайн форматтағы тест тапсырып, құжаттарын «eGov» порталы арқылы өткізеді.

Әбиірбек осы байқаудан сүрінбей өтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Экономика және бизнес» факультетіне оқуға түседі. Таңдаған мамандығы – логистика.

Әбиірбектің әкесі Ақыл Тұрсынбеков те кезінде әскер қатарында болып, Отан қорғауды абырой санаған жан. Ұлының жетістігіне ерекше мақтанады.

«Sarbaz 2.0» бағдарламасы жастардың әскерге көзқарасын түбегейлі өзгертіп, болашаққа жол ашатын баспалдаққа айналды.

Осылайша бір жылдық қызмет оқудан қол үзіп қалу емес, қайта білімге жетелейтін жаңа мүмкіндіктің кілтіне айналғаны дәлелденді.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ