Жаңа салық кодексінде өзгеріс көп
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы орайда Қаржы министрлігінің мамандары аймақтарды аралап, ақпараттық түсідіру жұмыстарын жүргізуде. Сарапшылардан құралған топ мүшелері біздің облысқа да ат басын бұрып, жергілікті жұртшылықпен жүздескен болатын.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті әдіснама департаментінің директоры Ораз Абдрахмановтің сөзіне сүйенсек, жаңа Салық кодексі келер жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
– Ең әуелі корпоративтік табыс салығын төлеушілерден бастайын. Мәселен, бұл салық түрін төлеушілерге Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар, мысалы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам секілді мекемелер мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар (бейрезиденттер) жатады. Ал төлемейтіндердің қатарында мемлекеттік мекемелер, яғни әкімдіктер, мемлекеттік органдар бар. Бұрын жалпыға бірдей орта білім беретін мектептер де корпоративтік табыс салығын төлемейтіндердің қатарында еді. Алайда жаңа өзгеріс бойынша олар бұл жеңілдіктен шығарылып, осы салық түрін төлеуге міндеттелді.
Салықтың арнайы мөлшерлері салаларға қарай өзгеріп отыр. Барлық бизнеске қатысты негізгі мөлшерлеме жалпы табыстың 20 пайызы болса, банктік қызмет (бизнеске кредит беруден басқа) пен ойын бизнесіндегі жалпы мөлшерлеме 25 пайызды құрайды. Ауылшаруашылығы және балық шаруашылығы бойынша салықтық мөлшер 3 пайызға жетіп отыр. Егер кәсіпорын ауылшаруашылығы өнімін өндірсе, балық өсірсе және өз өнімін өңдеп, қайта өңделген өнімін сатса салықты төлеуге міндетті.
Салық кодексіндегі өзгерістердің бірі – инвестициялық салықтық жеңілдіктердің артуы. Бұл – кәсіпкерлерге инвестиция (жобаға ақша салу, жаңа құрал-жабдық алу, ғимарат тұрғызу, тағы басқа) жасаған кезде мемлекет беретін салықтық жеңілдіктер. Яғни, кәсіпкер салықты бірден төлей салмай, кейбір шығындарын есептен шығарып, салықты азайта алады. Жеңілдікті қолдану екі тәсіл бойынша жүзеге асады. Оны кәсіпкердің өзі таңдайды.
Бірінші жеңілдік мүлік ресми тіркелгеннен кейін іске қосылады. Екіншісі шығын шыққан сәттен бастап жүзеге асады. Яғни, тіркелуін күтпей, ақшаны жұмсағаннан кейін бірден есептен шығара алады. Ал енді негізгі өзгерістерге тоқтала кетейін. Енді жеңілдік берілетін нысандар қатарына бағдарламалық қамтамасыз ету де (софт) қосылды. Мысалы, компания жаңа ERP жүйесін, бухгалтерлік софт немесе өндірістік бағдарламаны сатып алса, ол да инвестиция болып саналады.
Бұрын жеңілдік алу үшін «инвестиция Қазақстанда алғаш рет енгізілуі тиіс» деген талап бар еді. Енді ол жойылды. Сондай-ақ ғимарат пен құрылыстар тек өндірістік мақсатта болуы керек еді. Бұл шектеу де алынып тасталды.
Сонымен қатар «Бақылау кезеңі» деген жаңа шарт енгізілді. Бұл кезеңде мемлекет инвестицияның дұрыс қолданылып жатқанын тексеріп отырады. Егер кәсіпкер алған активті, яғни құрал, техника, ғимаратты жалға берсе де жеңілдікті қолдануға болады.
Индексация немесе валюта бағамына байланысты түзетудің енгізілгені де жаңа Салық кодексінде көрсетілген. Мысалы, компания шетелден техника әкелу үшін 100,000 АҚШ долларын қарызға алды делік. Бұл қарыз теңгемен есептеледі. Бірақ доллар бағамы өссе, қарыз сомасы да артады немесе керісінше, бағам төмендесе қарыз азаяды. Осындай айырмашылық кіріс (табысы артса) немесе шығын (қарызы көбейсе) ретінде есепке алынатын болды. Бірақ бұл индексация сыйақы (пайыздық өсім) болып саналмайды. Яғни, бұл жай ғана валюталық бағамның өзгеруіне байланысты техникалық түзету деп айтылады,– деді Ораз Аманұлы.
Жаңа Салық кодексінде корпоративтік табыс салығы бойынша бірнеше жеңілдіктер алынып тасталған. Мәселен, мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мекемеден мүлік алған кезде құнға түзету енгізу мен банктің қарыздар бойынша міндеттемесін тоқтату кезіндегі табысқа түзету жасау жойылған. Сондай-ақ ұлттық компаниялар үшін бас және еншілес ұйымдар арасындағы мәмілелер бойынша сыйақыны шегерімге жатқызу жеңілдігі мен қаржы ұйымдарына төленетін сыйақылар бойынша өз қаражатынан төленген көзінен ұсталған салықты шегерімге жатқызу құқығы енді жоқ. Қайта ұйымдастыру кезінде инвестициялық салықтық преференцияларды қолдану жеңілдігі де алынған.
Тағы бір айта кетерлігі, қосылған құн салығын төлеушілерге де өзгерістер енгізілген. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа салынатын қосылған құн салығы 16 пайыз болады. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу түрлері үшке бөлінеді. Біріншісі, ерікті тіркеу, бұл барлық тұлғалар үшін қолжетімді. Екіншісі – міндетті тіркеу. Күнтізбелік жыл ішінде айналым белгіленген шекті мөлшерден асып кеткеніне қарамастан сенімгерлік басқарушы үшін қолданылады. Ал үшінші түрге жататын шартты тіркеу шетелдік компаниялар үшін енгізіледі. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Қосылған құн салығы бойынша 2026 жылдан бастап медициналық қызметтерге, дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға (ҚҚС-тан босатылғандардан басқа) төмендетілген салық мөлшерлемесі 5 пайыз болып белгіленсе, 2027 жылдан бастап бұл 10 пайызды құрайтын болады. Мұнымен қоса, келер жылы тұрғын үй (пәтерді) сатылса немесе жалға берілсе бұл бойынша да қосылған құн салығынан босатылмайды. Ораз Аманұлының айтуынша, бұрын пәтерді сатқанда немесе жалға бергенде қосылған құн салығы салынбайтын. Сондай-ақ салық органдары тұрғын үй құрылысына кеткен шығындарды (тауар, жұмыс, қызмет) бөлек есептеуді талап ететін.
Сондай-ақ департамент директоры жеңіл автокөліктің пайдаланылған мерзіміне қарай салық есептеу тәртібінің де өзгергенін тілге тиек етті. Оның мәліметінше, 10 жылдан асқан көліктерге салықты есептеу 0,7 коэффициенті арқылы, 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті арқылы қолданылады. Шаруа немесе фермер қожалығы бір пикап көлігі үшін (жүк платформасы бар, жүргізуші кабинасы бөлек) көлік салығын төлеуден босатылады. Енді көлікті пикап, джип, лимузин, фургон деп бөлу тоқтатылады екен. Көлік санаты жүргізуші куәлігінің категориясына (A, B, C, D) сәйкес анықталады.
Сондай-ақ қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл көліктерге арналған арнайы салық мөлшерлемелері де алынып тасталады (егер олар 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін Қазақстанда шығарылса немесе елге әкелінсе). Жер салығы бойынша да заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер енді ағымдағы төлемдер бойынша есеп бермейді. Тек жыл соңында декларация тапсырып, салық төлейді. Елдімекен шекарасына кірген ауылшаруашылығы жерлері ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылса, сол санаттағы салық мөлшерлемесі қолданылады. Егер ауылшаруашылық жерлері мақсатына сай пайдаланылмаса немесе заңды бұза отырып қолданылса, базалық салық мөлшерлемесі 40 есеге көбейеді. Бұл ереже жер иесіне немесе пайдаланушыға ескерту берілген күннен бастап күшіне енеді.
Осы тұста жауапты маман мүлік салығы бойынша да өзгерістер енгізілгенін мәлім етті. Оның дерегінше мүлік салығы бойынша салық сомасы 300 АЕК-тен аспаса тиісті төлемдер бойынша есеп тапсырудың қажеті жоқ. Салық төлеуші тек жыл соңында бір рет декларация тапсырады екен. Мүлікті қайта бағалау кемінде әр 3 жыл сайын бір рет жүргізілуі тиіс.
Жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер жалпылама жоғарыда айтылған ерекшеліктерге толы. Яғни заң аясында салық қарызының шекті мөлшері енгізілді. Аталған өзгеріс салық қарызы белгілі бір деңгейден асқан кезде ғана мәжбүрлі шаралар қолданылатынын білдіреді. Шекті мөлшер кемінде 20 АЕК болып белгіленеді. Сонымен қатар «Роялти» ұғымы нақты айқындалып отыр. Роялти бағдарламалық қамтамасыз етуді (бағдарламаны) пайдалану немесе оны пайдалануға құқық үшін төленетін ақы деген сөз. Бұған бағдарламаны жаңартуға арналған төлемдер де кіреді. Бірақ техникалық қателерді түзету, ақауларды жою немесе тек жөндеу үшін жасалған нұсқалар роялтиге жатпайды. Тағы да айта кетер бір жайт, жаңа заңнамада «Ноу-хау» ұғымы да енгізілген. Бұл ұғым құпия сипаттағы, кәсіпте немесе бизнесте құнды саналатын ақпарат дегенді білдіреді. Мұндай анықтама салық төлеушілермен болатын дауларды азайтуға көмектеседі.
Ақпаратты өңдеу қызметтеріне «рейтингілік қызметтер» де қосылған. Рейтингілік қызметтер дегеніміз белгілі бір объектінің немесе құбылыстың маңыздылығын сандық немесе реттік көрсеткіш арқылы бағалау және «Сыйақы» ұғымы да нақтыланған. Бұрын дау тудырған қарызды индекстеу сомалары енді сыйақыға жатқызылмайды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ