Жаңалықтар

110-180 мың теңге айлық: Мәжіліс депутаты мамандардың еңбекақысын көтеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке әлеуметтік сала мамандарының еңбекақысын өсіріп, жұмыс жағдайын жақсарту жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды arainfo.kz

Ол сауалды Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа бағыттады. Депутаттың айтуынша, еліміздегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы ахуал алаңдатарлық. Әсіресе ерекше балалармен жұмыс істейтін және қарттарға күтім жасайтын мамандардың айлығы тым төмен.

Мысалы, Астанадағы «Жансая» орталығында 640 бала ем қабылдаса, оларға 160 қызметкер көмек көрсетеді. Бірақ олардың орташа жалақысы небәрі 180 мың теңге. Өткен жылы бұл мекемеден 53 қызметкер жұмыстан кетсе, биылдың алғашқы жартысында тағы 28 маман кеткен. Ал «Шарапат» орталығында еңбек ететін қызметкерлер айына 110 мың теңгеден аспайтын жалақы алады.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізді:

  • әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру;
  • қосымша демалыс күндерін енгізу;
  • әлеуметтік сала мамандарын білім беру жүйесіндегі педагогтермен теңестіру;
  • жұмыс уақытын қысқарту;
  • жеңілдетілген ипотека мен жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қосу;
  • мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларында басым санатқа енгізу.