Жол саласындағы жобалар «Цифрлық теңге» арқылы жүзеге асады
Бұл туралы маусым айының соңында Көлік министрі болып тағайындалған Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, теміржолдағы ірі жобаларды жүзеге асыру цифрлық теңгеге ауыстырылған әрі мұндағы қаржыландырудың бүкіл процесін Ұлттық банк реттейді. Сондықтан да бұл қаражатты нақты мақсатына сәйкес жұмсауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол осы жүйенің арқасында қаражатты аударудың барлық процесі ашық және бақылау оңай болатынын түсіндірді. Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп мұның бәрі қатаң бақыланады.
Айта кетейік, бүгінде елімізде тасымал және инфрақұрылым саласындағы стартаптар дамып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевдің хабарлауынша, бұл стартаптар арқылы жүктерді бақылау сервистері, келісімшарт жұмыстарын басқару жүйелері, тасымалдарды автоматтандыру және вагон паркін басқару платформалары жасап шығарылуда.