Сана саулығы- қоғам қауіпсіздігі
Денсаулығында ауытқуы бар адамдардың сан қырлы әлемін түсіну оңай емес. Олардың жүйкесі мен жанының үздіксіз шайқасы соғыс алаңы іспетті. Расында олардың ішкі дауысы не деп жатқанын біз, яғни сау адамдар естімейміз. Сондықтан олар көп жағдайда өз бойындағы күйзелісі мен үрейін сыртқа білдірмей, қалыпты кейіппен өмір сүруге тырысады екен. Олар неліктен кейде өзгеге қауіп төндіреді? Ерекше адамдарды қылмысқа, қатігездікке не итермелейді? Көп нәрсені түсіне қоймайтын, моп-момақан кейіпте жүрген жандардың, аяқ астынан агрессия танытып, түрлі қылмысқа барып, қауіп төндіретіні неліктен?
Медицина тұрғысынан алғанда, психикалық ауытқуы бар адамдардың қылмысқа баруы күрделі әрі көп факторлы мәселе болып қаралады. Мұндай жағдайға жауап та сан алуан, бір өлшемге салуға болмайды. Сондықтан медицина бірнеше негізгі себептерді алға тартады. Мәселен, шизофрения, биполярлы бұзылыс, паранойялық бұзылыстар, психоз сияқты кейбір ауыр диагноздар кезінде адамның шындықты қабылдау қабілеті бұзылады екен.
Ауруы асқынғандар айналаға қауіпті
Бүгінде адам біткеннің бәрінің қолында телефон. Әп-сәтте кез-келген жаңалық әлемді шарлап кетеді. Сондықтан барлық оқыс оқиға тез арада тарап кетіп жүр. Әлеуметтік желіде ауытқуы бар жандардың қолымен жасалған түрлі жантүршігерлік қылмыстар бүгінде бірінен кейін бірі жаға ұстатуда.
Бірде дүкен ішіндегі бейнебақылау камерасында еңгезердей ер адам жас келіншекті тоқтатып, әлденеге көмектесуін өтінгендей қол бұлғайды. Әйел бөгде еркектің «бір өтініші бар шығар» деген оймен қасына барғанда, жеңіне тыққан пышағымен бұрышқа тақап, бейәдеп сөздер айтады. Сосын өзімен бірге сыртқа шығуын талап етеді. Бір таңқаларлығы ол мұның барлығын әлдекім естіп қоймасын деген сақтықпен, сыбырлап айтып тұрады. Бұл бейнебақылауда анық көрінеді. Кейін белгілі болғандай бұл ер адамның ақыл-ойында ауытқуы бар болып шықты.
Тағы бірде дүкенде кезекте тұрған ер адамның алған затын толық төлеуге қаражаты жетпей қалады. Сонда ол артында тұрған әйелге бұрылып, тиын сұрайды. Ол әйел артық тиыны жоқ екенін айтқанда, әлгі қарыз сұраған кісі қалтасындағы бәкісін шығарып, әйелге екі-үш мәрте сұққылап алып, қаша жөнеледі. Бұл оқиғада да ер адамның денсаулығында ауытқу бар болып шықты. Сол секілді жасырын бір бейнекамераға түсіп қалған бейтаныс еркектің жас қызға қарсы жасаған әрекеті тіпті жантүршігерлік. Қыздың қасына келіп отырған әлгі адам жан-жағына қарағыштап, басқа ешкімнің жоқтығына көз жеткізген соң қалтасынан өткір зат шығарып, қыздың тамағын орып жібереді. Күре тамырынан шапшыған қанға қарамастан қалтасын тексеріп, ыржалаңдай күліп, ақшасын алып кетіп бара жатады. Бұл көріністе де егде адамның ақыл-ойында кемістігі бар екендігі анықталды.
Тағы бірде бір жасөспірім жігіт таяғына сүйеніп, әрең жүріп бара жатқан кәрі әжейді теуіп құлатып, өзі қарқылдап күледі. Әжей әзер қозғалып, орнынан тұра бергенде әлгі бала өрескел қылығын тағы қайталап, әженің артынан теуіп құлата береді. Сәлден кейін ғана осы аймақтан өтіп бара жатқан бір азамат көмекке келеді. Қарап тұрсаңыз әлгі жасөспірімнің ісі де сау адамның тірлігі емес. Бұл қоғамның қорғансыз мүшелерінің қолымен жасалған қылмыстық әрекеттердің бір парасы ғана. Әлеуметтік желілерде желдей ескен мұндай көріністер адамгершілік пен парасаттың құлдырағанының ащы дәлелі іспетті өріп жүр. Айналамызда мейірім мен ізгілік азайып, қатыгездікке бой үйретіп бара жатқандай күй кештік. Психикалық ауытқуы бар адамдардың қылмыс жасауы қоғамдық, медициналық, құқықтық жүйелер арасындағы үйлесімсіздіктен, бақылаудың болмауынан туындап отыр.
Мәселен, бойында ауытқуы бар адамды кім бақылауы керек? Олардың қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін екенін біле тұра, жалғыз жіберуге бола ма? Негізінен науқас ресми түрде тіркеуде тұрса, оны психиатр мамандар тұрақты бақылап, ем-домын жүргізуі керек емес пе? Жағдайы нашарлағанын байқаса, ерікті немесе мәжбүрлі түрде емханаға жатқызуы тиіс. Алайда көп жағдайда науқастың ауыратынын туыстарының жасырып жүруі де кездеседі. Ал негізінен олар дәрігерлермен бірге жағдайды бақылап, күдікті өзгерістерді ерте байқауы керек. Ондай жандар жалғыз немесе қолдаусыз қалғанда, әлеуметтік қызметкерлер оларды қоғамға бейімдеуге, материалдық көмек көрсетуге міндетті. Науқас қауіпті қылықтар көрсете бастаса, бұл учаскелік полиция инспекторының назарында болуы қажет. Кейде медициналық бақылаудан қашып, агрессорлық белгілері байқалса, құқық қорғаушылар әрекет етуі тиіс. Мысалы, биыл 11 ақпан күні бір ер адамның кішкентай бүлдіршінді лифтіде пышақтаған бейнежазбасы әлеуметтік желіде лезде тарады. Жантүршігерлік жағдай көпқабатты үйлердің біріндегі лифтіде орын алған. Қанды оқиғаның видеосы бақылау камераларына түсіп қалып, мессенджерлерге таралып кеткен. Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстап алған болатын. Бүлдіршінді жарақаттаған жасөспірімнің жасы 14-те болып шықты. Психоневрологиялық есепте тұрады екен.
Ал 23 тамыз күні сағат 20:15 шамасында Алматы қаласында 13 жастағы бір бала аулада ойнап жүрген екі жасар баланы көтеріп, артынша бар күшімен жоғарыға қарай лақтырып жіберген. Одан кейін ол құлағын жауып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы Зарина Сапар әлеуметтік желіде жазды. Заринаның айтуынша, дереу жедел жәрдем шақырылып, бала №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тек рентгенге түсіріп, қолына дәке байлап берумен шектелген. Анасы толық тексеріс жасауды сұрағанда, «балаңыз құспаса, талмаса, басына зақым түскен жоқ» деген жауап алыпты. Ол: «Оқиға орын алған уақыттан бастап арада 3 күн өтсе де, бірде-бір полиция қызметкері хабарласпады. Ал дүйсенбі күні барсам, арызым қабылданбайтынын айтты. Себебі 13 жасар баланың үстінен сот ісі жүргізілмейді екен. Сонда егер ол менің баламды өлтіріп қойса да, ешкім жауап бермей ме? Әділет қайда?», – дейді.
Оқиға орын алған күні кешке 13 жасар баланың ата-анасы кешірім сұраған. Олар «Балаңыздың еміне өзіміз көмектесеміз» деп уәде берген. Алайда келесі күні сөзінен тайқып, «Баланы тек қалалық аурухана қарайды, МРТ түсіруге болмайды» деумен шектелген екен.
Дертке дауа қайткенде қонады?
Біз көбіне қылмысты қасақана жасалған немесе айқын жоспарланған әрекет деп түсінеміз. Алайда психикалық ауытқуы бар жандардың кейбірі өз әрекетіне есеп бере алмай, қоғамдық қауіп тудыруы мүмкін. Денсаулығында ауытқуы бар адамдардың мұндай әрекетке не үшін баратынын психолог Мира Аспандиярдан сұраған едік.
Мұндай жағдайда жазалай салу әрине, оңай. Ал ең алдымен себеппен күресу қажеттігін ескеру керек. Психологтың айтуынша, әр мектепте, әр аудандық емханада, әр ауылда ерте диагностикалау мен оңалту жүйесі болуы тиіс. Психологтар мен психиатрлардың қызметі қолжетімді әрі тегін болғаны жөн. Міне, кінәлі тек бір адам ғана емес дегеніміз сол. Кінә бейқамдықта, селқостықта, жүйесіздік пен қатыгездікте жатыр. Сондықтан кінәні табудан бұрын, шешім іздеген дұрыс. Себебі әрбір ауытқуы бар жанның артында бейкүнә адам тұрғанын ұмытпаңыз. Ал кез келген адамға егер қол ұшын берсең өзгеруге, емделуге, өмір сүруге ұмтылатыны анық.
Ауру аяқ астынан қозады
Осы орайда психоневралогиялық орталықта ем алған бір әйелмен тілдесудің сәті түсті. Ол өзінің ем қабылдаған сәтте ғана жаны тыныштық табатынын жасырмады. Екі ұлы мен бір қызы бар келіншек бүгінде өзін жақсы сезінетінін жеткізді.
Психикалық ауытқуы бар адамдардың жасаған қылмысы туралы ислам діні не дейді? Дін ауытқуы бар жандардың әрбір ісіне терең мейірім мен әділдік қағидаттарына сүйеніп қарайды екен. Мұндай адамдардың әрекеті мен жауапкершілігі ақыл мен ниетке, яғни «қасақаналық» пен «ақыл-естің есебі» арқылы бағаланады. Шариғатта «Ақыл-есі дұрыс емес адамға Алла- Тағала жауапкершілік жүктемейді. Егер адам психикалық сырқатпен ауырса, шариғат оған күнә жазбайды, өйткені ол өзінің не істеп жатқанын білмейді» деп түйсінген.
Расымен де ерекше қажеттілігі бар адамдардың қылмысына кінәні тек науқастың өзінен емес, оны бақылаусыз қалдырған қоғамнан, отбасынан және жүйеден іздеу орынды екені дінде де айтылып тұр. Қараусыз қалып, ем қабылдамай жүрген, бақылауға алынбаған науқас қауіп көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан да мұндай жағдайдың алдын алу үшін мемлекет тарапынан жүйелі бақылау, амбулаториялық есепке алу, үнемі тексеру мен ем-дом жүргізу ісі жүйеленуі тиіс. Сонымен қатар отбасы мүшелері де науқастың жай-күйіне бей-жай қарамай, дәрігерлермен тығыз байланыста болуы керек. Құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер де осындай осал топтағы адамдарға мониторинг жасап тұрса, құба-құп. Қоғам ондай адамдарды оқшауламай, керісінше қорғап, бейімдеуге күш салуы керек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ