Жаңалықтар

ҚР Президенті: Түркия – Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі

ҚР Президенті: Түркия – Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі

Түркия - Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі. Бұл туралы Ақордада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөзден кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Arainfo тілшісі.

«Биыл Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Түркия Президентінің сапары осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бауырлас Түркия елімен тұрақты мемлекетаралық қатынас орнаттық. Биылдың өзінде жоғары деңгейдегі бірнеше сапар болды. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Менің мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Сол кезде Режеп мырза екеуіміз кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Түркия - Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі», - деді ҚР Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Ердоғанның екі ел ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. «Халқымыздың атынан бауырыма зор ризашылығымды білдіремін. Түркияның әлемдегі абырой-беделі өте жоғары. Сіздердің еліңіз жаһандық дағдарысты және аймақтағы мәселелерді шешу ісінде белсенділік танытып отыр. Біз түрік елінің экономика, білім беру, технология, сыртқы саясат және басқа салалардағы жетістіктеріне қуанамыз. Өздеріңізге әрдайым тілектеспіз», - деді Мемлекет басшысы.